©
Жуырда облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен Ақтау қаласындағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында облыстық олимпиада өтті.
Дарынды студенттерді анықтау мақсатында өткен олимпиада 2 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар қазақ тілі және әдебиеті, қазақстан тарихы, математика пәндері бойынша сауалдарға жауап берсе, екінші кезеңде тест тапсырды.
— Олимпиаданың мақсаты – колледждің бітіруші түлектерін ұлттық бірыңғай кешенді тестілеуден өтуге дайындау, оларға қолдау көрсету мен техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін насихаттау. Іріктеу кезеңге 22 колледжден 663 студент қатысты. Одан І,ІІ және ІІІ орын иеленген 66 жеңімпаз олимпиадада білімін сынауға мүмкіндік алды. Оның 20-сы математикадан, 22-сі қазақ тілі және әдебиетінен, 24-і қазақстан тарихынан білім деңгейін анықтайды. Әділқазылар қатарында облыстық оқу-әдістемелік және қосымша білім беру орталығы, Ақтау қалалық білім үйлестіру орталығының әдіскерлері, қаланың мектеп, лицей, гимназияның жоғары санатты мұғалімдері бар, — деді облыстық техникалық және кәсіптік білім беру оқу әдістемелік кабинетінің әдіскері Таңатар Нұрманов.
Білім байқауынан сүрінбей өтіп, жоғары нәтиже көрсеткен жеңімпаздар дипломдар және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Х.ОРЫНБАЙҚЫЗЫ Суреттерді түсірген автор