Маңғыстау ауданында мал базар ашылды
[ 2017 ] 5 шілде, 05:26 | Жаңалықтар
Төрт түлік мал – халқымыздың ең басты байлықтарының бірі. Өйткені күнделікті тіршілігінің бір бөлігіне айналған мал жағдайын жасау үшін жаз жайлауға, қыс қыстауға көшкен ел несібесін осы төрт түлік малдан айырған. Ел игілігі үшін Елбасының салиқалы саясаты арқасында бизнестің көзін табу мақсатында қаншама жобалар мен идеялар қолға алынып, жүзеге асырылып жатқаны шыққан күндей шындық.
Бүгінгі таңда ел экономикасының қозғаушы күшіне айналған шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан ерекше қолдау көрсетілуде. Еліміздегі жүргізіліп жатқан мемлекеттік бағдарламалар аясында ауылшаруашылық саласы да ілгері дамып келеді. Аудан тұрғындарының басым көпшілігінің күнкөрісі мал шаруашылығы екендігі белгілі.
Жуырда аудан орталығынан бой көтерген Сегізбай ата «SA service» ЖШС көп салалы өндірістік базасына тиесілі мал базары салтанатты түрде ашылды. Оған аудан әкімі Ж. Айтуаров, аудандық мәслихат хатшысы А.Сарбалаев бастаған топ арнайы барып жиналғандардың қуанышымен бөлісті. Дәулеті мен сәулеті жарасқан мал базарының лентасын аудан әкімі Ж. Айтуаров пен Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қызметкері О. Тоғжанов қиған соң, ақжаулықты әжелер шашу шашып, көпшілік жаңа нысанның ішін аралады. Халық үшін маңызы зор игілікті істі қолына алған кәсіпкер Мұхтар Қармысов ойлаған мақсатын жүзеге асыру үшін бұрынғы кеңес үкіметі уақытында салынып, бүгінде тозығы жетіп тұрған «ЖЭУ» өндірістік нысанын қайта жаңғыртып, мал базарын ашты. Сегізбай ата «SA service» ЖШС аумағы бірталай жерді құрайтын алаңда мал ұстайтын орындар жасалған. Қазіргі таңда бұл жерде 7 адам жұмыс жасауда. Болашақта 15 – 20 аудан тұрғынын жұмыспен қамтудыкөздеп отырған кәсіпкердің айтуынша, болашақта бұл жерде төрт түлік малдың барлығын сатып алуға мүмкіндік болады. Тұрғындардың да сататын малын анда – мында тасымалдамай, осында әкеліп қоюуына мүмкіндіктер қарастырылған. Оның үстіне таңдап, сатып алған малын белгіленген ақыға сәйкес сойып беретін қызмет түрі де ұсынылады. Мысалы, арнайы жабдықталған орында қасапшылар екі мың теңгеге уақ жандықты сойып, ішек – қарнын аршып, басын үйітіп берсе, ірі қараға қатысты мұндай қызмет түрі үшін төленетін ақы жылқы мен сиыр малы үшін 5 мың теңге болса, түйеге 7 мың теңге болмақ.
Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңына сәйкес мал союды ұйымдастыру, мал базары мен ондағы малды сою осы жерде заң бойынша жүргізілмек. Алдын – ала сатып алынған малды қоятын орны жоқ адамдардың қажет уақытына дейін осы жерге ұстауына болады. Ол үшін малды күтіп – бағатын адамдары да, жем – шөбі де дайын.
Бұл, әрине, көпшілікті қуантатын жәйт. Бұл мал базарының байыпты жұмыс жасауы рет-ретімен ауданның экономикалық дамуына оң ықпалын тигізері сөзсіз.
М.БЕКЕН
1770
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.