Аймақта жыл басынан бері 120 өрт оқиғасы орын алып, салдарынан 3 адам қаза тапса, 11 адам әр түрлі дене жарақатын алған. Тілсіз жаудың шығын көлемі 131 миллион теңгені құрап отыр. Бұл жайында Маңғыстау облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының ақпараттандыру тобының аға инженері Жолдыбек Бисенбеков мәлімдеді. -Өткен жылы дәл осы кезеңде 100 өрт оқиғасы орын алған болатын. Одан бөлек 2016 жылдың маусымында Маңғыстау және Түпқараған аудандарында 3 далалық жану жағдайлары тіркелді. Жанған жер көлемі 46,5 гектар аумақты алды. Ал, биылғы жылдың алты айында тұрғын үйлерде-53, автокөліктерде-42, бақылаудағы объектілерде-19 өрт оқиғасы орын алып отыр. Яғни, өрт оқиғасы 20 %-ға көбейді. Өрт оқиғасының алдын алу бағытында облыста әр түрлі бағытта жұмыстар ұйымдастырылған. Қазіргі таңда басқарма жергілікті атқарушы органмен бірігіп Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр және Таушық ауылдарында өрт бекеттерін құрды. Одан бөлек Қарақия ауданындағы Сенек ауылында және Маңғыстау ауданындағы Сай-Өтес ауылында өрт бекеттерін құру жұмыстары қолға алынды. Сондай-ақ облыс бойынша 348 адамы бар 36 ерікті өртке қарсы құрылымдар құрылды, олар 2 өрт техникасы мен қажетті құрал-жабдықтармен жарақтанған. Тұрғын үйлердегі өрт санын азайту мақсатында өрт қауіпсіздігі нұсқаулығы таныстырылған 13 мың адамды қамтыған үш мыңнан аса жекеменшік жер үйлерді аралау жүргізілді. Білім басқармасымен бірігіп 301 мектепте 11 мыңнан астам адамды қамтыған онлайн режимінде 35 интерактивті сабақ өткізілді. Жаз айы өрт қаупі жоғары мезгіл, осы уақыттарда өрт оқиғасы көп тіркеледі. Сондықтан да тұрғындарды сақ болуға, өрттің алдын алу бағытында жұмыстануға шақырамыз,-деген Жолдыбек Бисенбеков бүгінгі таңда Ақтау қаласында 499 өрт сөндіру гидранты есепке алынғанын, оның 132-сі істен шыққанын айтты.
Венера МИРЛАН