©
Биылғы 9-мамыр күні Маңғыстау облысының прокуроры Дастан Сартаев Ақтаудың 27-шағын аданында тұратын соғыс ардагері Даражат Қожановтың шаңырағына барып, Отан соғысының 72 жылдығымен құттықтағанын сайтымызыда жариялаған едік. 1943 жылдың наурыз айында жеті жылдық білімі бар Даражат Мыңтұрғанұлы әскер қатарына қабылданған. Алдымен Астрахань, Орынбор қалаларында әскери дайындықтан өтіп, сол жылғы қараша айында Мәскеу түбіндегі Кунцево темір жол стансасы жанында орналасқан артиллерияшылар дайындайтын полк мектебінде 1944 жылғы маусымға дейін оқып, содан соғысқа аттанып кете барған ол Брест қаласына пойызбен келіп, Висла өзенінің жоғарғы тарауына орналасып, 8 күн бойы артиллериялық шабуылда болды. Күзде шабуылмен Варшава қаласының үстімен Одер өзенінен өтіп, қалың орман ішінде бүкіл полкпен бірге ақтық шешуші артиллериялық дайындықта болды. Содан 1945 жылғы 16-сәуірде Берлин қаласына тікелей шабуылға шығады. Маршал Жуков басқарған 1-Беларусь майданының №79 атқыштар корпусының құрамында болған жерлесіміз 1945 жылдың 30-сәуірінде Берлин қаласының қақ ортасына түсті. 8-мамырда олар Магдебург қаласына өтіп, орман ішіне орналасады. Ал ертеңіне, даңқты 9-мамыр күні корпустың парады болып, сол күні бұл полкке №79 Берлин атындағы зениттік атқыштар копусы деген атақ берілді. Төрт жыл бойы Қызыл Әскер қатарында болған Даражат Қожановтың жыл жарымдай уақыты Берлинде өткен екен. Гвардия лейтенанты деген әскери шені бар ол соғыс жылдарында «Қызыл жұлдыз» және «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі», «Варшаваны азат ету», «Берлинді басып алу» медальдарымен марапатталған. Соғыстан кейін Даражат Мыңтұрғанұлы «Алғабас», «Чапаев» ұжымшарларында автокөлік жүргізушісі болып еңбек ете жүріп, Атырау (Гурьев) және Қазалы қалаларындағы ауыл шаруашылығы техникумдарын оқып, бітіріп алады. Білікті маман атанған ол «Чапаев» ұжымшарының шаруашылық саласында бас инженер, кейін «Бозашы» кеңшарында қой фермасының меңгерушісі, техника қауіпсіздігінің инженері сияқты көтеген жауапты қызметтерді атқарып, еңюегінің зейнеті мен бала-шағасының қызығын көріп отыр. Шүкір, «Батыр Ана» атанған өмірлік жары Шархат Бегімқұловамен бірге он баладан тараған ұрпақтары мен ағайын-туыстың ортасында. Алайда, сол күні қонақтар «әттеген-ай» дегізген ұнамсыз жайттан хабардар болды. Бұл— талай фашисті жер жастандырып, Берлинге дейін қуып тыққан ержүрек жауынгердің ерлік еңбегі ұрпақ алдында еленбей, осы күнге дейін бір бөлмелі пәтердің бөлінбегендігі еді. Ал ардагер тұратын пәтер 5-қабатта. Күш-қуаты күннен күнге кеміп, қарттық жеңіп бара жатқан қария баспалдақтан түсіп-шығудың қиындығынан далаға шыға алмай, таза ауа жұтудан қалған-ды. Мән-жайға қаныққан Дастан Сартаев бұл мәселені қарастырып, егер заңды болса, ардагер қарттың бір арманының орындалуына көмектесетініне сендірген болатын. Жақында облыс прокуроры Дастан Шаймерденұлының ықпалымен Ұлы Отан соғысының ардагері Қожанов Даражатқа Ақтау қаласының 32«а» шағын ауданынан тұрғын үй берілгендігі туралы сүйінші хабар алдық. Облыс прокуроры Дастан Сартаев 91 жастағы соғыс ардагерінің жаңа үйіне құттықтап барып, лебізін білдіріп, елімізге бейбітшілік пен тыныштық, осындай мамыражай өмір сыйлаған ардагердің ерлік істері ешқашан ұмытылмайтынын айтты. Бірінші қабаттан екі бөлмелі су жаңа пәтерге кірген қарт жауынгер облыс прокурорына алғысын жеткізіп, ақ батасын берді.Валентина ҚОЗЫБАҚОВА