©
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кездесуде облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Есен Күмісқали Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаты сайлауын өткізу тәртібі, әзірлік мәселелері жайында әңгімеледі. Бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуге облыстық сайлау комиссиясы төрағасы Есен Күмісқалимен бірге, облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Дәржоқ Сейбағытов, облыстық сайлау комиссия хатшысы Сайын Ғалидуллин, облыстық сайлау комиссия мүшесі Орысбай Оразов қатысты. Сөзін журналистерді алда келе жатқан кәсіби мерекесімен құттықтаумен бастаған облыстық сайлау комиссиясы төрағасы Есен Күмісқали 28 маусымда барлық облыстарда өкілеттігі біткен Сенат депутаттары орнына жаңадан сенаторлар сайланатындығын, қазір межелі жұмыстар толықтай аяқталып, сайлау комиссиясы ҚР Парламенті Сенаты депутаты сайлауын өткізуге дайын екендігін жеткізді. - Бүгінде Маңғыстау облысынан ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат ретінде тіркелген 5 кандидаттың екеуі сайлау алды жұмыстарымен айналысуда. Облыстық сайлау комиссиясы қалған үш кандидатты тіркеу туралы шешімінің күшін жойды. Оған себеп, 2 кандидаттың табыстары және мүлкі туралы декларацияларында көрсетілген мәліметтердің дұрыс еместігі анықталды, 1 кандидат сайлау комиссиясына өз қалауымен жазбаша өтініш жасауына байланысты тіркеуден алынды,- деді Есен Күмісқали. Сонымен бірге ҚР Парламенті Сенаты депутаттығына кандидат ретінде тіркелген екі үміткерді атады. Олар: Нұрғалиева Халила Хабижанқызы, 1957 жылы туған, Маңғыстау облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы, Шелпеков Бақтыбай Ақбердіұлы, 1959 жылы туған, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. Екеуі де Ақтау қаласында тұрады, Нұр Отан» партиясының мүшелері. Депутаттыққа кандидаттар сайлау алды үгіт-насихат жұмыстарымен айналысуда. Қалалар мен аудандарға барып, таңдаушылармен кездесулер өткізіп жүр. Облыстық сайлау комиссиясында кандидаттардың сайлау алды үгіт-насихат ережелерін бұзу фактілері тіркелген жоқ. Таңдаушылардың (мәслихаттар депутаттарының) дауыс беруі 28 маусым күні сағат 9:00-де Ш.Есенов атындағы КМТжИУ мәжілістер залында арнайы ұйымдастырылған дауыс беру пунктінде өтеді. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған таңдаушылар тізімінде ҚР Парламенті Сенатының депутатын жанама сайлау құқығы негізінде жасырын жағдайында таңдайтын 114 мәслихат депутаттары көрсетілген. - Кездейсоқ электр, байланыс жүйесі істемей қалған жағдайда резервтегі қуат көздерінің қосылуы, басқа да жағдайлар ескерілген. Ағымдағы жылдың 22 –маусымында Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясы облыстық Төтенше жағдайлар деппартаменті, жергілікті полиция, облыстық телекоммуникациялар дирекциясы, «Ақтау электр желілері кәсіпорны» МКК-ы басшылары қатысуымен өткен отырыста ҚР Парламенті Сенаты депутатының сайлауына толық дайындықты қамтамасыз ету мәселесі қаралып, нақты шаралары белгіленді,-деді облыстық сайлау комиссиясы төрағасы Есен Күмісқали. Сайлауға байқау жүргізуді облысымызға РФ-ның Татарстан Республикасынан және Ставрополь өлкесінен келетін ТМД байқаушылар миссиясының өкілдері-5 халықаралық байқаушылар жүзеге асырады. Сондай-ақ, ҚР Орталық сайлау комиссисы ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау кезінде алдын-ала нәтижелерді көрсете отырып, таңдаушыларды электрондық тіркеу пилоттық жобасын іске асырады. Интернет қолданушыларына дауыс беру күні ҚР Орталық сайлау комиссиясы ресми-интернет ресурсында онлайын режиімінде таңдаушылардың қатысуын және дауыс берудің алдын-ала нәтижелерін көруге мүмкіндік беріледі. БАҚ құралдарымен кездесуде кандидаттардың сенімді өкілдері, олардан талап етілетін құжаттар, сайлаудың өту тәртібі, басқа да мәселелерге қатысты қойылған сұрақтарға жауап берілді. Болат Үмбетов