©
«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобындағы «Samruk-Kazyna trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры жаңа «Менің елім» бағдарламасы аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған облыстық мектеп- интернатқа озық үлгідегі құрал- жабдықтарды сыйға тартты. Оқу құралдарымен толыққан мектепте жаңа сыныптардың ашылуына облыс әкімінің кеңесшісі Владислав Трифонов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова, «Samruk-Kazyna trust» корпоратив қорының басқарушы директоры Лима Диас, ұстаздар, ата-аналар және оқушылар қатысты. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған облыстық мектеп- интернатта ашылған сенсорлық және жұмсақ бөлмедегі құрал-жабдықтармен мектептің педагог- психологі Алмира Жамаладинқызы таныстырып өтті. Заман талабына сай жасақталған түзету сыныптарына Нумикон жүйелік дидактикалық материалдары, логопедиялық жаттығу жасайтын құралдар, индукциялық сымдар, диагностикалық аудиометр және көру қабілеті бұзылған балаларға арналған аппараттар қойылған. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова қайырымдылық көмек берген «Samruk-Kazyna trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорына алғыс айтып, ризашылығын білдірді. Қыркүйек айында облысымызда алғаш рет көзі көрмейтін балаларға арналған сынып ашылатынын хабарлады. Оның айтуынша, облысымызда мүмкіндігі шектеулі 4500-ден астам бала, көзі нашар көретін 14 бала бар. Жиында сөз сөйлеген облыс әкімінің кеңесшісі Владислав Трифонов демеушілік көрсеткен қорға алғысын жеткізіп, жаңа құрал-жабдықтар балалардың игілігіне іске асатынына сенімділік білдірді. –Сенсорлық бөлмеде балалардың психологиялық жағдайын қалыпқа келтіретін тақталар, бұлшық еттің дамуына әсер ететін құрғақ бассейн бар. Кварцталған құммен балалар өз ойын білдіріп, бейнелей алады. Жұмсақ бөлмеде балалардың ой-өрісін дамытатын түрлі ойындар ойнатылады. Мектебімізде 0-ден 10 жасқа дейінгі 137 оқушы білім алады. Осы уақытқа дейін жетілген, озық үлгідегі мұндай құрал-жабдықтар жоқ болатын. Енді мүмкіндігі шектеулі балаларымыздың қажетті білім алуына барлық жағдай жасалды, – деді мектептің педагог- психологі Алмира Жамаладинқызы. «Samruk-Kazyna trust» корпоратив қорының басқарушы директоры Лима Диас болашағымыз үшін жұмсалған қаржы, күш-қайрат жемісін беретінін айтып, алдағы уақытта да білім саласына қолдау көрсетілетінін жеткізді. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған облыстық мектеп- интернат ұжымына алғыс хат табыстады. Салтанатты шара соңында аталған мектептің оқушылары би билеп, ән салып, өнерлерін көрсетті.Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ