©
Іргелі отбасы ел тірегі, ұлт қорғаны екені бесенеден мәлім дүние. Отбасы ұлттық тәлім-тәрбие, даналық пен өнеге ошағы. Қазақы отбасыда өсіп, ұлттық тәрбие тұнығынан сусындаған ұрпақ қана ұлт қамын, ел-жұртының ертеңін ойлайды. Бақ-береке ұялап, ырыс-ынтымағы жарасым тапқан жанұядан өр рухты, асқақ арманды, биік мұратты ұрпақ түлеп ұшады. Сондықтан, тәуелсіз еліміз ұстанған саяси бағыттардың бірі – ұлттық ғұрыпқа негізделген отбасы институтын нығайту. Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасы мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы аясында «Маңғыстау әйелдер көшбасшылығы мектебі» қоғамдық бірлестігі Неке сарайында «Жас отбасы мектебін» іске қосты. Жаңа жоба отбасы құндылықтарын дәріптеу, қоғам темірқазығы әрі діңгегі саналатын отбасы институтының рөлін айқындау, сенім мен сыйластыққа негізделген отбасылық қарым-қатынастарды насихаттауды мақсат тұтады. Оң іске облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия қолдау танытқан. Комиссияға өңір басшысының орынбасары Бану Нұрғазиева төрағалық етеді. «Жас отбасы мектебі» түрлі неке-отбасы қатынастары мәселелерін шешуді көздейді. Қазіргі таңда елімізде ажырасу деңгейі өте жоғары. Жастар отау құрудан бұрын арнайы психологтардың ақыл-кеңесіне құлақ түргені жөн. Орталықта отбасы құндылықтарын сақтау, жанұядағы тәрбие, ерлі-зайыптылардың ара-қатынасы, балалар құқығы сынды түрлі дәрістер беріледі. Облыста қазіргі таңда дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандар көп. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін отбасы құрмастан бұрын дұрыс шешім қабылдау қажет. Комиссия тарапынан қазіргі таңда қоғамдағы отбасы рөлін айқындау бағытында біршама істер атқарылуда. Мәселен, жуырда өткен «Мерейлі отбасы», «Әкелер слеті» соның бір айғағы болмақ»,-дейді комиссия хатшысы Айгерім Есенқуатова. Іс-шараға жас отбасылар, білім мен медицина саласының мамандары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, сонымен қоса психологтар атсалысты. Мәселен Мұхаммеджаов атындағы Орталық Азия психологиялық академиясының мүшесі, парапсихолог Мария Садуақасқызы жастармен әңгіме-дүкен құрып, отбасы психологиясы, отбасылық қарым-қатынастағы заңдылықтар, тұлғаны жетілдіру, шынайы қарым-қатынас негіздері турасында тәжірибемен бөлісті. «Парапсихолог ретінде 15 жыл бойы тұлға болмысын, ішкі жан-дүниесі мен мінез-құлқын зерттеуде халықтық педагогика мен математикалық ықтималдық теориясын қоса пайдаланып келемін. Психология тарамдары көп. Өз басым әлеуметтік психологиямен ден қойып, айналысамын. Топтағы адамдардың, мәселен үлкен отбасы, бір-бірімен қарым-қатынасы, психологиялық сәйкестігі және т.б. жөнінде мол мағлұмат беремін. Жалпы отбасыдағы қарым-қатынастарға тоқталсақ. Барлық жағдайда бір-ақ нәрсе бар. Біз адамды сол қалпында қабылдай амаймыз. Қыз бала тұрмыс құрып, жолдасын жөндеуге тырысады. Ер адам үйленіп, жұбайын өзгертуге талпынады. Ең қиын мәселе – ене мәселесі. Ене баласының тұлға ретінде қалыптасуына кедергі келтірмеуі керек. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылық бала күнінде көрген психологиялық соққының нәтижесінен орын алады. Кінәні бір адамға артуға болмайды. Отбасыдағы мәселе отбасы мүшелерінің бәріне де қатысы бар»,-деді ол. Сонымен қатар, Мария Садуақасқызы қоғамда психолог кеңесіне жүгіну мәдениеті әлі толық қалыптаса қоймағандығын сөз етті. Отбасылық психологтармен жұмыс істеу, психологиялық ақыл-кеңес, әдіс-тәсілдерді өмірде қолдану жанұядағы махаббат пен сыйластықты бекіте түседі екен. «Отан отбасыдан басталады» дейді дана халқымыз. Жаңадан отау құрған жастармен тығыз жұмыс жасау арқылы түрлі отбасылық мәселелердің алдын алуға тырысамыз. Мұндай орталықтар Астана, Алматы, Көкшетау, Екібастұз және Шымкент қалаларында жұмыс істейді. Біз 4-5 ай көлемінде отау құруға ниетті жастармен әрі шаңырақ көтерген жас жұбайлармен жұмыс жасаймыз. «Жас отбасы мектебінде» психологиялық, құқықтық, медициналық кеңес беріліп, ерлі-зайыпты жандардың қарым-қатынасы, теңдігі мен құқықтары жөнінде ақпарат ұсынылады»,-дейді «Маңғыстау әйелдер көшбасшылығы мектебі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Роза Қарымсаққызы.Голрох ЖЕМЕНЕЙ