Өткен сейсенбіде Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалы алаңында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Сағынбаевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Жиында көшпелі құмнан қорғау, «Қошқар ата» қалдық қоймасын залалсыздандыру мәселелері және ағымдағы жылы жасалатын жұмыстар сөз болды.
– Құм басу қаупі бар ауылдардың тұрғындары көшпелі құм мәселесін көптен бері көтеріп келеді. Өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап өңірімізде жер байлығының қарқынды игерілуі қоршаған ортаға түсетін антропогендік әсердің салмағын еселеді. Жер асты суларын, газ болмағанда ағаштарды, өсімдіктерді отынға, қысы- жазы жерді мал жайылымы ретінде пайдалану құм сілемдерінің көшуіне әкеліп соқты. Мұндай жағдай Қарақия ауданында «Түйесу», Маңғыстау ауданында «Бостанқұм», «Қызылқұм» массивтерінде үрдіс алды, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Сағынбаев.
Оның айтуынша, басқарма тарапынан аталған құм массивтерінің іргесінде орналасқан Сенекті 2004 жылы, Ұштағанды 2007 жылы, Тұщықұдықты 2012 жылы, өткен жылы Шебірді көшпелі құмнан қорғау жұмыстары басталды. Бұл жұмыстарды 2004 – 2008 жылдары география институты жүргізсе, облыс әкімдігінің қаулысымен «Жасыл әлем» МКК құрылып, құмды тоқтату жұмыстарын жалғастырды. Бұл уақыт ішінде 2910 гектар жер қоршалып, фитомелиорациялық- механикалық жұмыстар жүргізілген. Сенекте құм массивінің өсімдік жамылғысын қайта қалпына келтіру жұмыстары 2021 жылға дейін, Ұштағанда 2018 жылға дейін, Тұщықұдық пен Шебірде 2020 жылға дейін жалғасады. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының табиғат қорғау жобалары бөлімінің басшысы Әділет Қарашбай құм тоқтату жұмыстарының қалай жүргізілетінін түсіндіріп өтті. Механикалық әдісіне сай қолдан қорғаныш жұмыстары жасалса, фитомелиорация бойынша құмды жерлерде жыңғыл, сексеуіл, жүзген ағаштары отырғызылады. Қазіргі таңда құм сілемдерінің көшу аумағы басым Сенек пен Ұштағанда құмның биіктігі – 100 –150 метр.
– «Қошқар ата» көлін залалсыздандыру жұмысы 2015 жылы республикалық балансқа берілді. Қалдық қоймасын қалпына келтірудің техникалық- экономикалық негіздемесі мен жобалық- сметалық құжаттамасы жасақталды. Құны 17,5 млрд.теңге болатын жоба министрлік деңгейінде шешілетін болады. Кеңес Одағы кезінде қалдық қоймасындағы радиациясы бар жерлер көмілді. Радиация бөлінетін жерлерге республикалық бюджеттен 394 млн.теңге бөлініп, арнайы темір бетон жабындысы төселіп, оның үсті құммен жабылды. Ондағы Менделеев кестесіндегі ауыр металдар жел болған жағдайда Қошқар атаға жақын тұрған ауылдарға ұшады. Бұрын 77 шаршы шақырым су болса, қазір сулы жері – 22 шаршы шақырым ғана. Су азайған сайын құрғап, желмен ауаға ұшып жатыр. Бұл адам тынысына, терісіне зиян келтіреді. Республикалық бюджеттен қаржы бөлінген жағдайда қалдық қоймасын залалсындандыру жұмыстары басталады. 2017– 2019 жылдары сексеуіл, жыңғылдан жасыл қорғаныш аймағын құру жұмыстары жалғасады, – деді Серік Орынбасарұлы.
Оның мәлімдеуінше, биыл облыста бұрын болмаған қалдықтарды басқару бағдарламасын жасақталады. Тұрмыстық қатты қалдықтар жиналғаннан кейін сұрыптау цехына жіткізіледі. Іркітелген қалдықтардың кәдеге асатыны қайта өңдеу цехтарына жіберіледі. Сөйтіп, полигондарды пайдалану мерзімі де ұзарады. Бұл бағдарлама аясында кәсіпкерлер тарапынан Мұнайлы және Ақтау қаласында 3 сұрыптау цехын салу жоспарланған.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Сағынбаев сөз соңында жұртшылықты биыл дәстүрлі өтетін «Табиғатпен үндес мектеп», «Табиғатпен үндес балабақша», «Таза ауыл», «Жасыл аула», БАҚ өкілдері арасында «Үздік жарияланым» байқауларына белсене қатысуға шақырды.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ