©
Жуырда Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың қолдауымен Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан Кеңес Одағының батыры Жұмағали Қалдықараев жерленген Беларусь Республикасының Мозырь қаласына баруға арнайы делегация жасақталып, автошеру аттанған болатын. Мыңдаған шақырым жол жүрген маңғыстаулықтар Ұлы Жеңістің 72 жылдық мерекесінде Мозырьдағы бауырластар қабіріне барып, боздақтардың рухына тағзым етіп, құран бағыштады. Делегация мүшелері Отан үшін қыршынынан қиылған батыр Жұмағали Қалдығараевтың зиратынан алынған топырақты туған жерге жеткізді. Майдангердің мәңгілік мекенінен әкелінген топырақ Мәңгілік алау жанындағы батырлар рельефіндегі мүсін тақтасына салынды.
Жиынға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, облыстық мәслихат хатшысы Бекмұрат Жүсіпов, Ақтау қаласының әкімі Қуаныш Берішбаев, Ақтау қалалық мәслихатының хатшысы Марат Молдағұлов, қалалық бөлім басшылары, зиялы қауым өкілдері, батырдың ағайын- туыстары және жастар қатысты. Батырдың бейітінен әкелінген топырақты туысы Жайлыбай Берниязов мүсін тақтаға салды.
– Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын халыққа жолдаған болатын. Рухты батырларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен елі мен жерін қорғады. Елім деп өткен ерлердің арқасында дүние жүзіне танылған Тәуелсіз Қазақстанның туы көкте желбіреп тұр. Біз бабаларымыздың ерлігін ешқашан да ұмытуға хақымыз жоқ. Жоңғарлармен болған соғыс, «Алаш» қозғалысы, Ұлы Отан соғысы және өзге де тарих толқынында болған қиын кезеңдерде халқымыз мойымай, шыдамдылықтың, төзімділіктің, ауызбіршіліктің үлгісін көрсетті. Аталарының басына барып, ерлігіне тағзым етіп, топырағын туған жерге әкеліп, парызын өтеген батырдың туған-туыстарына, ел азаматтарына алғысымды айтамын. Жастарымыз осындай ерліктен, өткенге құрмет көрсетуден үлгі алуы тиіс. Бізді әрдайым ата- бабаларымыздың әруағы қолдап жүрсін,– деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбаев көпшілік алдында Мозырь қаласына сапардың қалай өткенін баяндады.
– Міне, бүгін батырдың көптен күткен арман-тілегі орындалды. Туған жердің топырағын бауырластар бейітіне салдық. Бейіт басынан әкелінген топырақ мүсін тақтаға қойылды. Сондай-ақ Шопан атаға және Ақкетік қаласына көміледі. Бізге қолдау көрсеткен, сапар барысында жастармен кездесіп, тағылым боларлық шара өткізуге мұрындық болған азаматтарға алғыс білдіреміз. Бүгінгі шара –жоғын іздейтін, батырларын құрметтейтін, ауызбіршілігі мықты халық екеніміздің дәлелі, – деді Жұмағали Қалдықараевтың туысы Бақдәулет Байдуллаев.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ