Мың бояулы Маңғыстау - жас суретшілер байқауы
[ 2017 ] 19 мамыр, 12:18 | Жаңалықтар
Маңғыстау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ мен «Өнер» арт-галереясының ұйымдастыруымен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне орайластырылған «Мың бояулы Маңғыстау» атты облыстық жас суретшілер байқауы өтті.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Бану Ғаниқызы Нұрғазиева, Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, «Өнер» арт-галереясының мүшелері, облыстық этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері т.б. қатысты.
Байқауда Маңғыстау Өнер колледжінің студенттерімен қатар Астана және Алматы қалаларынан арнайы келген жас суретшілер бақ сынасты. Олар киелі Маңғыстау жерінің сұлу табиғатын бейнелей отырып, өңіріміздің өзіндік табиғи, географиялық ерекшеліктерін және Ақтау қаласының көз тартарлық орындары кескінделген туындыларын ұсынды.
«Осындай көрмелер мен байқаулар арқылы біз жас суретшілердің өсіп-өркендеуіне жол ашқымыз келеді. Олар Маңғыстаудың сұлу табиғатын бейнеледі. Олардың суреттерін тек Қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер де көріп үлгерді. Картиналарға қарап, олар сол жерлерге саяхат жасағысы келетіндерін айтады»,-дейді Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, «Өнер» арт-галереясының жетекшісі Аймұрат Таңатов.
Байқау соңында ең үздік деп танылған туындылар иесін марапаттау рәсімі өтті. Олардың 100-ге жуық суреттері ағымдағы жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйек аралығында өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне жолданып, әлем назарына ұсынылатын боллады.
Үміт ЖӘЛЕКЕ
1275
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.