©
Отыз күн оразасын тәмамдаған мұсылман жұртшылығына шат-шадыман қуанышын алып Ораза айт та жетті. Маңғыстау облыстық орталық мешітіне кеше таңғы сағат 7.00 де айт намазына жиналған халық мешіттің іші сыртын лық толтырды. Өкіл имам Смайыл Сейітбеков ел ынтымағы мен бірлігіне шақыратын «Отанды құрметтеу- имандылықтың көрінісі» тақырыбында көпшілікке уағыз насихат жүргізді. Айтулы мерекеге облыс әкімінің орынбасары Сүйіндік Алдашев, қала әкімі Серікбай Тұрымов, облыстық мәслихат хатшысы Бекмұрат Жүсіпов қатысып, Сүйіндік Тасеменұлы жиналған қауымды айт мейрамымен құттықтады. Айт намазы оқылған соң мешіт жанына тігілген алты киіз үйден көпшілік дәм татып, айт дастарханының қадірлі қонағы болды. Тұрмысы төмен, көп балалы отбасыларға арналып мол дастархан жайылды. Зекет қорының Маңғыстау облыстық филиалы басшысы Серік Хантөреев айт мейрамына арналған шараларды ұйымдастыруда аталмыш қор тарапынан қолдау көрсетілгенін айтты. Киіз үйлер жанында спорттық жарыстар өткізілді. Ұлттық ойындарымыз дәріптеліп, асық ату, күрес, арқан тарту, кір тасын көтеру секілді спорт түрлерінен ерлер сайысқа түсті. Арнайы бекітілген әділ қазылар жеңімпаздардың барлығын сый сияпатпен марапаттады. Әрбір мұсылманның жүрегін шаттыққа толтырып, үлкенді де, кішіні де мәз мейрам еткен Ораза айт мерекесі осылайша жоғары деңгейде ұйымдастырылып, бірлік пен татулық аясында асқақтап өтті.Маңғыстау облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН