©
Маңғыстау облыстық «Іскер әйелдер қауымдастығының» төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі, Жаңаөзен сүт зауытының директоры Сәуле Жақаева бір күнде екі ардагердің үйіне барып, олардың тұрмыс жағдайымен танысты. Ақтау қаласындағы 1-шағын ауданда тұратын Нина Янковская соғыс басталған жылы 19 жастағы бойжеткен екен. Ресейдің Свердловск қаласының маңындағы техникалық техникумды электр механигі мамандығы бойынша бітірген ол электрмен дәнекерлеушіліктен бастап ер азаматтар атқаруға тиіс жұмыстың барлығын істеді. 1969 жылы арнайы шақыртумен Ақтау (Шевченко) қаласына келіп, Каспий аймақтық тау-кен металлургия комбинатының ғылыми зерттеу зертханасына жұмысқа қабылданды. Осында зейнеткерлікке шықты, бала-шағасы да Ақтауда өсіп-өнді. Сұрапыл жылдардағы және одан берідегі бейбіт замандағы ерен еңбектің дәлеліндей ордендер мен медальдар кеудесін толтырған әжені құттықтаған Сәуле Бердіханқызы оған бағалы сыйлық пен сүт зауытының өнімдерін берді. Сонымен қатар кәсіпкер әйел әжені сүт-қаймақпен қамтып тұратынын айтты. Халық қалаулысының жомарттығына риза болған Нина әже алғысын жаудырды. С.Жақаева бұдан кейін 8-шағын ауданның тұрғыны, соғыс ардагері Анна Санинаны да шексіз қуанышқа кенелтті. Соғыс кезінде паравозға от жағушы болып қызмет еткен Анна Макаровна талай рет майдан даласына қару-жарақтар мен қондырғыларды жеткізгенін еске алды. Отан үшін басын қатерге тіккен жас қыз әскери қызметке қабылдағнғанында небәрі 18 жаста екен. Ол омырауындағы марапаттардың арасында 2 және 3-дәрежелі Отан соғысы ордендерін, Жуков және Сталин медальдары мен Германияны жеңгені үшін медалін ерекше қастерлейді. - Бүгінгі мамыражай өмірдің қадір-қасиетін аялай біліңдер,-деген ардагер әжеге Сәуле Жақаева бағалы сыйлық пен сүт өнімдерін ұсынды. Оған да Жаңаөзен сүт зауытының алуан түрлі сүт тағамдары жеткізіліп тұратын болды.Валентина ҚОЗЫБАҚОВА