©
Жаңаөзен қаласындағы Қашаған атындағы №8 орта мектепте балалар арасында төтенше жағдайлар, жол-көлік және тұрмыстық жарақаттанудың алдын алу бағытында «Назар аударыңыз, балалар!» атты кең көлемді акция өтті. «Қолдау-Қазақстан» көп салалы коммерциялық емес холдингі салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылған бұл шарада «Drunk and Dangerous» («маскүнем көзәйнек») интерактивті құралды пайдалана отырып, жастарға ішімдіктің жол апаты мен тұрмыстық жарақаттанудың негізгі себебі екендігі көрсетілді.
Бұған дейін осы тақырыпта жарияланған сурет байқауының қорытындысы шығарылды. Өз ойын көркем жеткізе білген балалар арасындағы сайыс нәтижесінде I орын Бисембаеваға Жасмина (4«б» сынып), II орын Ерғали Бағдәулетке (1«г» сынып) және III орын Қожанепес Абдрахманға (1«г» сынып) бұйырды. Сондай-ақ барлық қатысушыларға ақпараттық парақшалар таратылып, оларға проектор арқылы шара тақырыбына сәйкес бейнероликтерді көрсетілді. ОСӨСҚПО Жаңаөзен қалалық филиалының қызметкері М. Жаманқұлова мен психолог М. Болатбаева балаларға төтенше жағдайлар, жол-көлік және тұрмыстық жарақаттанудың алдын алу жөнінде баяндама жасады. Ал бастауыш сынып оқушылары төтенше жағдайлар, жол-көлік және тұрмыстық жарақаттанудың алдын алу бағытында әртүрлі скетчтер қойып, флэшмоб биледі.
-Жол қауіпсіздігі, тұрмыстық жарақаттану мен төтенше жағдайларды алдын алу–маңызды және өзекті мәселе. Өкінішке орай, кейбір жүргізушілердің жауапсыздығынан бейкүнә сәбилер жапа шегіп, мүгедек арбасына таңылып жатыр. Сондықтан автокөлік жүргізушілері жолда сақ болуға шақырамыз,-деді №8 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Гүлнар Ишанбай.
«Қолдау-Қазақстан» көп салалы коммерциялық емес холдингінің өкілдері балғын суретшілер мен шараға белсенді қатысқан балаларға дипломдар мен сыйлықтар табыстады. Аталған шараның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан ұстаздар да естелік сыйлықтардан құр қалған жоқ. Мектеп басшылары мен мұғалімдер ұйымдастырушыларға ризашылық білдіріп, өз ұсыныс-тілектерін айтты.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА