Димаштың жеңісі құтты болсын!
Әрине, халық Димаштан Бас жүлде күтті. Өйткені лайық еді! Жүлдегерлерді ұлықтау рәсімінде жеңімпаз атанған Sandy Lamның біздің баланың бетіне жалтақ-жалтақ қарай беруі тегін емес.
Дегенмен, Хунань телевидениесі ұйымдастырған байқауға мың алғыс! Ол Димашты әлемге танытты. Үш айға созылған байқау кезінде Димаш Құдайберген жеткен жетістіктерді санамалайық.
[quote arrow="yes"]
14 турдың үшеуінде бірінші орын алды!
Азияның үздік әншісі атанды!
Әйгілі актер Джеки Чан Димашты іздеп келіп танысты!
Атақты әнші Лара Фабиан Димаштың өнеріне ілтипат білдірді. Болашақта екеуі дуэт боп шығуы мүмкін.
Димаштың бейнесі Нью-Йорктің төріне ілінді!
Француз телевидениесі Димаш туралы арнайы хабар түсірді.
«Дайдидау» Азиядағы ең үздік әндердің қатарына енді.
Димаштың әні «Ұмытылмас күн» (Сөзін жазған — Орал Байсеңгір — Б.Б) «Азияның жаңа әндері» рейтингінде бірінші орынға шықты!
Димаш байқауда алты тілде ән орындады.
Димаш әлемдік сахнаға қазақ даласының кең тынысын алып шықты. «Дайдидау» әлемді шарлап кетті, «Адай» күйі қазақтың қанын ойнатып, рух шақырды,
«Ұмытылмас күн» тыңдағанның есіне қазақтың атын салып тұратын болды.
Ең бастысы, Димаш қазақ тілінің мәртебесін көтерді. Сахнада орыс тілін қосқан жоқ. Қытайдағы бауырларымыз оның әр сөзін қазақ тілінен қытай тіліне тікелей аударып отырды. Демек, Димаш «Қазақ орыс тілінсіз әлемдік деңгейге шыға алмайды…» деген түсінікті түп-тамырымен жоққа шығарды. Қытайлықтар «Абай жолын» оқуға кірісті. Қазақ тілін үйренуге тырысып, сөздік арқылы аударма жасап жатқандар қаншама. Алыстағы француз қызының «Дайдидауды» қазақша шырқап, біздің ұлға үздіге тілек арнауының өзі неге тұрады?!
Осы байқау кезінде Айтбаевтар әулеті күллі жұрттың назарында болды. Яғни Димаш арқылы дүниежүзіне қазақтың отбасылық институты «таныстырылды». Күллі әлем атасы мен әжесінің бауырында өскен баланың қандай мәдениетті, қандай бауырмал болатынын көрді. Ата—бала —немере арасындағы үзілмес алтын жіпке, ене мен келіннің бір-біріне деген жарасымды сыйластығына куә болды. Димаштың қарындасы Раушанға хат жазған қытай және Батыстың қыздары біздің дәстүрімізге тәнті екендерін айтып, тамсаныпты. Демек, Димаш арқылы қазақтың дәстүрі де насихатталды!
Димаш мемлекетіміздің мерейін көтерді. Оның өнерінің арқасында Астана қаласында өтетін ЭКСПО-ға келуге талаптанып отырғандардың қатары күрт артты. Димаштың осы байқау кезіндегі шырқаған әндерінің көрілімі 3,5 миллиардтан асыпты! Жер бетіндегі 7 миллиард халықтың жартысынан астамы Димаш Құдайбергенді, ол арқылы қазақты біледі деген сөз!
Бұған дейін бізде дәл Димаш секілді әлемдік деңгейдегі мегажұлдыз болған жоқ. Амангелді Сембин, Ерік Құрманғалиевтердің ерекше таланттары болғанымен, тағдырлары басқаша өрілді. Олар — жабық қоғамның, басымызға өзгенің бөркін киген заманның құрбандары. Ал Димаш — тәуелсіз елдің ұланы!
[/quote]
Қазақ аспанында ән жұлдызы туды. Ұзақ жарқырағай! Әумин!
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ. "Фейсбук" парақшасынан