"Нұр Отан" партиясының "Бақытты отбасы - Бақытты балалық шақ" партиялық жобасы аясында мұнайлылық жастарға Маңғыстау вагон пайдалану депосына танымдық саяхат ұйымдасытырылды.
Экскурсияны "Нұр Отан" партиясының Мұнайлы аудандық филиалының консультанты Қадырбек Жексенбаев бастап барды. Жастар алдымен вагон шаруашылығының техникалық қызмет көрсету пунктінің оқыту жөніндегі нұсқаушысы Азамат Елубаевтің жетекшілігімен №22 ағымдағы ағыту тұйығындағы жұмыс барысымен танысты. Нұсқаушы оларға жөндеу орнының қызметінен, ондағы жылына жасалатын жұмыс көлемінен ақпарат беріп, сол мезетте ағытылып жатқан вагондағы ақаулықты қалпына келтіру үшін жасалатын жұмыстарды түсіндірді. Техникалық қызмет көрсету пунктінің техникалық сабақ бөлмесін де көрсетіп, оқу залындағы оқыту құралдары мен онда өтілетін дәрістердің реті жөнінде әңгімелеп берді. Жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауабын алды. Соның ішінде депоға алғаш аяқ басып тұрған болашақ теміржолшы - М.Тынышпаев атындағы Ақтау көлік колледжінің бірінші курс студенті Шыңғыс Құрымбай да бар.
- Әкем Қаржау Қашақов локомотив депосында машинист болған, бүгінде зейнетте. Жалғыз ұлы мен болғандықтан сол кісінің жолын қуып, мамандығын таңдадым. Қазір байланыс диспетчері бағыты бойынша білім аламын. Теміржолшының баласы болсам да депоға келіп көрмеппін. Мұндағы жұмыс мен ойлағаннан да қызығырақ екен,-дейді ол.
Шахида ЖҰМАН