©
Сенбі күні Қарақия ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжановтың қатысуымен кеңейтілген отырыс өтті.
Отырысқа облыс басшысы және орынбасарлары, көптеген басқармалар мен мекеме басшылары, Қарақия ауданы активі мен дербес бөлім, мекеме, кәсіпорындардың басшы, қызметкерлері, құқық қорғау және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ардагерлер мен депутаттар діни қызметкерлер және БАҚ өкілдері қатысты. Әуелгі сапарды Жетібай, Мұнайшы ауылдарынан бастаған облыс әкімі Е.Тоғжанов әлеуметтік нысандар мен өндірістік кәсіпорындарды аралап, жұмыс барысымен танысты.
Бұдан соң, аудан орталығындағы құрылыс нысандары және Құрық мектеп-гимназиясына ат басын тіреп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарымен танысқаннан кейін, кеңейтілген отырысқа қатысты. Ауданымызға Маңғыстау облысының әкімі ретінде алғаш рет келіп отырған өңір басшысы аудан ардагерлерімен амандаса келе, өзі барып кездескен қарт әже Бақтылай Оразалиеваның сәлемін жеткізіп, абзал анаға алғысын білдіруден жиынды бастады. Отырыстың күн тәртібі бойынша, аудан әкімі Ә.Дауылбаев Қарақия ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы 2016 жылы атқарған жұмыстары мен алда атқаруға тиіс шаруалары жөнінде баяндама оқыды. Баяндама барысында облыс басшысы әрбір тарау бойынша сұрақтар қойып, іс-шараның мән жайымен толығырақ танысты. Сондай-ақ, аудан тұрғындары тарапынан қойылған сұрақтарға байланысты тиісті басқарма, мекеме басшылары жауап берген соң, бұл мәселелер бойынша өңір басшысы бірқатар тапсырмалар берді.
Ауданымыздың бүгінгі аяқалысымен танысып, мақсаттарды айқындап, қордаланған мәселелерді талқылай келген облыс әкімі Е.Тоғжанов алдағы уақытта да өңірдің дамуы, кәсіпкерлікті дамыту, адам ресурстарының өсімі, денсаулық, білім беру және басқадай барлық бағытта бірлесе жұмыс атқару керегін айтып, нақты тапсырмалар берді. Айта кетелік, өңір басшысының ауданымызға келуіне орай, аудан кәсіпкерлері отандық өнімдерден жәрмеңке ұйымдастырды. Жәрмеңкені аралаған облыс әкімі кәсіпкерлермен емен-жарқын сұхбаттасып, отандық өнімді және оның сапасын арттыру жөнінде пікір алмасты.
Шынар КЕНДІН