Мұнайлы қалада көктемгі сенбіліктер айлығы басталды. Екі айға созылатын тазалық акциясы барысында жылдағы дәстүр бойынша қаланың барлық елді мекендерінде көркейту, санитарлық тазалау және көгалдандыру жұмыстары қолға алынып, ағаш көшеттері отырғызылмақ. Өткен сенбіде жалпы қалалық тазалық науқанының алғашқы сенбілігі болып өтті.
Бұл жолы қала орталығында ұйымдастырылған тазалық іс-шарасына 1500 адам қатысты. Атап айтқанда, 18 мемлекеттік мекеме, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет үйінің қызметкерлері, 16 өндірістік мекемелер және барлық коммуналдық кәсіпорындар сенбілікке атсалысып, өздері еңбек ететін мекеменің айналасын тазарту, талдарға су құю, түптерін қопсыту, әктеу және қоршауларын сырлау жұмыстарын жүргізді. Оларға көмек ретінде тракторы, жүк көлігі бар техника жұмылдырылды. Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау - әрбір азаматтың басты міндеті. Сондықтан сенбілікке қатысу - қаланың барлық тұрғындарына ортақ мәселе. Сенбілік айы 30 сәуірге дейін жалғасады.
Гүлсім МҰРЫНОВА