Сүгір Бегендікұлы Маңғыстау топырағында дүниеге келген ақын-жыраулардың бірі. Ол құдайдың берген дарынымен елге сыйлы, халықтың ыстық ықыласына бөленген, бар өнерін өз еліне қызмет етуге арнаған асыл перзент. «Ескелдінің Сүгірі, Жайылды елге дүбірі» деп замандас ақын-жырауларының жырға қосқан сөздері ел арасына аңыз болып тарап кеткен. Жалпы осы біз әңгімелегелі отырған Сүгір діндар болған ба? Осындай сұрақтарға жауап іздеу мақсатында оның балалық шағына, өскен орталарына аздап көз жүгіртуге тура келді. Сүгір жырау 1894 жылы Маңғыстауда Өгіз-Өреуіл деген жерде дүниеге келген. Бірақ өмірінің көпшілік бөлегі Бесқала өңірінде өткен. Оның себептері де белгілі. Сүгірдің әкесі Бегендік ескіше оқыған сауатты, діндар адам болған. Сүгірдің өз айтуы бойынша, әкесі екі рет Меккеге барып, қажы атанған кісі. Әкесінің мәйіті Шопан ата қорымына қойылған. Бегендік қария баласы Сүгірді де Алланың ақ жолы діндар болуға баулыған. Ұлының қолына домбыра алып, ел арасына шығып, ән-жыр айтуына тыйым да салған. Сол үшін әкелі-балалы екеуінің пікірлері кереғар келіп, әкесінің өзіне деген ренішін Сүгір өз шығармаларында ашық айтады: «Адай» деген ұраннан Өзімнің әкем Бегендік. Меккеге барған екі рет, Баласы едім солардың. «Жырлама, Сүгір, күнә» - деп Ұрысса да әкенің, Сөзіне құлақ салмадым, Айтқан тілін алмадым. Дегемен жастайынан 3 ахуннан тәлім алып, хат танығандықтан ел арасына тараған жыр-термелерінің негізгі дені рулық шежіре, ататек, тарихи тағылым, дін тақырыбында өрбиді. Себебі, оны алғашқы сауаттандырған ұстазы Жармыштағы Ескелді Орынбай ишан. Екінші ұстазы Үштаған, Сазды жерінде мешіт ашып, бала оқытқан – Бәли Нұрнияз ахун. Үшінші ұстазы – кәдімгі Көрпе Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы. Сүгір көшіп-қонып жүріп Адайдың үш білімді ахунынан 9 жыл оқып, білім алыпты. Әрине, бұл аз сауат емес. Сондықтан кез келген елге өнеге, жастарға жол-жоба, үлгі болатын жыр-термелерінің көпшілігі Алланың ақ жолын ауызға ала отырып, елді имандылыққа, бауырмалдыққа, татулыққа, мейірімділікке, патриоттыққа, ерлікке, Отан сүйгіштікке, ұлтжандылыққа шақырады. Әрине, бұл «Жақын болып кім достасса ғылыммен, Қош айтысар құдай деген ұғыммен» деген атеистік принципті ұстанған «Дін – апыйын, дін – у» деп насихаттап, жастардың бойындағы ұлттық рухты тұншықтыруға тырысқан кеңестік саясатқа ұнамағаны бесенеден белгілі. Сол үшін елден қуылады. Әйтпесе Сүгірдің ауылы қыста Аққуыс-Шөшік, Ақпан, Ажырықтыой, Қызылсу, Сенек-Сұмса, Аққұдық өңірін қыстап, жазда Үстіртте Ұзын, Уәли, Дүңгірлек, Дауысты, Жүзадын шымырауларын, Жем бойын жайлаған. Жас кезінен-ақ өнерге жаны құмар болып өскен ол домбыра тартып, жыр үйреніп айтып, жыйын-тойларда жиі-жиі көрініп, елге танымал бола бастайды. Он алты жасынан бастап ел аузына ілініп, өнері бағалана бастаған Сүгірді алқалы жиындарға шақырып ән салдырып, жыр айттыратын болған. Ол «Қарасай Қарлы», «Едіге» тағы басқа жыр-дастандарды жырлап айтуға машықтанады. Сол кездерден бастап өзі де өлең шығарумен айналысады. Маңғыстау өңірі халқының ауыр тұрмыс тауқыметі түскен отызыншы жылдардағы елдің етегі сөгіліп, іргесі сетінеп, шаңырағы шайқалған, яғни «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен заманда Сүгірдің ауылы күнкөрістің қамымен Бесқала жағына ауады. Сүгірдің үйі Қоңырат, Хожелі, Нөкіс, Шаржау, Ташауыз, Көнеүргеніш, Байрамалы, Тәжен, Ашхабат, Шағадам шәһәрлерінде болып, өмірінің көпшілік бөлегін Қоңырат аймағында өткізеді. Сүгір 1967 жылы атақоныс Маңғыстауға бағыт алып, Бейнеу ауданының Ақжігіт ауылына көшіп келеді. Ол жерде 3-4 жыл қоныстанады. 1971 жылы Жаңаөзендегі Қызылсай ауылына көшіп келіп тұрақтайды. Сол жерде 1974 жылы сексен жасында бақилыққа аттанып, Шопан ата қорымынан мәңгілік орын иеленді. Бүгінгі таңда Қызылсай ауылының орталығындағы №4 орта мектеп алдында Сүкеңнің еңселі ескерткіші тұр. Бертін келе, яғни 2010 жылы сол мектепке Сүгір Бегендікұлының есімі ресми түрде тұрақты берілді. Жалпы Сүгір жырау діндар адам болған. Сондықтан құрығы ұзын кеңес өкіметінің солақай саясатының салдарынан жиі-жиі қоныс аударып, тез-тез көшіп-қонып жүрген. Оның үстіне ол ақын, жырау, сазгер, термеші болғандықтан ел ішін көп аралаған жан. Ол сонда да кеңес өкіметінен жасқаншақтап, бой тасаламаса да қанжардай тіліп түсетін өткір тілін тартпаған. Халықтың мұңын, зарын, насихат сөздерін ел аралап жүріп айта берген. Өзіне кінә тағып, күнәкарлар қатарына қосқысы келгендерден Құран сүрелері мен Пайғамбар хадистерін елге дұрыс түсіндіріп, уағыздауды тиянақты жүргізуді талап еткен. Сүгір «Биссимилласыз» сөз бастамаған. Осының өзі-ақ оның дінге қаншалықты жақын болғанын айқын аңғартады. Бірақ кеңестік кезеңде оның көптеген өлеңдері көпшілікке «өңдеп» жеткізілген сияқты. Себебі, оған «Кеңес өкіметінің саясатына қарсы жан» деген айдар тағылған. Соған қарамастан қайсар жырау саясаттан сескенсе де тілін тартпаған. Сөзі сарқылмаған. Дегенмен «Дұшпанның көңілінде болсаң да, көзінде болма» дегендей әржерге, жақын шетелдерге жиі-жиі қоныс аударуының басты себебі осы болса керек. Мысалы, оның мынадай насихат сөздеріне назар салып көрелік: Биссімілла – сөздің данасы, Құранның Алхам анасы. Ыхсанды жаман демеңіз, Ыхсанды жаман десеңіз Абыл мен Қабыл екеуі, Бір ананың баласы. Алжастың басын айтайын: Әзәзіл шайтан азғырып, Абылды Қабыл өлтіріп Мұсылман мен кәпірдің, Айырылған екен арасы. Содан бері таралдық Атамыз Әнес – Жабалдан, Мағыраж бенен Жараздан. Туғанда Алшын – Алаудан Үш ананың баласы, Алыс емес арасы. Жоғары тұрған Нәдірден, Сарыүйсін мен Дулатым Алатау жағын жайлаған. Ерегескен дұшпанын, Ауызға салып шайнаған», - деп қазақтың үш жүзден тараған үш баласының ұрпақтарын сипаттап, қайда қоныстанғанын талдап айтып шығады. Әрине, мұнда оның дінді жақсы білетіндігі айқын көрініс табады. Сүгір кей кездері Жаратқанға жалбарынып, өзінің діни сауаты бола тұрып, мұсылмандықты мойындамаған сияқты кейіп танытқанына Алладан кешірім де сұрайды. Оны басқа мұсылман баласы қайталамауын тілейді. Мұхамметке үмбет болғандар, Иманға көңілі толғандар, Лә илләһә иллалла Мұхамметтің шарғы жолынан, Сөйлесін тарпаң Сүгірің Яхұт маржан соңынан, Шығара гөр, Жасаған, Сүрінген күні пендеңді, Лаулаған тозақ торынан. Ахиреттің күнінде, Салған күні таразы Көп шығар деп күнәмді, Ахиреттен қорынам. Лә иләһә иллалла, Мұхаммедур расулалла. Сынап бізді жібердің, Ырзық қылып иманға, Көңілім кетті аспалап, Арқасында Адайдың, Мол дүние жиғанға. Халқым берген мол ырзық, Араша да болар ма, Қызыл таңда көз жұмып, Шыбын жанды қиғанға? Жастыққа тисе жұмыр бас, Қалармыз бір күн налынып. Ағайын-тума, қарындас, Қамығарсың бізді сағынып. Бауыры суық қара жер, Мамықтай жұмсақ боларсың, Жатарсың-ау бір үстімде, Әміре топырақ жамылып. Күрмелген күні қызыл тіл, Қырық адам қабірден Адамдар кейін қайтқанда. Мәңкүр-Нәңкүр қасыма, Жақындап келіп тергесе, «Сөйлесейік, Сүгір» деп, Не деп жауап беремін? Сүгір өз басынан өткендерін, өзі куә болған оқиғаларды, ойына оралып, санасына түйгендерін үнемі халықтық сипатқа айналдырып отырған. Әрбір айтқан өсиеттері халықты имандылыққа шақырып, Құранның сөзінің һақ екенін нақты мысалдармен дәлелдеп отырған. Фәниден бақиға аттанғанда пенденің істеген күнәлары үшін тозаққа баратынын айқын аңғартады. Ол тозақтың түрлерінде қолмен қойғандай етіп айтып береді. Әрине, бұл оның діни сауатының мықты және мол екенін көрсетеді. Мысалы, ол адам басында кездесетін жеті тозақты былайынша суреттейді. Бұл мұсылман пендесін жамандықтан қашық болып, жақсылардың қатарына қосылуға үндейді. Жарылғайды дағы Жасаған, Құлым десе айтқан дұғамнан. Өзім де болжап жатырмын, Салыстырсам, көп екен, Сауаптан, қылған күнәміз. Алла, нәби Мұхаммед, Біз – күнәһар пендеңбіз. Барған күні алдыңа, Өзің назар салмасаң Жанған оттай сөнгенбіз... Кешегі жастық күнінде, Молдалар айтса – алыстым, Бірталай жерге барыстым. «Күнәлі жалғыз мен бе?» - деп, «Тексерер мені сен бе?» - деп. Күнә болса жыршылық Абыл мен Қабыл екеуін, Жеті түрлі саз бенен, Кеудесіне сыйғызып, Туғызған мына мен бе? - деп. Алланың берген ақ сөзін Айьтпа дейсің халқыма, Қанша бір молда болсаң да, Ақылың пәмді өлшеулі, Осы бір жерің жөн бе?» - деп. Мұсылманға салынған, Сегіз жұмақ сарай бар. Жеті тозақ және бар: Бірінші тозақ - өлгенде, Кірлеген көңіл дініңнен, Екінші тозақ болады дейді, Сүйексіз қызыл тіліңнен. Үшінші тозақ және бар, Зекетсіз баққан малыңнан. Төртінші тозақ тағы бар, Некесіз алған жарыңнан. Бесінші тозақ және бар, Қарасы көп басында. Ағаң менен ініңнен, Алтыншы тозақ және бар: Ағайынды сыйламай, Желденіп көңіл ісінген. Жетінші тозақ болады дейді, Теріс қылық ісіңнен. Көтерілмей топырақтан, Қиналады дейді пендесі. Сол уақыттар болғанда Жылайды дейді қарағым, Қайғыланып һәммесі. Ашылады дейді көңілдің, Қулһуалла пердесі. Міне, осы тозақтардан құтылу үшін Сүкең тағы да толғап, өз замандастарына, қала берді соңғы ұрпаққа одан құтылудың да жолын нұсқайды. Ол үшін Алла тағаланың бұйрығын дұрыс орындап жүру әрбір мұсылман пендесінің қарызы мен парызы екендігін нәсияттайды. Құран сүрелері мен Пайғамбар хадистерін маржан сөзге айналдырып, момын мұсылмандарға қарапайым тілмен түсіндіреді. ...Сол уақыттар болғанда, Айтады дейді бір Алла: «- Ей, күнәһар құлдарым, Білмедің бе дүниенің Азырақ ермек қылғанын. Бес уақыт намаз, отыз күн Ораза, намаз тұтсын деп, Ризық қылдым білсін деп, Сонда да мені білмедің. Екі аяқты қондырдым, Өле-өлгенше тірлікте, Пырақ қылып жүрсін деп, Сонда да мені білмедің. Сені жаяу қылмадым, Жүйрік бердім астыңа, Өле-өлгенше көсілтіп, Жорғасын мына мінсін деп. Жәннаттан алып мал бердім, Сорпа ішіп, етін жесін деп. Аузыңа маржан тіс бердім, Қиналмай рахат көрсін деп. Қойныңа салып жар бердім, Раушан ойнап күлсін деп. Ұл мен қызды мен бердім, Өріс қылып тірлікте, Барып-келіп жүрсін деп. Жеті қат көктің үстінде, Түрлі жеміс шығардым, Шырынын татып жесін деп. Ауру бердім тағы да, Аспалаған пендеге, Кәлимаға тілі келсін деп. .Дәреттедім үстіңді, Жұмаққа таза кірсін деп, Әмірімді білсін деп, Сонда де мені білмедің, Дегеніме жүрмедің. Сәбидей алдым балаңды, Тозаққа жақын барғанда, Атасы мен анасын Арашалап алсын деп. Сегіз жұмақ пейіште, Біріншісін байқасаң: Әлиф мен мим, нун деген. Екінші жәннат, байқасаң, Тар лахат – жалғыз сымменен. Ысырат майдан күнінде Алдында тұрған құрам бар, Пайғамбар мінген пырақтың, Реңі иман мұң деген. Мәраиям, Жақып, Ыбырайым, Смағұл менен Ысқақтар Жүгіріп шығар алдынан. Смағұл жатқан жерінен, Жәннәттың суын шығардым, Пендесі келіп ішсін деп. Арапа таудың басында, Адам – Ата, Һауа – Ана, Екеуін қатар жатқыздым, Бауырына сені өнсін деп. Аспаланған көңілі, Сен де пақыр пендесің, Соларға тіпті сенбеген»... Сүгір Бегендікұлының дін тақырыбында жырлағаны тек бұл ғана емес. Оның көптеген жыр-термелері осы тақырыпқа арналған. Мысалы, оның Сәттіғұлмен айтысындағы сөздер де тікелей дін тақырыбына арналған. Жалпы Сүкең Сәттіғұлмен айтыспаған. Оны кейбіреулер екеуінің өресін байқау үшін бе, әлде арандатуға ма әйтеуір екеуінің арасына от салып, бір-біріне айдап салады. Бұған шамданған Сәттіғұл Сүгірге арнайы хат жазады. Сол хатында оған жұмбақтап біраз нәрсе айтады. «Осыларды дұрыс шешіп, жырмен жауап берсең ғана, маған теңелесің, менімен айтысуға жарайсың» деген пиғылда хат жолдайды. Сүкең өзінен біраз жас үлкен ағасын сыйлай отырып, сыпайы жауап береді. Сыпайы сөйлесе де нақты жауабын жырмен жаза отырып, ашудың ізін байқатып қалатын сияқты. Енді домбырасыз, қағазға ғана жазылған айтыстан қысқаша мысал келтіріп көрелік. Сәттіғұл: ...Мына жұмбағымды шешіп көр, Бейімің болса ілімге: Жаратқан Алла бір еді, Һәмменің әлін біледі. Біреуді біреу ғайбаттап, Сыртынан сөйлеу күнә-ді. Он төрт қабат жер мен көк, Ұсталып немен тұрады? Он сегіз мың ғаламда, Ең әуелі қосылып, Некелескен кім еді? Қайымға дейін қанша еді, Бұл заманның сүрегі? Иәжуж бен Мәжуіж Бұлар кімнің дүрі еді? Неше мезгіл кәрленіп, Ысрафил сүргін үреді? Алланың досы Мұхаммед Көкке шығып кезгенде Көлігінің түсін айт Нешік еді реңі? Қызыр Ілияс пайғамбар, Әзірге дейін тірлікте, Неліктен өлмей жүр еді? Ғаршыны неден жаратқан, Оның нешеу еді тіреуі? Сүйеймендей патшаның Бұйрығынан босанып, Періште, құстар жын менен Неше жылда жүреді? Жиырма тоғыз әріпте, Не сөз еді «нұн» деген? Білікті болсаң, шырағым, Бұл сөзім саған біл деген. Біле алмасаң бұл сөзді, Осыменен тын деген... Сүгір: Он сегіз мың ғаламда, Жаратылған көп мақұлық. «Құлым» десе, Жасаған Сайралы пейіл толмақлық, Жеделге мінген «жеңем» деп, «Сөздің парқын білем» деп, Керегі қанша ғайбатлық? Ғалымдар айтса дұрысын Жеделдің орны тозақлық. Абыл мен Қабыл екеуі, Бір анадан тумақлық. Көктен қылыш енгенде, Әнбиелер бергенде Алпыс үш еді ылым-бап. Мұның несін шеш дедің? Дүниенің тұтқасы, Тұрғандай менің тіліде-ақ. Жыр айтуға келгенде, Орта емес шығар бүгінде, Сіздің бақтан біздің бақ. Бізге шеш деп тастадың, Он төрт ауыз бұл жұмбақ. Бұл айтылған сөздерің Оқыған жанға ортақ зат. Көңіліме сөзің көрінді, Әжептәуір сып-сыйдақ. Кімнің жақсы-жаманы, Кімнің жүйрік-шабаны, Лаухыда бұрын сызылмақ. Жақын адам алжасса, Ара алшайып бұзылмақ. Қарағантүп, Бозащы, Қызылқұмнан бері қарай, Нәсибе айдап желіпсің. Ең әуелі ініңе, Некеленген кім депсің. Некеленген кім десең Некеленген әуелде, Тәблият пен Жәблият, Осылай дейді қаулият. Пормыларын сұрасаң: Бір пормысы жыландай, Бір пормысы шаяндай, Мұның несін сұрадың? Оқулы жанға аянды-ай. Артық санап жүр едім, Алдымдағы ағамды. Шариғаттан – алыстан, Жұмбақ шеш деп тіледің. Өлтіремісің білмесем, Бұқараның бірі едім. Жаралап еді үш рет, Иәжуіж бен Мәжуіж Қайдан шықты десеңіз? Адам-Ата нысанның, Шәһуәтінен шығып еді. Ғаршыда тіреу төрт еді, Жазулы тұр Құранда, Иәума изем Сәмәния. Хадис ортасында Құранның, Соның нышан шерті еді. Ысырафил сүргін десеңіз, Үш мәртебе үргенде, Ғарасатқа айдап жүргенде, Құл болып таулар ұшар ма? Адамзат, хайуан қысырап Сәбилер бойдан түсер ме? Қарап тұрсам, мысалға: Жақын ағам жат болып, Ақиретті біл деп қысар ма? «Нұн» деген сөзің нұр болар, Жаратылған «нұн» мен деп, Бұл айтқан сөзің шын болар. Жер аймағын көтерген, Мүйізінің ұшында, Яһуда өгіз сол болар. Артыңда жеткен ініңді, Не қылғаның мыжыңдап? Жүк салдың ауыр балаға, Сұрағасын бұйымдап. Сөз қайырып жатырмын, Жазығым жоқ еді ағама... «Ер шекіспей бекіспейді» дегендей осы қағаз жүзіндегі айтыстан кейін Сәттіғұл Жанқабылұлы мен Сүгір Бегендікұлы өзара татуласып, өмірлерінің ақырына дейін ағалы-інілідей сыйласып араласып кеткен екен. Әрине, «Жамандардың ашуы басы жерге жеткенше, жақсылардың ашуы шәйі орамал кепкенше» деп қазекем бекерге айтпаған екен-ау, жарықтықтар. Егер екеуі де өмірінің ақырына дейін біріне-бірі қырғиқабақ болып, кездескен жерде бір-біріне дүрдараз қалыптан танбай, дөңайбат көрсетіп жүрсе, өздеріне де, өзгелерге де, ел-жұртқа да, басқа әріптестері мен өнерсүйер қауымға да жақсы атақ, абырой әпермес еді. «Досқа күлкі, дұшпанға таба» болар еді. Әйтсе де, біз айбарлы екі ақынның аңдаусызда болған осы айтысынан екеуінің де діни сауаттарының мықты, бұл тақырыпты шебер меңгергендігін айқын аңғарамыз. Біз мысалы, Ыбырай Алтынсариннің «Кел балалар, оқылық!» деген өлеңінің «Бір Аллаға сыйынып» деген қатармен басталатынын кеңестік дәуірде өмірімізше естігеніміз де, білгеніміз де жоқ. Тек тәуелсіздік орнағасын көптен кейін оқып, көріп таң қалғанбыз. Сүгірдің жырлары да сондай. Сонау кеңестік дәуірде коммунистік саясаттың сүзгісінен әбден сығымдалып өткен, яғни өмірдің тек ғана жарқын жақтарын дәріптеген жырлары ғұмыр кешті. «Биссимилласыз» бастаған жырлары өте аз. Құран сүрелері мен Пайғамбар хадистерінен мысалдар келтіріп, жұртшылықты имандылыққа шақырып, Алланың ақ жолын, ислам дінінің әділдігін, тұрақтылығын насихаттап, шариғатты шалқытып, шарықтатқан жырларының көпшілігі жұртшылықтың сусынын қандырмай-ақ «каторгаға» айдалып жатқан. Еліміз Егемендік алып, халқымыз Тәуелсіздікке еріскелі Сүкеңнің мерейтойлық даталары белгіленіп, есімі көше, мектептерге беріліп, еңселі ескерткіштері орнатылғанымен дін тақырыбында айтқан терме-жырларының бағы жанды деп айту әрине қиын. Оның басты себебі, еліміз еріскен егемендікке ширек ғасыр уақыт толса да, рухани жағынан толық тәуелсіздікке қолымыздың жетпегенін жасырудың қажеті жоқ. Өйткені биліктің қос шылбырын да, бір тізгінін де мықтап ұстап отырғандардың көпшілігінің баяғы кеңестің қатаң да, қасаң қағидаларының қатпары мен қаспағынан әлге дейін құтыла алмағандығының кесірінен екені бесенеден белгілі. Соның салдарынан жоғарыдағы биліктің қасы мен қабағына қараған, жергілікті елдің тізгінін ұстаған бишікештер Сүгір шығармаларына арналған шараларда баяғы кеңестік саясат кезінде әбден «күзеліп», «түзелген» терме-жырларын шиырлаудан әріге аспайды. Өткен жылы қыркүйек айында құрылған Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінен үмітіміз көп еді. Бірақ жаңа министр Нұрлан Ермекбаевтың мешіттердегі имамдар уағыздарды орыс тілінде айтсын дегеніне тіксініп қалдық. Қазақстанның басқа кейбір аймақтарында болмаса уағыздарды орыс тілінде тыңдауға құлшынып тұрғандар 360 әулиелі киелі мекен Маңғыстаудан табыла қоймас деп ойлаймыз. Тағы да келешекте «Айтылар уағыздарды ағылшынша айтыңдар, шетелдерден келген қонақтар мен туристер де түсінсін» деп дін министрі бүйректен сирақ шығармағай деп тіледік және әлгіндей бұйрықты бұрқыратып жіберіп, халықтың шамына тимегеніне шүкір еттік. Әйтпесе, біздің елімізде шалажансар заңдар аз ба? Тіпті кейбір заңдардың қашан шыққанын білмей шатасып жатқан министрлерді де көзіміз көріп отырған жоқ па? Сонда да солардың айтқанына көніп, айдағанына жүріп, шалажансар бұйрықтарына еріксіз мойынсұнуға мәжбүрміз. Сондағы айтайын дегеніміз, мешіттердегі имамдарға уағыздарыңды орыс тілінде айтыңдар дегенше, осы Сүгір сияқты дін тақырыбын көркем тілмен әдіптеп, жеті жүйеңе жеткізіп, түсінікті тілмен түйіп, санаңа сіңіретін жыр-термелері әлдеқайда артық емес пе? Өйткені XVIII-XIX ғасырлар мен ХХ ғасыр басындағы қазақ ақын-жырауларының дін тақырыбын жырламағаны кемде кем. Керек болса, Иман Жүсіп, Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы да бұл тақырыпты айналып өтпеген. Тіпті қазақ әдебиетінің тарихында кейбір көрнекті тұлғалардың қазақтың шежіресін поэзия тілімен жазуға атсалысқандары жоқ емес. Қазіргі кезде телеарналарды ашып қалсаң түрік, үнді, жапон, кәріс, қытай сериалдарынан басқаны көре алмайсың. Күнделікті тынымсыз берілетін шоу концерттері мен әзіл-сықақ театрларының сағыздай созылып, таусылмайтын ыржалақтаған дәмсіз көрсетілімдері көрермен қауымның жүйкесін әбден жұқартып жіберді. Оның орнына соңғы кездері халықтың сынына көп ұшырап жүрген «Асыл арна» және «Хабар» мен «Қазақстан» секілді арналар елге ұнамаған мағынасыз хабарларын шектеп Сүгір сияқты басқа да ақиық, арқалы ақын-жырау, жыршы-термешілердің ислам дініне арнаған нәсият сөздерін насихаттаса жан-жақты пайдалы болар еді. Сонда ең болмаса қазақтың қаракөз қыз-жігіттері Сирия сияқты отқа оранып, оқ қардай борап, жаңбырдай жауып тұрған жақтарға сүйретілмес еді. Терроршы азғындардың азғыруларына еріп, әртүрлі жағымсыз діни ұйымдар мен секталардың шырмауына шырматылып, азғыруына арандап, әке-шешесіне, ағайын-туыс, қандас бауырларына қарсы оқ атып, ылаңкестік жасап, тума-туысқандарын қайғыға тұншықтырып, бейбіт тұрғындарды қызыл қанға бөктірмес еді. Өйткені Сүгір Бегендікұлы сияқты от тілді, орақ ауызды ақиық ақындардың асыл сөздері қазақтың қара домбырасының күмбірі, сырлы сазы, әсем әуенімен бірге қоңыр дауыспен айтылғандықтан кез келген мейірімсіз, тасбауыр, қатыгез жандардың да кеудесіне нұр құйып, жүрегіне жылылық ұялатып, шарапат пен шапағаттың сәулесін шашатыны күмәнсіз. Ертеректе «Қазақстан-Ақтау» атанған Маңғыстау облыстық телеарнасын Иманбай Жұбаев деген ұлтжанды, аса тәжірибелі журналист жігіт басқарды. Ол келуден «Маңғыстау марқасқалары», «Маңғыстау майталмандары», «Маңғыстау мақамдары» деген сияқты құнды-құнды көптеген хабарлар ұйымдастырып, облыс тұрғындарының ыстық ықыласына бөленіп, алғысына кенелген болатын. Ал қазір ше? «Сананы тұрмыс билейді» дегендей күнделікті тиін-тебен табу үшін бұрынғы құнды дүниелердің бастарынан бақ тайды. Дегенмен бұрынғы құндылықтарды қайта жаңартып, қайта жаңғыртып, халыққа қайта ұсыну керек. Мұқағалиша айтқанда «Қазақтың күпі киген қара өлеңін, шапан жауып өздеріне қайтара алсақ» ешқашан ештеңеден ұтылмаймыз. Қайта керісінше дос-дұшпанның алдында жалымыз биік, мерейіміз үстім, жолымыз ашылып, жанымыз жадырай түседі. Керегеміз кеңейіп, өркениетті, ұлтжанды іргелі елдермен тереземіз теңеледі. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, от тілді, орақ ауызды Сүгір Бегендікұлының діндар ақын екендігіне ешқандай күмән жоқ. Бірақ ораза ұстап, намаз оқымаған. Сонда да дін тақырыбын өзгелерден артық игеріп, жасқанбай, жалтақтамай жырлаған. Алланың ақ жолын, ислам дінінің құндылықтарын тартынбай түсіндіріп насихаттаған. Дегенмен өз айыбын өзі түсініп, Жаратқан иемізден жалбарына кешірім сұраған. Ол кінәсі мен күнәсін өзінің отты жырларымен жуып-шәюға тырысқан секілді. Ол туралы өзі былай деген: Адайда Сүгір мен едім, Ортасында халқымның, Осылай сөйлеп көлбеген. Ырза бол Алла, Мұхаммед, Бес парыз, намаз, ораза, Өтей алмай артыңнан, Көңілім бүгін сарқылған. Басыңнан бағың кеткен күн, Қатын-бала қара орман, Жаныңды алып қала алмас. Перзентің тәтті болғанмен, «Керек еді-ау атам» деп, Орыныңа бара алмас. Ағайын, тума, қарындас, «Сүгірді бізге қалдыр» деп, Арашалап ала алмас... – деген екен. Сондықтан әрбір мұсылман баласы Алланы, имандылықты естен шығармай, Тәңірдің тартуын қамшының сабындай қысқа ғұмырында нәтижелі пайдалануы керек. Сондай-ақ, сол шұғыланы айналасына шашып, төңірегін нұрландырып отырса құба-құп.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН Қазақстан Журналистер одағының мүшесі