Ақтау қалалық әкімдігінде бұқаралық ақпарат өкілдерімен өткен кездесу «Web-ресурс: Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметінің ашықтығы» деген тақырыпта өтті. Бас қосуды қалалық тұрғын үй –коммуналдық қызмет бөлімінің басшысы Руслан Жүкенов кіріспе сөз сөйлеп ашты.
Шақыртуларды өңдеу орталығы арқылы «Тұрғын үй-коммуналдық қызмет ашықтығы жүйесін» енгізу- «Ұлт жоспары-100 қадам» бес институционалдық реформасын іске асырудың , тұрғын үй-шаруашылық саласында әкімдік жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету, комуналдық қызмет көрсетушілер қызметіне баға беру, тұрғындарды шешім қабылдау процесіне қатыстырудың тиімді мүмкіндігі.
Ашығын айтайық, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында, соның ішінде көп пәтерлі тұрғын үйлерде шешілмей жатқан проблемалар жеткілікті. Тұрғындарды, пәтер иелерін монополистердің тарифі, көп пәтерлі тұрғын үйге қызмет көрсетудегі жұмыс сапасы, тарифтер белгілеу, коммуналдық қызметтің есептелуі, ақы төлеу, басқа да көптеген мәселелер мазалайды. Бұл ретте, ашықтықтың болмауы, тарифтер қалыптастыру, басқа да төлемдерді есептеудегі кереғарлықтар, коммуналдық шаруашылық саласы мекемелердің өз арасында және тұрғындармен қарым-қатынаста түсінбеушілік ахуал қалыптастырып, шағымдардың туындауына себепші болып жататыны да рас. Салалас мекемелердің қызметін үйлестіру, бір мақсатқа жұмылдыру арқылы ғана сан-алуан міндеттерді тиімді шешуге болады.
Жиында «Smart-Ex» ЖШС –нің менеджері Айгүл Арипова, Маңғыстау облысы бойынша БҰҰ Даму бағдарламасының менеджері Асима Сұлтанова, «Светлана» тұрғын-үй иелері коперативі төрайымы Валентина Курицина уақыт талабынан туындап отырған жаңа жүйенің тиімділігі жайында баяндады.
Жұмыс алға басу үшін ашықтық болғаны, тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және басқару процесінде өзара байланысты тараптар ( пәтер иелері, коммуналдық қызметті жеткізушілер, қызмет көрсететін кәсіпорындары) арасында іс-қимыл байланысы тиімді жолға қойылуы керек. Міне, осыны ескере отырып, ҚР Ұлттық экономика министрлігі сияқты құрылымдардың пікірін ескере отырып, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында БҰҰ Бірлескен бағдарламасы шеңберінде 2014 жылдан бастап БҰҰ Даму бағдарламасы сапалы коммуналдық қызмет көрсетуді мақсат еткен тұрғын үй коммуналдық жүйесі салаларының ашықтығын, тиімділігін, сенімділігін қамтамасыз ету мақсатында жоба Концепциясын жасақтаған болатын. Коммуналдық қызмет тұтынушылары қатарына бюджеттік мекемелер де кіріп (мектеп, балабақша, т.б) тұтынатын энергия мөлшері, су, жылу көлемі қаперге алынды.
Ақтаудағы Тұрғын үй басқару орталығы көп пәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесі қызметін ақпараттандыру үшін Біртұтас Веб-портал құрып отыр. Сондай-ақ, тұрғындардың өтініштерін тіркеп, жауап беру, дер кезінде шарасын алуды қамтамасыз ету мақсатында «Шақыртуларды өңдеу орталығы» жұмыс жасайды. Уақыт талабынан туындаған бұл екі қызметті де іске асырып отырған , конкурстың жеңімпазы болған “Smart-Ex» ЖШС –і.
Сонымен, қарапайым тілмен айтсақ, тұрғын- үй коммуналдық қызметке қатысты ақпараттардың автоматтандырылған жинақтау жүйесі іске қосылады. Жұмыс процесін Ақтау қаласы әкімдігі мен оған қарайтын мекеме қызметкерлері, коммуналдық шаруашылық басшылары, тұрғындар қадағалап отыра алады. Нәтижесінде, ашықтық қамтамасыз етіліп, жұмыс тиімділігі артады. Ақпарат бір жерде жинақталғандықтан жұртшылық қызмет сапасын салыстырып, бақылай алады. «Шақыртуларды өңдеу орталығы» арқылы орталық апатты –анықтама қызметіне қосылуға, клиенттермен іс-әрекет процесін автоматтандыруға, ақпараттық шараларды ( жиналыстар, қарызы барларды шақырып, сөйлесу, атқарылатын жұмыстардан хабардар етіп отыру) жоспарлауға және өткізуге, түскен ақпаратты жүйелеп, талдау жасауға мүмкіндік туады. Нәтижесінде, тұрғындардың өтініштерінің орындалуына бақылау, қызмет сапасы, тұрғын үй иелері кооперативі имиджі жақсарады. Әрбір өтініштің орындалуы мерзімі, белгілі бір себептерден орындалмағандарының саны, авариялық жағдайлардың орын алу көрсеткіштері –бәрі-бәрі интернет жүйесінде бақыланып отырғандықтан бір-бірімен тізбектеліп, сабақтасып жатқан коммуналдық қызмет көрсететін мекемелер жұмысында жауапкершілік артып, жұмыс нәтижесі жақсармақ.
Жаңа қадам, тың бастама болғандықтан алғашқы нәтиже жайлы айтуға әлі ерте. Істің ілгері басуы порталға енген тұрғындардың белсенділік танытып, жалпы қалалық және аула ішілік проблемаларды шешуге белсене қатысуына, тұрғын үй –коммуналдық шаруашылық мекемелерінің жұмысын жақсартуға байланысты ұсыныс-пікірлерін білдіріп, мүдде біріктіре, ортақ іске жұмылуына байланысты. Қала халқының басым дені жастар, интернетті меңгерген, оқығаны-тоқығаны бар мамандық иелері. Десек те, ғаламтордан» қонысын» алшақ құрған қариялар, егде жастағы тұрғындар да жоқ емес. Бұл жағы да ескеріліп отыр. Қажет еткен тұрғындар қала әкімдігіндегі 33-65-30, 33-65-32, 50-05-36 нөмеріне телефон шалып, ақпарат алуына да болады.
Болат Үмбетов Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН