©
Амал – Алаштың тойы
Бабадан қалған мұрамыз – салт-дәстүрімізді көздің қарашығындай сақтау – біздің парызымыз. Қашаннан қазақ үшін қастерлі саналған Қарашаңырақ бой көтерген Отпан тауда жыл сайын Амал мерекесін қарсы алу – тінін үзбей келе жатырған әдемі дәстүрге айналды. Осы үрдісті кең байтақ жеріміздің түкпір түкпіріндегі ағайындар да қолдап, өз тілеулестігін білдіріп келеді. Биылғы Амал мерекесіне де санаулы күндер қалды. Оны өткізу міндеті Тәзіке руының азаматтарына жүктеліп отыр... Айта кету керек, биыл ынталы топтың бастамасымен Отпан таудағы Амал мерекесін келер 2018 жылдан бастап тойлаудың жаңа Ережесі бекітілді. Төменде осы Ережені жариялай отырып, бұл қағидалардың дәстүрлерімізді ұлықтауға, тұтас қазақ елінің бірлігін одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сеніміміз мол. Сондықтан тұтас ел болып, халық болып қолдау білдірейік! Амал мерекесінде амандықпен көріскенше, ағайын!Алтынгүл Меңдіхан
Маңғыстау облысы «Адай ата – Отпан тау» тарихи-танымдық этно-мәдени орталығының түпкі мақсаты - ұлт бірлігі мен тұтастығын, қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптеу, зерттеу, жастарға үлгі ету; ұлттық шежіре, Қарашаңырақ ұғымы негізінде қалыптасқан ұлт санасындағы қандастық, туыстық, бауырластық сезімді ояту; ұлттық тарих, халық, ата-баба рухы алдындағы перзенттік, болашақтың алдындағы әкелік парыз-міндеттерді салт-дәстүрмен байланыстыру; танымдық, өркениеттік талап-тілектер мен заманауи қажеттіліктерге байланысты өзекті мәдени іс - шараларды ұйымдастыруға бұқаралық сипат беру.
Адай ата – қазақы Қарашаңырақ ұғымының алтын қазығы. Қазақ Атаның кенжесі. Ұлттық шежіреміздің желісінде қалыптасқан осы киелі қағиданы Адай ата ұрпақтары бүгінгі таңға дейін абыроймен жалғастырып келді. Отпан тауда Амал мерекесін атап, ас-садақа беріп, алты Алаштың өткені мен болашағының құрметі үшін дұға бағыштап, тілек тіледі. Маңғыстаулықтар және үш жүздің қазағынан келген өкілдер сан мәрте бірге отырып, дұға жасады, бата қылды, бір қазаннан - қарақазаннан дәм татты. Ұлттық салт-дәстүр шеңберіндегі қазақы туыстық сезімді ояту деп жүргеніміздің өзі де осындай амалдардың жиынтығынан құралады.
Аса күрделі бұл шараларды Адай атаның сегіз бірдей ұрпағы кезек-кезек өз мойындарына алып, жауапкершілікпен атқарды. Игілікті іске Елбасынан бастап күллі қазақ елінің зиялы қауымы, жалпы бұқара, билік өкілдері тілекші болды, көмектесті. Мәдени нысандар салынды. Осының барлығы болашақ ұрпақ пен ата - баба рухын сабақтастырудан туған ниет, ұлттық тарих пен қарапайым қағидаларды дәнекерлеудің амалы. «Адай ата – Отпан тау» этно - мәдени орталығы 2007 жылы ашылды. Міне, содан бері он жыл өтті... Отпан - ордалы тұғырға айналды. Бұдан былайғы жерде Адай ата кесенесінде, Отпан тауда, Қарашаңырақ пен қарақазанда жүз мыңдаған адамдардың ақ тілегі мен батасы, дұғасының киесі бар екендігін ескеріп жүруге тура келеді. Баршасына Алланың нұры жаусын!
Қазаққа ортақ ар мен намыстың, мақсат пен мүдденің аясында үш жүздің азаматтары бірге тұрып, Ұран от жағу рәсімін жасады. Санасы ояу алаш азаматтары Маңғыстау халқының қазақы дәстүр мен салтқа және әлемдегі қазақ ұлтының ынтымақ- ықыласына деген пейіл – махаббаты мен ынта - жігеріне куә болды.
Биыл 2017 жылы Амал мерекесін өткізу міндеті мен ұран от жағу мәртебесін Тәзіке руының азаматтары өз қолына алғанын көпшілік біледі. (Бұйырса, Тәзіке руының азаматтары ұран от рәсімін орындаған сәттен бастап, Адай атаның сегіз немересінен тараған ұрпақ бір-бірден ас-мереке өткізіп шыққан болып есептеледі. Амал мерекесінің аясында Отпан тауда өтетін ата ұрпақтарының ас-мереке шеруінің бірінші айналымы осымен аяқталады. Келесі кезеңдегі Отпан тауда өтетін Амал мерекесіне байланысты дәстүрлі мәдени іс-шараларды қоғамдық негізде ұйымдастырудың амал-әрекеттеріне аздаған өзгерістер енгізіледі. Бұл - Қарашаңырақ ұғымын жандандыру үшін қажет.) Маңғыстау облысы «Адай ата – Отпан тау» тарихи-танымдық этно-мәдени орталығында, ҚАРАШАҢЫРАҚ алаңында, қоғамдық негізде тұрақты түрде жыл сайын
Амал мерекесін өткізу үшін қолданыстағы халықтық қағидаға ынталы топтың бастамасымен енгізілген ӨЗГЕРІСТЕР:
1. 2018 жылдан бастап Маңғыстау облысы «Адай ата – Отпан тау» тарихи-танымдық этно-мәдени орталығында, ҚАРАШАҢЫРАҚ алаңында, қоғамдық негізде, тұрақты түрде жыл сайын Амал мерекесін өткізу үшін Адай Атаның сегіз арысынан бір-бірден өкіл белгіленіп, ЖҰМЫСШЫ ТОБЫНЫҢ АЛҚАСЫ ҚҰРЫЛДЫ.
(Ескерту: Жұмысшы тобының алқасы дегеніміз әр рудан (сегіз арыс) белгіленген ынталы топтың жиынтығы. Аталмыш жұмысшы тобы - Отпан таудағы Амал мерекесін ұйымдастырады. Ұлттық салт-дәстүрімізді, қазағымызға тән ортақ қағидалы әдеп-ғұрыптарымызды дәріптейді. Мемлекетпен бірге қоғамдық, бұқаралық негізде қызмет жасауды көздейді. Адай Ата ұрпақтары –ҚАРАШАҢЫРАҚТЫҢ иесі ретінде ұлттық мүдде тұрғысынан, перзенттік парыз-міндетін тұрақты түрде аса жауапкершілікпен атқаруды мақсат тұтады. Бірақ бұл Сегіз арыстан құрылған жұмысшы тобының ғана алқасы, Ақсақалдар алқасы емес. Ақсақалдар алқасын сәті келгенде, ақсақалдар өз шешімдерімен құратын болады.)
2.Сегіз арыс өкілінен құрылған осы жұмысшы тобының тұрақты алқасына Төраға сайланады. (Төраға - Сегіз арыстың тұрақты өкілдерінен бір жыл мерзімге сайланады және алқаны басқарып, Амал мерекесін өткізуге, Сегіз арыс – Адай Ата ұрпақтарын бірдей дәрежеде жұмылдыруға жауапты болады. Бір жылдан соң төрағалық міндетті Сегіз арыстың келесі өкілі өз қолына алады. Осылай рет-ретімен тұрақты түрде қызмет атқарады. Мысалы, биыл Құнанорыс Атаның ұрпақтары төрағалық жасайды. (2017 – 2018ж.ж.). Ерекшеліктері: Бұрынғы қағидада белгіленгендей, Отпан тауда Амал мерекесін өткізуге жеке бір ру жауапты болып келді. Бұл қағида өз дәрежесінде қызмет жасады, азаматтар тәжірибе алды, бүкіл бұқара xалық Амал мерекесін ұйымдастыруға атсалысты. Ендігі жаңа қағида бойынша, жаңа құрылған, сегіз арыстан құралған жұмысшы тобының алқасы бірдей дәрежеде төрағасымен бірге Отпан таудағы Амал мерекесін ұйымдастыруға жауапты болады.
3. Бұдан былайғы жылдарда Адай Атаның сегіз немересінен тараған рулар (Сегіз арыс: Қосай, Тәзіке, Ақпан, Құнанорыс, Балықшы, Жеменей, Тобыш, Мұңал) Отпан таудағы Амал мерекесін өткізу үшін, әр ру ҮШ КИІЗ ҮЙ тігуге міндетті болады. Сонда Сегіз арыс – Адай Ата ұрпағы үш үштен 24 үйді тұрақты түрде тігіп отырады. Бұқара халыққа салмақ салынбайды. Әр Рудан тігілетін ҮШ ҮЙДІ жекелеген Азаматтар да көтереді.Әулеттің, рудың, жүздің, ұжымның т с.с. аттарынан қосымша қанша үй тігеміз десе де - ерікті. Жұмысшы тобының алқасына хабарласып, үйлестіреді, қарсылық жоқ. (Біз тек Сегіз арыс тігуге міндетті болатын жиырма төрт үйді ғана сөз қылып отырмыз).
4. Жұмысшы тобының алқасы және төрағасы Амал мерекесіндегі мәдени және спорттық шараларға, өзге де игілікті істерге мұрындық болады. Билік өкілдері, кәсіпкерлер, алыс-жақындағы қазағымыздың азаматтары бабалар рухының құрметі үшін, ұлттық салт-дәстүріміз бен тұтастығымыз үшін қызмет жасап келеді. Алдағы уақытта да Ұлттық мемлекетіміздің Тәуелсіздігі мен тыныштығы үшін, қазақы салт-дәстүріміздің өркендей беруі үшін саналы Азаматтар қызмет жасай береді деп сенеміз.
Отпан тауда жақын жылдарда жасалуы керек көп шаруаның ең өзекті тұстарын да айта кеткіміз келеді. Амал мерекесінің негізгі мереке өтетін орны - Қарашаңырақ алаңы. Оны өзгертуге болмайды. Қарашаңырақ алаңына қазақтың үш биі - Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің ескерткішін салу керек. Барлық қазақ руларының таңбалары нақышталған тақтатас салынғаны жөн. Барлық қазақ батырларының құрметіне бағышталған, Алаш батырының бірегей ескерткіш - нұсқасы жасақталса дейміз.Құдық қазған атақты бабаларымыздың ұрпақтары Адай атасының құрметіне бір құдық қазып берсе дейміз.
Маңғыстау – Қарашаңырақ. Сондықтан да Амал мерекесінің негізгі ауыртпалығын көтеріп, бүкіл қаракөз қазағымызды Отпан тауға Амал мерекесіне шақырады. Жылда Отпан тауда Қазақ Атамыздан тараған барлық ұрпақтардың құрметіне өткеніне дұға бағыштап, ұлтымызға, бүгінгі жастарымызға бақ – береке тілейміз.Осы мерекеге өз үлесімді қосамын дейтін барлық қазақтың баласына есік ашық.
Жұмысшы тобының алқасы
("Лада" газеті, 23.02.2017)