Жетінші сессия
Облыстық әкімдігінде облыстық мәслихаттың жетінші сессиясы болып өтті. Облыс, қала, аудан әкімдері, департамент, басқарма басшылары мен қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысқан кезекті жиында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес облыста әлеуметтік көмекті оңтайландыру, жергілікті полиция қызметі және облыстық мәслихаттың экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының жұмысы айтылды.
Кезекті сессияға 25 депутаттың 20-сы қатысты. Алғашқы баяндаманы облыс әкімінің орынбасары Шолпан Ильмұқанбетова жасап, «Өрлеу» жобасы туралы баяндады.
Аймағымыздың Ішкі істер органдары жергілікті полиция қызметі басшысы Амангелді Халмұратов сөз алып, жаңа құрылымның бүгінгі жұмысымен таныстырды. Құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу мен қоғамдық тәртіпті сақтауды мақсат ететін жергілікті полиция қызметі тұрғындармен тұрақты қарым-қатынас орнатуды көздейді.
Халық қалаулылары баяндамашыларды тыңдаған соң, өз ұсыныстарын айтты. Қанша жұмыс атқарылғанымен, кемшіліктер де баршылық. Облыс орталығында 2016 жылы 792 бейнетіркегіш орнатылған, дегенмен, бұл жеткілікті емес. Учаскелік полицейлердің жұмысын жандандыру қажет. Сессияда облыс әкімі Алик Айдарбаев депутаттардың жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады.
Кезекті жиында облыстық бюджетке өзгеріс енгізу мәселесі қаралуы тиіс болатын. Бірақ, ол кейінге шегеріліп, жетінші сессия аяқталмай қалды. Жақын арада депутаттар тағы бас қосып, осы мәселеге қатысты бір шешімге келетін болады.
Анар ШАМШАДИНОВА Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ