Өмірде расымен де түрлі тағдырлар бар екеніне сән мәрте көзіміз жетсе де бұл жолғы оқиғаның орны бөлек. Жақын адамыңнан қапыда көз жазып қалып, кейін тіпті бақилық болып кеткенін естіген өте аянышты. Ал, сол адамның араға жылдар салып ортамызда ғұмыр кешіп жатқанын естігенде қандай күйде болар едіңіз? Қостанай қаласының тұрғыны Евгения Давлетшинаның басынан осындай жағдай өткеніне куә болдық, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Кейіпкеріміздің әкесі Алик Давлетшин осыдан төрт жыл бұрын Ақтау қаласына жұмыс іздеп кетеді. Бұл Аликтің аталмыш шаһарға бірінші рет баруы емес екен. Өкінішке қарай, оның бұл жолғы Ақтауға жасаған сапары туыстары үшін өте ауыр болды. Өйткені, артында қалған бала-шағасы шаруақор әкесінің белгісіз біреулердің қолынан қаза болғаны туралы ақпаратты Ақтау қаласында бірнеше жыл пәтер жалдап тұрған әйелден естиді.
«Ол бізден қамқорлығын аяған емес. Әрі ішімдік те ішпейтін. Керісінше еңбекқор болатын. Ол өмір бойы түрлі қалаларға барып айлап, жылдап жұмыс істеп, табыс табатын. Сондықтан да біз оны орынсыз мазаламайтынбыз. Әкеміздің Ақтауға барған соң бірнеше ай хабарсыз кеткеніне алаңдамадық. Оның үйге оралатынына сенімді едік. Бірақ, межелі мерзімде келмеген соң дабыл қаға бастадық. Ол Қостанайда қаламы қарымды журналистердің бірі болды», – дейді қызы Евгения Давлетшина.
2013 жылы Ақтауға келген Алик туған-туыстарымен жиі хабарласып тұрыпты. Жанұясы оның хабарсыз кеткеніне 1 жылдан астам уақыт өткенде іздей бастаған. Әкесі Ақтауда жалдап тұрған пәтердің телефонына хабарласқанда, оның арақ ішіп жүріп, адам қолынан мерт болғанын айтқан. Артынша жергілікті тәртіп сақшыларына хабарласқан туыстарына Аликтің өлгендер тізімінде жоқ екенін баяндаған жауап келеді.
«Әкем бір бөлмесін жалдап тұрған әжей оның 2015 жылы көз жұмғанын айтты. Бұл хабар отбасымыз үшін өте ауыр болды. Артынан қайғыдан ес жиып әкеміздің қабірін іздедім. Осылайша құқық қорғау органдарының көмегіне жүгіндім. Ал, полицейлер өлгендер арасында әкемнің жоқ екенін анықтап берді. Сонымен қатар, 2016 жылы мекен жайы мен ешбір құжаты жоқ оған ұқсас адам Маңғыстау облыстық ауруханасына түскенін анықтап берді», – дейді Евгения.
Евгения Давлетшина әкесі туралы қандай да бір ақпарат табылып қала ма деген үмітпен күнде ғаламтордан ақтаулық ақпарат құралдарының сайттарын ақтарған. Евгенияның табанды іздеу жұмыстары өз нәтижесін беріпті. Ол жақында жергілікті «Лада» интернет басылымынан 2015 жылы түсірілген бейнежазбаны көзі шалады. Онда қаладағы үй-күйсіз қаңғыбас адамдар жайында айтылыпты. Жергілікті еріктілер қаңғыбас болып, үй-күйсіз күн кешіп жүргендерге бір уақыт ыстық тамақ беретіні туралы баяндаған. 2015 жылы түсірілген хабардан Евгения әкесін бірден таниды. Осылайша өлді деп жүрген Алик Давлетшин тірі болып шықты.
«Мен үшін әкемнің орны бөлек. Тіптен оның үсті лас, денсаулығында кінәрат болса да, оны адам қатарына қосу – менің перзенттік парызым. Қазір Ақтауда әкемді іздеп жатырмын. Маған жергілікті тәртіп сақшылары мен еріктілер де қол ұштарын созуда. Мен оны міндетті түрде тауып үйге алып кетемін. Әкемнің тірі екенін естігенде үйде бір сәтте отыра алмадым», – дейді қызы Евгения.
Ал осы орайда ақтаулық еріктілерге хабарласқанымызда, Алик Давлетшин естерінде ерекше сақталғанын айтты. Оған қарап қаңғыбас деп айтудың өзі қиын екенін жеткізді.
«Алик – мінезі өте ашық, тез тіл табысқыш адам. Ол құжаттарын жоғалтып алып, қалпына келтіруге тырысып, өтініш беруге барғанда оны сабылтып қойыпты. Құжат алуға төлейтін қалтасында қызыл тиыны болмағанның кесірінен бейтаныс қалада кезбелікке салынып кеткенін айтты», – дейді ақтаулық ерікті Екатерина Олефиренко.
Аликтің жоғарыда аталған «Лада» басылымына осыдан 2 жыл бұрын берген сұхбатында өзінің құжатсыз көшеде қаңғыбас болып жүргеніне 1 жыл болғанын, үйіне оралғысы келіп, құжаттарын қалпына келтірмек болған талпынысы да сәтсіз аяқталғанын, тіптен қыста үсіп қалмау үшін оңалту орталығына барғанында қабылдамай қойғанын айтқан. Соңында бәрінен түңіліп өмірден күдерімді үздім деген ол.
«Ақтауға келіп із-түзсіз жоғалып, қаңғыбас болып кеткен қостанайлық журналист Алик Давлетшинді іздеу жұмыстары жан-жақты жүріп жатыр. Оны үйіне алып кетуге Евгения Давлетшина Ақтауға арнайы келді. Ол жақын арада табылып қалады деген үміттеміз», – дейді Маңғыстау облыстық ІІД жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Ұлықбек Мылтықов.
Дереккөз: Baq.kz
Суреттер "Лада" интернет басылымынан алынды.