Шырайлы Шымкент қаласында гір тасын көтеру және қол күрестен республикалық жарыс мәресіне жетті. Жарысқа еліміздің барлық өңірінен жиналған 700-ге жуық спортшы қатысты. Олардың арасында «Қаражанбасмұнай» АҚ №2 мұнай өндіру цехының операторы әрі облыстық гір спортының бас бапкері Нартай Алтыбаевтың шәкірттері де бар.
-Жарыс 13-17 аралығында Шымкент қаласында өтті. Оған жеті шәкіртімді апардым. Олардың арасынан үш спортшы орын алып келді. Өзім «Қаражанбасмұнай» АҚ кен орнында он екі жылдан бері жұмыс істеймін, бос уақытымда гір тасын көтеруден спортшыларды жарыстарға дайындаймын. Кей кездері өзім де жарыстарға қатысып, өңір намысын республикалық жарыстарда қорғап жүрмін. Бұл жолы жарыста шәкірттеріме көп көңіл бөліп, өзіме аз дайындық жұмсадым. Сондықтан да өзім 5-ші орыннан көріндім. Бүгінгі таңда облыста 40-қа жуық шәкіртті тәрбиелеп жүрмін. Жарысқа қатысуға қолдау көрсеткен облыстық армрестлинг және гір федерациясының президенті Роман Исламғалиевқа алғыс айтамын,-дейді №2 мұнай өндіру цехының операторы әрі облыстық гір спортының бас бапкері Нартай Алтыбаев.
Жарыстың қорытындысында Нартай Алтыбаевтың шәкірттері жасөспірімдер арасында 24-тік екі гір тасын көтеруден Абзал Базарбаев күміс жүлдені және Нұркен Айтқали қола жүлдені иеленіп, бапкер үмітін ақтады. Одан бөлек, жастар арасында 32-лік екі гір тасын көтеруден Жомарт Роман қола жүлдені қанжығалады. Енді жеңімпаздар Азия чемпионатында ел намысын қорғамақ.
Венера МИРЛАН