©
Отандық өнім өндіру экономикалық даму үдерісіне ерек серпін береді. Отандық шикізатты өңдеу, соның негізінде сапалы өнім өндіру, ел пайдасына асырар жарамды дүние жасап шығару және осы істі тұрақты табыс көзіне айналдыру бәсекеге қабілетті кәсіпкерлік ортаны қалыптастырады. Бүгінде бизнес-бастамаға бел буа кірісуге бар жағдай жасалған. Мемлекет қаржылай, маркетингтік әрі серіктестік қолдау танытып, жан-жақтан демеуге дайын. Бұл жолда сатылы әрі жүйелі бағдарламалар жасақталып, білдей бір даму институттары құрылды. Екінші деңгейлі банктермен келіссөздер жүргізіліп, заңды құжаттар рәсімделді.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» өңірде бірнеше жылдан бері қызмет етіп келеді. Содан бері жергілікті атқарушы органдармен бірлесе өңірдің кәсіпкерлік өрісін кеңейтуде ауқымды істерді атқарды. Халықтың күмәнін сейілтіп, бизнес ортамен тығыз байланыс орнатты. Бүгінде даму институтының қолдауымен бизнес-жобасын жүзеге асырып, өз кәсібін жүргізіп отырған кәсіпкерлер қатары жыл сайын артып келеді. Биыл тың идеяға толы жасампаз жобалар легі жаңалықтармен толығады. Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы мен «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» басшыларының қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында жаңа іске білек сыбана кіріскен кәсіпкерлер таныстырылды.
«Жуырда ғана Елбасы халыққа кезекті Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлік нысандар жалпы өңірлік өнім көлемін 50 пайызға өсіру қажеттігін атап өтті. Экономикалық белсенді халық үлесін арттыру мәселесі де көтерілді. Көрсеткіштерге көз жүгіртсек, он жыл аралығында өңірде жұмыспен қамтылған халық үлесі екі есеге артқан. Жергілікті бюджет қорынан туризм саласын дамыту мақсатында 1 млрд.-қа жуық теңге сомасына кредиттік ресурс бөлінді. Ал 1 млрд. теңгеден астам қаржы микрокредиттік ресурстарға бөлінді. Қазіргі таңда 311 микрокредит берілген, бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда екі есеге ұлғайғандығын көрсетеді. Былтыр өңірде 179 жаңа жоба жүзеге асырылды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының» және екінші деңгейлі банктер қолдауы арқасында жобалардың 70 пайызы аудандарда орналасқан. Жаңаөзен қаласы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша нәтижелі жұмыс жасауда. 75 кәсіпкерлік нысан Жаңаөзен қаласы аумағында орын тепкен»,-дейді В.Мұстапаева.
Мәліметке сүйенсек, облыстық әкімдік тарапынан «Даму» қоры бастамасы қолдауға ие болып, өңірлік туризмді дамыту мақсатында жаңа қанатқақты жобаны іске асырған. Ал «Даму» қоры өңірлік филиалының директоры Б. Нұрғалиев былтыр даму институтымен 657 млн. теңгеге 127 жоба субсидияланғандығын атап өтті. Несиелердің жалпы сомасы 6,8 млрд. теңгені құрады. Жалпы сомасы 11,7 млрд. теңгеге 67 жоба қаржыландырылды, кәсіпкерлер үшін ең соңғы несиенің пайыздық мөлшерлемесі жылдық 6 пайызды құраған. Бірыңғай бағдарлама аясында бизнес-бастамалар да назардын тыс қалмапты.
Келелі басқосуда кәсіп көзін тапқан ісмер жандар табыс сырымен бөлісті. Мәселен, Басқұдық ауылы аумағында бой көтерген балалар ойын-сауық орталығы сәтті жүзеге асқан жобалардың бірі. Ауқымды кешен арнайы ойын-сауық аттракциондарымен, түрлі электронды құрал-жабдықтармен, көңіл көтеру әрі ойын алаңдарымен қамтылған. Кең, жайлы әрі жарық ғимарат балалар әрі ересектерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлаумен қатар, қолжетімді қызмет құнын ұсынады. Мәселен, таңғы сағат 10.00 –ден бастап кешкі 22.00-ге дейін әрбір балаға 600 ақ теңге. Ал әрбір сейсенбі сайын елу пайыз жеңілдік көзделген.
«Мен бұл істі бастамас бұрын қалада орналасқан ойын-сауық орталықтарына барып, қызметіне жан-жақты зер салдым. Демалыс күндері баламды апарсам, қалтамды ойып әкетеді. Баланы серуендету үшін он бес не жиырма мың теңге көлемінде ақшам кетеді. Ойлана келе, осы істі неге өзім жасамасқа деген шешімге келдім. Үш жыл бойы құжаттар жинақтап, бизнес-жобамды ұсынып, осы істің артына түстім. Өз басым баланың уақытын шектеуге түбегейлі қарсымын. Сондықтан біздің орталықта ойнау уақыты шектеусіз. Әрі қазақ отбасыларында 4-5 баладан. Олардың әрқайсысына ақша тауып беру ата-ана үшін өте ауыр. Қазіргі таңда Мәскеудегі О.D.A компаниясы тарапынан ұсыныс келіп түсті. Наурыз айында Ресейге сапар шегіп, жаңа ойын құрылғыларын алып келу жоспарымда бар»,-дейді «Халмурадов Э» ЖК өкілі Ерболат Айтжанов.
Көк толқыны тулаған, кәрі Каспий жағасында орын тепкен ақмаржан Ақтау көрікті табиғатымен көз тартады. Көк теңізге ұласып, көгілдір аспанмен астасқан әдемі үйлесім кез келген жанды демде баурап алатындығы рас. Теңізге шығып, әсем қалаға алыстан көз салғысы келетіндер де көп. Сол себепті, Наталья Николоевна 35-40 адамға арналған катамаран арқылы серуен ұйымдастыруды қолға алды.
«Теңізге серуен 1 не 2 сағатқа созылуы мүмкін. Әрине, егер ісіміз жүріп, сұранысқа ие болса, катамарандарды жалға беру жоспарымызда бар. Түрлі мерейтойлар мен үйлену тойларында біздің қызметке жүгінетіндер табылады деп ойлаймын. Былтыр мамыр айында тұрғындар арасында сауалнама жүргіздік. Басым бөлігі біздің жобаға қызығушылық танытты. Серуен бағасы 1000 теңге жобасында болмақ»,-дейді Н.Николаевна.
Бизнес-бастамасы жоғары бағаланған Гүлшат Тұяқова бүгінде шағын кәсібін дамыту үстінде. Шет елде жоғары білім алып, елге оралған соң тоңазытылған йогурт өнімін ұсынуды жоспарлайды.
«Даму» қорының қолдауымен қазіргі таңда «Ақтау» сауда және ойын-сауық кешенінде тоңазытылған йогурт өнімін сататын нүкте ашылды. Мен бұл өнімді алғаш рет шет елде татып көрдім. Кейін Алматы қаласында сауда нүктесі ашылғандығы туралы естідім. Ойлана келе, Ақтау қаласы тұрғындар дәмі тілі үйірер тағам түрін ұсынуды жөн көрдім»,-дейді жас кәсіпкер.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ