©
Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігінің арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына биыл 25 жыл толды. Ширек ғасыр ішінде қос мемлекет сенімді саяси диалог орнатып, сауда-экономикалық, мәдени және гуманитарлық салада әріптестік дамыды. Айтулы датаға орай, Испания астанасы – Мадрид қаласындағы кітап оқушылар үйінде қазақ ақындарының испан тіліндегі антологиясының тұсаукесері болып, оған қазақстандық және жергілікті ақындар, Испанияның сыртқы істер және ынтымақтастық министрлігінің қызметкерлері, шетелдік мемлекеттердің елшілері мен іскерлік қауым өкілдері қатысты.
Қазақстанның Испаниядағы елшілігінің ұйымдастыруымен мемлекетаралық мәдени шара ҚР мен Испания арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 25 жыл толуына арналды. Мадриттегі Саsa del Lector яғни Кітап оқушылар үйінде өткен шараға еліміздің ақындары, испандық қаламгерлер мен елшілік қызметкерлері қатысты.
- Қос мемлекеттің дипломатиялық қарым-қатынастарының 25 жылдығын атап өту мақсатында қазақ ақындарының антологиясы жобасын қолға алдық. Кітапқа 19, 20, 21 ғасыр өкілдерінің шығармалары енді. Бұл жоба- біз үшін тарихи оқиға саналады, өйткені, қазақ қаламгерлері туындыларының испан тіліне аударылуы тұңғыш рет. Бұл кітап – испан дүкендерінде сатылып, поэзия сүйгіш тұрғындарға жетеді деп сенемін. Қазіргі қазақ поэзиясы өкілдерінің Мадрид төрінде өлең оқып, жаңа жинақтың тұсаукесеріне қатысуы қуанышты жәйт. Жобаның мақсаты- екі елдің дипломатиялық қана емес, мәдени, рухани байланыстарын дамыту, өнерін қауыштыру. Біз бұл жобаны мақтан етеміз!-деді Қазақстанның Испаниядағы төтенше және өкілетті елшісі Бақыт Дүйсенбаев.
Қазақ ақындарының испан тіліндегі антологиясына Абай Құнанбаев, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова сынды әдебиетіміздің көрнекті классиктерімен қатар, қазіргі буын өкілдері енген. Әдеби аударманы Испан Пен клубының бас хатшысы, Неополитан және Малларме Париж академиясының корреспондент-мүшесі, Еуропа ақындары фестивалінің негізгі құрылтайшысы Хусто Хорке Падрон. Падрон Испан Корольдігі академиясының «Фастенрат» сыйлығын Федерико Гарсиа Лоркадан кейін алған тарихтағы екінші адам. Нәзік те отты жырлар авторының поэзия жанрындағы шығармаларды аударғанына 50 жыл болған. Елге ақын болып танылса да, аудармашылықты ешқашан екінші орынға қоймаған. Падронның 2015 жылы «Тозақ шеңберлері» атты еңбегі қазақ тіліне аударылғаннан бері біздің елдің поэзиясына деген қызығушылығы пайда болыпты.
- Ең басты айырмашылық – испан тілі латын, қазақ тілі – түркі тілі тобына жатады. Сондықтан екі ел поэзиясы арасында айырмашылық көп. Мен қазақ ақындарының шығармаларын аудару барысында оның испандық поэзия жүйесіне сай етуге тырыстым. Испан поэзиясында ырғақ, тон және лирика бар. Қазақ поэзиясының сапасын өте жоғары деп бағалаймын. Антологиямен жұмыс істеу кезінде жүз ақынның шығармаларымен таныстым, соның ішінен 50 ақынның туындыларын аудардым,-дейді Хусто Хорке Падрон.
Мадридке қазақстандық делегация арнайы шақырылып, антологияның тұсаукесеріне Оңайгүл Тұржанова, Алмас Ахметбекұлы, Дәулеткерей Кәпұлы, Бақытгүл Бабаш, Танакөз Толқынқызы, Анар Шамшадинова, Жанар Әбсадық, Сағыныш Намазшамова және Дәурен Берікқажыұлы сынды ақындар қатысып, испан жерінде өлең оқыды.
Қазіргі қазақ поэзиясы антологиясына еніп, өлеңдері испан аударылған ақындардың ішінде маңғыстаулық Анар Шамшадинова да бар. Жастайынан жанына өлеңді серік еткен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Анардың нәзік жырлары Испанияның әйгілі ақыны Хусто Хорке Падронға қатты ұнаған. Ақын қыз шығармашылығына жоғары баға берген Падрон мырза оның өлеңдерін «ең әдемі, ең сұлу және ең көркем» деп атапты.
- Еуропаға аяқ басып, әлемнің Испания секілді алып мемлекетінде өлең оқып, шабыттанғаныма қуаныштымын! Қазақи жүрегімнен шыққан жүрекжарды жырларымды испандықтардың оқитыны бір мәртебе. Осы сапарға баруға демеушілік жасап, қолдау көрсеткен облыстық мәслихат депутаттары, Маңғыстаудың белгілі азаматтары Ахмет Салманов, Абат Өрісбаев пен «Маңғыстау-Медиа» ЖШС-іне алғысым шексіз, Алланың нұры жаусын! - дейді ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Анар Шамшадинова.
Испан тілі қолданыстағы ең көп таралған әлем тілдерінің ішіндегі төртіншісі, ал, Латын Америкасында негізгі тіл саналады. Сондай-ақ, Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми алты тілінің бірі. Ал, қазақ ақындарын испанша сөйлеткен Хусто Хорке Падрон Испанияның ең танымал ақыны ретінде белгілі. 1500 данамен шыққан кітап енді Мадрид дүкендерінде өз оқырмандарына жол тартатын болады.
- Өлеңнің өлшемі аудармамен өлшенбейді. Бірақ, әлемдік деңгейде қазақты таныту үшін аударма керек. Сондықтан да ағылшын тілінің аудармашысы ретіндегі о бастағы ізгі арманым - қазақ ақындарының шығармалары басқа тілдерге аударылса екен дейтінмін. Қазақстанның Испаниядағы елшілігінің мұрындық болуымен қазақ поэзиясы антологиясының жарық көруі – әдебиет тарихындағы үлкен жаңалық болып отыр. Поэзияны аудару өте қиын шаруа. Кейде өз тілінде бағы жанбаған өлеңнің аударма арқылы танылып жатады, - дейді ақын, аудармашы Дәурен Берікқажыұлы.
Әлемдегі экономикасы дамыған алдыңғы қатарлы елдердің бірі саналатын Испания мен егеменді еліміз Қазақстанның дипломатиялық қарым-қатынасы жоғары деңгейде. Әрине 25 жыл аса көп уақыт емес. Испания Қазақстанның Еуропадағы маңызды стратегиялық әріптестерінің бірі. 2009 жылы стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойылған болатын. Қос мемлекет халықаралық алаңда бір-біріне үнемі қолдау көрсетіп келеді.
- Халқымыздың атақты ақындары, мемлекеттік деңгейде мойындалған қаламгерлермен бірге, әлеуметтік желілер арқылы қазақ ақындарының шығармаларын жинақтадық. Соңында 100 ақынның өлеңдері іріктеліп, испан тіліне тікелей аударылды. Ал, Испанияның атақты ақыны Хусто Хорке Падрон 50 ақынды таңдап, әдеби аударма жасады,-дейді ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Танакөз Толқынқызы.
Сервантес еліндегі қазақ ақындарының сапары 1 аптаға созылып, сөз шеберлері үлкен әсермен оралды. Жасампаз жоба алдағы уақытта жалғасын тауып, қазақ ақындарының жырлары әзірбайжан, түрік тілдеріне аударылатын болады.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ