Әлі оң-солын айырып үлгермеген жеткіншектерімізді орны толмас өкінішке итермелеп жатқан «Синий кит», «Тихий дом» сияқты әлеуметтік желілердің жымысқы әрекеттері елімізді дүр сілкіндірді. Жедел түрде іс-шаралар алына бастады. Мұндай жұмыстар Мұнайлы ауданында да ұйымдастырылып, жергілікті билік пен құқық қорғау органдарының өкілдері №1,5,8,11 мектептің жоғары сынып оқушыларымен және ата-аналарымен кездесуі өтті.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Б.Біләлов, Мұнайлы ауданы прокурорының орынбасары Мұрат Титанов, ҰҚК Мұнайлы ауданы бойынша бөлімшесінің қызметкері Бақтыбай Байталасов, аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Асқар Жақсыбаев және мекеме, кәсіпорын, білім беру ұйымдарының басшылары мен қызметкерлері қатысты. Алғаш сөз алған аудан әкімінің орынбасары Б.Біләлов соңғы кезде орын алған жағдайларды түсіндіріп, мектептерде әлеуметтік желілерден сақтануға арналған Үндеу парақшалары таратылып, сақтық шаралары жүргізіліп жатырғанын айтты.
Мұнайлы ауданы прокурорының орынбасары М.Титанов та осы мәселеге қысқаша тоқталып, прокуратура қызметкері Т.Дауытбаев аты аталған ойындар жайлы халыққа толық ақпарат берді. Ресей елінен бастау алған осы ойынның қазір Қазақстанда да белең алып, Ақтау қаласынан 4 адам қатысты деген деректердің тіркелген. Сонымен қатар ауданнан да ойынға шақырып, белгісіз номерлер арқылы балаларға хабарласқаны анықталды. Мектеп оқушыларына смартфондар мен интернет желілерін пайдалануға тиым салынғаны жайында ата-аналарға түсіндіріп, осы ойындар туралы бейнероликтер көрсетілді.
Аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы А.Жақсыбаев осындай жиындарға мешіттен имамдарды да шақыру керек екендігін айтып, өз-өзіне жұмсаудың барлық адами тұрғыдан үлкен күнә екенін түсіндірді. Жиында ювеналдық полиция тобының аға инспекторы Ж.Сарбасова Ақтау қаласынан екі мектеп оқушысы мен бір колледж студенттері ойынның қауіпті екенін біле тұра, қызығушылықпен қосылып, қолдарын бірнеше рет кескендігін айтты. Оларды мектеп әкімшілігі анықтап, ата-аналарына хабарланып, қазір осы балаларға ҚР Қылмыстық кодесінің 105 бабына сәйкес «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» негізінде тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұнайлы ауданында да аса қауіпті желіге қосылуға балалардың бар екендігін айтқан полиция қызметкері ата-аналарды сақ болуға шақырды.
№2 орта мектептің психолог маманы Д.Назарова аталған ойындарға қызығушылығы оянған балалар мен ойнап жүрген балалардың қандай болатынын психологиялық тұрғыдан түсіндіріп берді.
Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Б.Біләлов жиынды қорытындылап, аудандық ішкі істер бөлімі мен аудандық білім бөліміне арнайы топ құрып, рейд жұмыстарын жүргізіп, осы бағыттағы жұмысты одан әрмен жалғастыруды тапсырды.
Гүлнара Бекқалиқызы