Қамқорлық пен қайырымдылық адам баласының бойындағы ізгі қасиеттер. Осы ізгі қасиеттерді дамыту мен жетілдіру білім мен ақылдың ұштасуы арқылы іске асады. Жастардың бойындағы ізгі қасиеттерді дамыту, оларға ізеттілік пен құрмет сезімдерін сезіндіру аға буын мойнына артылған жүк. Бірнеше күндерден бері аудан көлемінде өткізіліп жүрген «Жақсылық жасайық» акциясы жастарды осы құндылықтарды дәріптеуге үндеуде және үлкенге құрмет көрсетуге тәрбиелеуде.
Бірнеше қарияның алғысына бөленген жастар акцияның кезекті күнінде қолдарына қажетті құралдарын ұстап Спанғали қарияның үйне бет алды. Спанғали ақсақал ер жеткен екі мүгедек баланы зейнетақысымен асырап отырған жалғыз басты қария. Жастар Спанғали атаның үйі мен қорасының айналасындағы қарды күреп, басқа да тазалық жұмыстарын бел шеше жасады. Жастарға дән риза болған қарт алғысын білдірді.
Аудандық жастар орталығының бастамасымен қолға алынған «Жақсылық жасайық» қайырымдылық шарасына тек аудан орталығынының жастары емес, Қосбұлақ, Онды,Үштаған, Жыңғылды ауылдарының жастары да белсенділік танытуда.
Өзіне де өзгеге де пайда әпермес әдеттерге үйір болып, уақытты босқа өлтіргеннен гөрі осындай ізгілікті іске араласқандарына қуанып жүрген жастардың қатары көбейіп келе жатқаны бізді де қуантты. Қол көмектері арқылы мұқтажға қамқорлық жасап жүрген белсенділер ауыл жастарын қайырымдылық шараға қатысуға шақырады.
Өз тілшіміз