Мәңгілік Ел болуды мұрат тұтқан еліміздің ертеңі ертегі, болашағы жарқын екенін жуырда ғана жолданған Елбасының Жолдауын оқыған әрбір адам жете түсінеді. Жолдауда Елбасы мемлекеттік қызметтің барлық саласын қамти отырып, ортақ Отанымызды дамытудың, әрбір қазақстандықтың, әрбір отбасының, жастардың және келешек ұрпақтың мүддесін қорғаудың нақты жолдарын ұсынды. Әсіресе, индустриялық - инновациялық даму, шағын және орта бизнесті дамыту, агроөнеркәсіптік кешен, білім-ғылым салалары осы Жолдаудың ең салмақты тұстары екені сөзсіз. Мәселен, Жолдауда білім саласына айырықша көңіл бөлінген.
Елбасы Жолдауындағы бес басым бағытты бағдарға алып, қызмет ұйымдастырсақ Қазақстан үшінші жаңғырудың мінберіне әп-сәтте мінері анық. Аудан көлемінде өткен әкімдердің есеп беру кездесулерінде куә болғанымыздай біз бүгінде сатылап дамудың даңғыл жолына түсіп келеміз. Елбасы Жолдауынан туындайтын жаңа міндеттерді жүзеге асыру арқылы бұған дейін Елбасының сындарлы саясатының самалымен тыныстаған ауданның экономикасын бүгінгіден де қуатты ете аламыз.
Жолдау жүктейтін жауапкершілік пен Жолдау жетелейтін жетістік көп. Бес басымдықтың әрқайсысының ауданда іске асырудың артықшылықтары мен мүмкіндіктерін талдауды төртінші бағыт мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті нығайтудан бастайық.
Мемлекеттік жекеменшік әріптестік ел экономикасының қуаттын арттырып, кәсіпкерлерді ірі инвестициялық жобаларға тарту арқылы бизнестің де өрісін кеңейтуге ықпалын тигезетін ауқымды жоба. Әріптестік тетігін дамытуға Елбасы биылғы Жолдауында басымдық берді және бірнеше жылдан бері өңірлерге барған сапарында, сөйлеген сөздерінде үнемі айтып келеді. Мәселен, . "Жекеменшік инвестицияларды тарту жөнінен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі орасан зор әлеуетке ие болып отыр. Біз Қазақстанда бұл тетікті іске қостық, бірақ та ол озық әлемдік практикаға сәйкес жетілдіруді талап етеді", деген болатын Мемлекет басшысы 2010 жылы жариялаған "Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу-Қазақстанның жаңа мүмкіндігі" атты Қазақстан халқына Жолдауында. Енді бірде кәсіпкерлермен кездесуінде Президент "біз сіздерге күрделі өз кәсіптеріңізді жандандырып, аяқтарыңызға тұрып кетуге көмектестік, қолдау көрсеттік, енді шаруаларыңызды өрістетіп, дәулеттеріңізді молайтқан тұста мемлекет те сіздерден экономиканы қарышты дамытуға көмектесулеріңізді талап етуге құқылы" деген ұсынысын білдірген еді.
«Кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет-жекеменшік серіктестігі аясын кеңейту зор мүмкіндік береді. Бұл жерде әңгіме бірқатар мемлекеттік қызметтер көрсету міндетін бизнеске беру ісіне қатысты болып отыр.
Бізде қазірдің өзінде оларды мектепке дейінгі білім беру ісіне тарту саласында жақсы нәтижелер бар. Өткен 3 жылда мемлекет 40 мың орынға арналған 189 балабақша салса, жекеменшік сектор 100 мың орынға арналған 1300 балабақша ашты. Жекеменшік балабақшалардың ең көбі Оңтүстік Қазақстан (397), Алматы (221), Қызылорда (181) облыстарында ашылды.
Мен үшін осы сектордағы мемлекет-жекеменшік серіктестігінің үлгісі өте маңызды. Бұл аса маңызды жалпыұлттық міндеттердің бірі – 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен 2020 жылға қарай жүз пайыз қамту мәселесін мемлекет пен бизнес бірлесе шешіп отырғанын көрсетеді.»,-деді Елбасы жаңа Жолдауында.
Көріп отырғанымыздай, үш жыл ішінде жекеменшік сектор іске қосқан балабақшалардың саны бюджет қаражаты есебінен салынғандардың айырмашылығын сезіп тұрған боларсыз. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестік аясы ары қарай да кеңейе беретін болады. Өйткені бұл әдемі әдістің тиімділігін екі жақ та сезініп отыр.
Елбасының 2020 жылға дейін еліміздегі 3-6 жастағы балдырғандардың балабақшамен толық қамтылуы туралы тапсырмасы жергілікті жерде орындау мақсатында атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Тәуелсіздік алған жылы облысымызда 113 балабақша жұмыс жасап тұрғанымен, олардың саны бас-аяғы он жылдың ішінде 32-дейін қысқарды. Елбасының осы тапсырмасы аясында соңғы он жылда бүлдіршіндер ұясының саны күрт көбейді. Ауданымызда да ауыл-ауылда балабақшалар салу жұмыстары қарқынды жүргізіліп, барлық ауылдарда типтік жобадағы балабақшалар салынды. Әйтсе де табиғи өсім есебінен халық санының артуына байланысты балабақшаларға деген сұраныс әлі де бар.
Соңғы жылдары аудан орталығында үш жекеменшік балабақша бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Бұл үш балабақша да мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында еңсе тіктеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан көп көмектің бір парасы — мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігінің біздің аудандағы бастапқы көрінісі осындай.
Жеке кәсіпкер Дербісова Динара ауданда алғашқы болып Елбасы ұсынған тиімді тетікті түсінгендердің бірі. 2011 жылы «Наз» балабақшасын ашып, 60 бала қабылдаған білім ордасында бірнеше аудан тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясындағы мектепке дейінгі мекеменің артықшылығы сол, мұндай ұйымдарға төлейтін ата-ананың ай сайынғы төлемақысының бір бөлігі мемлекеттік тапсырыс аясында өтеді.
2016 жылы мемлекет үшін де, кәсіпкер үшінде тиімді әріптестіктің артықшылықтарын бағамдаған екі азаматша өз істерін бастап кетті. Қарашоқы шағын ауданынан ашылған «Болашақ» балабақшасы 50 бүлдіршінді мемлекеттік білім стандарттарына сай тәрбиелеуде. Істі үйлестіруші Жаңбуршина Жақсы мемлекет басшысының кәсіпкерлерді мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытуға шақыруы халыққа да тиімді дейді. Өйткені, біріншіден жұмыс көзі, екіншіден кезекте тұрған баласы балабақшаға барады.
«Толағай» шағын орталығының ашылуы жаңаорпалықтарды қуантты. Өйткені бұл шағын ауданда бұрын балабақша жоқ еді, үйлерінен қашықтағы балабақшаға бала апарудың машақатынан құтылған 32 бүлдіршіннің ата-анасы жеке кәсіпкер Тоғысова Нұржамалға ризашылықтарын білдіруде. Тұрғын үйді балабақшаға бейімдеп жөндеуден өткізген іскер әйел табандылық танытып, кәсібін дөңгелетіп отыр.
Бірнеше жыл бұрын балабақша кезегіндегі тұрған балалардың кейбіреуі кезегі келгенде мектепке қабылданатын жағдайлар да кездесетін. Кейін баланы кезекке тізудің жүйесі жетілдірілді және еліміздегі балабақша саныкөбейген соң бұл мәселеге нүкте қойылды. «Балапан» бағдарламасы аясында мемлекет балабақшалардың санын көбейтуге басымдық берумен қатар жекеменшік балабақшаларды қолдаудың аясын кеңейтті.
Балабақша ашып кәсіпкерлігімнің көкжиегін кеңейтем, мемлекеттіңдамуына үлес қосам дейтіндер әрқашан қолдауға ие болып келді. Елбасы жаңа Жолдауында әріптестік әлеуетін одан әрі кеңейтіп, ендігі жерде балабақша сынды әлеуметтік нысандарды салуды екі жақты тиімді әріптестік арқылы шешуге тапсырма берді. Елімізді дамытудың жаңа сатысымен биікке өрлейтіндер мемлекетпен әріптестікте іс бастайтындар болмақ. Бұл бізге нені ұғындырады, көкейімізге не ұялатады? Бастапқы әзірде кездесетін тосқауылдарға төтеп бере алмай не құжат жинауға құлықсыздығынан мемлекет басымдық беріп отырған бағытта кәсіп ашуды қиямет қайым көретін біздердің оянуымыз керек екенін ұғындырады, ұғынсаң көкейіңе көктем ұялайды әрине. Дәлірек айтқанда алыпсатар кәсіпкерліктің дәурені өтті, енді біз ірі жобаларды іске асыруымыз қажет, өйткені біз жаңғырудың үшінші кезеңіне қадам басқалы отырмыз.
Лаура ТЫНДЫРҒАНОВА