Маңғыстау ауданының тұрғындары Тәуелсіз еліміздің жаңғыруындағы маңызды оқиға деп баға берген Елбасы үндеуі бұқара арасында кеңінен талқылануда. Барлық бөлім, мекеме қызметкерлері салмағы басым саяси реформалар төңірегінде ой қорытып, пікірлерін білдірді. Күні бүгінге дейін мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік сала қызметкерлерінің дені Үндеуді талқылады, тарихи маңызды құжатпен танысу өндірістік орындарда жалғасын табуда.
Ұжым мүшелерінің басын қосып пікір алысқан «Маңғыстау жылу, су» МКК директоры Н.Оразов, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының билік тармақтары арасындағы өкілеттіліктерді қайта бөлуді ұсынған үндеуін мұқият оқып шықтым. Көкейіме бірден қона кетті, өйткені бұл құжат еліміздің бір орында тоқтап қалмай өніп өскенін дәлелдеп отыр. Президенттік басқару бізді осы күнге дейін небір қиындықтардан аман алып шығып, дамудың дара жолына түсірді. Бүгінгі күні мемлекеттік басқарудың тиімді жолын ұсынып отырған Көшбасшымыздың идеясы орынды екенін айтады. Мекеме қызметкерлері де ендігі жерде басқару жүйесінде Парламент пен Үкіметке берілетін басымдық қарапайым халық мүддесіне қызмет ететіні қуантады деген пікірлерімен бөлісті.
Елбасы үндеуін қызу талқыға салып, ел дамуының жаңа сатысына бағыттайтын реформаның дер кезінде дұрыс жасалған шешім екенін насихаттағандардың бірі аудандық жастар орталығының ұжымы. Бағдарламаны тиімді жүзеге асыруда жастардың атқаратын рөлі, тұрақтылық пен татулықты қамтамасыз ететін құжаттың маңыздылығына тоқталған орталық басшысы А.Қонарбаев Елбасы үндеуін ауданға қарасты ауылдарда да насихаттауды қолға алатындығын жеткізді.
Орталықтың бас маманы Әлия Нұрбергенқызы үндеуді талқылаудан гөрі қолдауға көшкен жөн деген ұсынысын айтты. Оның пайымдауынша Елбасының ұсынып отырған бағыттары Қазақстанды жан-жақты дамыған бақуатты ел ретінде әлем елдерінің алдына шығаратын темірқазық сынды. Ел тағдырына жауапкершілікпен қарайтын Үкімет пен Парламент қалыптастыруды көздеген бағдарламаға бәріміз қолдау танытуымыз қажет дейді жас маман.
Мәңгілік ел қалыптастыру бағытында аса жауапты қадам жасалған сәтте ардагерлер де бас қосып, бағдарламаның басымдықтарын бағамдады. Жалпыхалықтық талқылауға салынған реформаның маңыздылығы мен тиімділігін саралаған еңбек ардагерлері осы күнге дейін ерен еңбегін еліне арнаған Елбасының кезекті ұсынысы ұлттымызды ұлы мұраттарға жеткізері хақ дейді.
— Тәуелсіз Қазақстанның аяғынан тік тұрып, бүгінгі әлем таныған мықты мемлекетке айналуына президенттік басқару арқылы жеткеніміз анық. Дамыған елдермен тереземізді теңестіріп, көшбасшы елдер кеңістігінде керегемізді кең жайғанымызбен біз өзгерген өркениет, дидары бөлек заманның легіне ілесуіміз қажет. Бүгінгі талқыға салып отырған құжатымыз бізді одан әрі ірілендіріп, кемел келешекке жетелейтініне шын сенеміз,-дейді Шетпе селосы ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Исаев.
Бүкіл қазақстандықтардың қатысуымен қабылданатын саяси құжатты талқылауға аудандағы мұғалімдер мен дәрігерлер қауымы да белсене атсалысты. Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртатын кездің келгендігін айтқан Елбасының тұжырымына толық қосылатындардықтарын дәйекті пікірлерімен дәлелдеген дәрігерлер де, ұстаздар да саяси реформа қабылданса өздері сынды қызметкерлерге тиімді тұстары көп болатынына сенеді.
Елбасының 25-қаңтарда жарияланған үндеуінің негізгі бағытын жергілікті халық арасында түсіндіру, ел дамуының келелі кезеңіне өтуге мұрындық болатын маңызды құжатты тұрғындардың талқылауына, үн қосуына мүмкіндік жасауды мақсат тұтқан басқосуларда айтылған пікір де, артылған үміт те бір арнаға тоғысты. Құжаттың құндылығын ел тағдырымен байланыстырған аудан тұрғындары қызу талқылауды әлі де жалғастыруда, көреген көшбасшы бастаған көштің көлікті де көрікті болатынына көздері жеткен көптің көңілінде көктем ғана.
Лаура ТЫНДЫРҒАНОВА