©
Кеше Маңғыстау ауданының әкімі Жармағанбет Айтуаров халық алдында жылдық есебін қорытып, ағымдағы жылы жасалатын жұмыстар мен алда тұрған міндеттерді баяндады. Есеп беру жиынына ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Серік Аманғалиев, облыс әкімі Алик Айдарбаев, оның орынбасары Шолпан Илмұханбетова, облыстық мәслихат хатшысы Бекмұрат Жүсіпов, облыстық басқарма басшылары, ауыл әкімдері, аудандық дербес бөлім мен мекеме басшылары, ауыл тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты.
Ауылшаруашылығы алға басқан ауданда 32 егін шаруашылығы, 343 мал шаруашылығы ата кәсіпті нәсіп етіп отыр. Жергілікті тауар өндірушілер өткен жылы 3475,1 тонна ет, 1873 тонна сүт, 68 мың дана жұмыртқа өндірді. Жыңғылды, Өтес, Ақтөбе, Онды, Шайыр ауылдарында 179, 98 гектар жерден 3695,03 тонна өнім алынған. Жайылымды суландыру мақсатында шаруа қожалықтарына соңғы 3 жылда 23 құдық қазылды.
– Ауданда орта және шағын кәсіпкерлер саны 2249 адамға жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,7 пайызға артты. Кәсіпкерлікті ашу, дамыту мақсатында 2016 жылы 72 кәсіпкер 461,16 млн. теңге несие алды. Шетпе, Қызан ауылдарында «Коммұнай» компаниясының қолдауымен заманауи жылыжай құрылыстары басталады. Әлемдік тәжірибеде табыс көзі жағынан мұнай мен газдан кейінгі орынды иемденетін туризмді дамытуға бағытталған бірнеше этно- мәдени және экологиялық туристік орталық ашуға ұсыныс жасалды. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша аудандағы 12 ауылдың 10-ына су жүйесі тартылған. «Жыңғылды ауылдық округіндегі ауылдарды ауыз және техникалық сумен қамтамасыз ету, есептеуіш құралдар орнату, 2-кезең» құрылысының жұмыстарына 351 млн.теңге қаржы бөлініп, жұмыстары басталды. Ағымдағы жылға Жармыш селосына кентішілік су құбырын салу және қайта құрылымдауға, «Қазба-Ақшымырау» су құбыры құрылысына, Басқұдық – Бекі топтық су құбырын қайта құрылымдауға қаржы бөлінді, – деді аудан әкімі Жармағанбет Айтуаров.
Аудан әкімінің айтуынша, «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында бөлінген қаржыға ауылдардағы балабақшалар мен мектептер жөндеуден өтіп, көшелер абаттандырылып, жаяу жүргінші жолы мен балалар ойын алаңы салынып, жолдар жөнге келген. «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы бойынша бөлінген 44 255,0 мың теңгеге ауылдарда әкімшілік ғимаратын және өнер мектебін жөндеу, көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізіліпті. «Қолжетімді баспана –2020» бағдарламасы шеңберінде Онды, Жыңғылды, Тұщықұдық, Ақшымырау, Жармыш ауылдарында салынған 5 муниципалдық тұрғын үй ата- ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, мемлекеттік, бюджеттік сала қызметкерлеріне, зейнеткерлерге, үйі апаттық деп танылған азаматтарға берілген. Аудан әкімі Жармағанбет Қайырмағанбетұлы аталмыш бағдарлама бойынша биылғы жылы Қызан, Ұштаған, Тұщыбек, Шебір, Шайыр ауылдарында 4 пәтерлі муниципалды тұрғын үй құрылысы басталатынын хабарлады. Сондай-ақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша өткен жылы 35 маманға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие берілген.
«Шетпе – Жетібай – Ақтау бағытындағы республикалық маңыздағы автокөлік жолы ағымдағы жылы пайдалануға беріледі. Өткен жылы Шетпе – Таушық ауылдары арасындағы жолдың 12 шақырымына орташа жөндеу жүргізілсе, биыл бұл жұмыс жалғасын табады. Шетпе мен Қызанды байланыстыратын жолдың 28 шақырымы асфальтталды. Шетпе – Қызан жолының 49 – 85 шақырым аралығын қайта құрылымдауға жобалық- сметалық құжаттама жасақтау жұмысы жасалуда. Өткен жылы Сайөтеске 3,8 шақырым ауылішілік жол салынды. Биыл Қызан мен Шебірде ауылішілік жол салуға ЖСҚ жасақталуда. Қазіргі таңда Шетпе – Таушық жолындағы жасанды имараттарды қайта құрылымдау» жұмысы жүргізілуде» деген аудан әкімі Жармағанбет Айтуаров Тұщықұдық – Шебір автокөлік жолын орташа жөндеу жұмысы биыл басталатынын хабарлады.
Жиында аудан әкімі Жармағанбет Қайырмағанбетұлы білім, денсаулық, мәдениет және спорт салаларында тындырылған істерді баяндап, әлеуметтік қолдау мен жұмыспен қамту, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жасалған жұмыстардан хабардар етті. Сөз соңында барлық елді мекендердегі есеп беру жиналыстарында тұрғындардан түскен сұрақтар, ұсыныс-пікірлердің толық орындалысы бақылауға алынатынын, мемлекеттік, өңірлік бағдарламалардың сапалы, уақытылы орындалуы қатаң бақылауда болатынын, Шетпедегі Ащыбұлақ шағынауданында 600 орындық мектептің құрылысы басталатынын, Шетпе, Қызан ауылдарындағы спорт кешендерінің құрылысы аяқталатынын, «Интернет» бағдарламасын жасақтап, барлық ауылдарды интернет жүйесіне қосу және тағы да басқа жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
Аудан әкімінің баяндамасы тыңдалғаннан кейін тұрғындар көкейде жүрген сауалдарын қойып, өтініш-тілектерін білдіріп, жылдық есепке бағаларын берді. Өткен жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы, Шетпе ауылының 50 жылдығы аясында аудан орталығында салынған жаяу жүргіншілерге арналған жерүсті көпір, Ақшымыраудағы спорт кешені, тұрғын үй және тағы да басқа жұмыстар жасалған жұмыстарға оң бағасын берген еңбек ардагері Еркүлік Тілекбайұлы Ақшымырау мен Шетпе арасындағы 130 шақырым автокөлік жолының өткен жылы 50 шақырымы асфальтталғанына халық риза екенін айтып, бұл жұмысты жалғастыру, Тиген ауылына газ тарту қажеттігін назарға берді.Аудан әкімінің қызметіне жоғары баға берген ардагер ұстаз Айша Нұрлыбаева Ащыбұлақ шағынауданында бой көтеретін мектеп жанына балабақша салу жөнінде ұсыныс берді. Аудандық мәслихат депутаты Сұлтан Қапашев Жармыш ауылына мәдени- көпшілік шараларды өткізетін клуб және оған қосымша кітапхана, ардагерлер үйін, спорт кешенін салу туралы мәселе көтерді. Аудандық мәслихат депутаты Талғат Ерманов Жыңғылды ауылында халық саны өсіп келе жатқандықтан келешекте мектеп салу қажеттілігі туындайтынын жеткізді. Аудан әкімінің жыл бойы жасаған жұмысына қанағаттанарлық баға берген ауданның құрметті азаматы Темір Қожамбетов облыстық перинаталдық орталықтың жұмысына сын айтты. Босанған аналарға лайықты көмек көрсетілмейтінін, күтімсіз қалатынын айтып,жайлы жағдай жасалу қажеттігін ескертті.
– Аудан әкімінің есебінен байқағанымыздай, тұрақты экономикалық ахуалды сақтау бағытында айтарлықтай жұмыстар жүргізілген. Әкім алдына қойылған міндеттер мен тапсырмаларды толығымен орындады.Атқарылған игі істермен қатар әлі де болса шешуді қажет ететін мәселелер бар. Макроэкономикалық көрсеткіштерді қатаң бақылауда ұстауды, Шайыр, Қызан, Үштаған, Шебір және Тұщыбек ауылдарындағы тұрғын үй, Қызанның ауылішілік жолының және «Басқұдық-Бекі» және «Қазба-Ақшымырау» су құбыры құрылыстарын сапалы және уақытылы жүргізуді, жол, су, тоқ және газбен қамту сияқты маңызды инфрақұрылымдық жаңа жобалардың дер кезінде және сапалы дайындалуын басты назарға алуды, санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізуді тапсырамын, – деді облыс әкімі Алик Айдарбаев.
Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берген аймақ басшысы Алик Серікұлы Шетпе – Қызан автокөлік жолын қаржыландыруды қайта қаралып, сессияда бекітілу қажеттігін, Тигенге газ тарту мәселесі қаралатынын айтып, Ашыбұлақ мектебінің жанынан балабақша, Жармыш ауылында клуб салуды мемлекеттік- жекеменшік әріптестік аясында шешуді ұсынды. Облыстық перинаталдық орталықта аналар босанатын орынның жеткіліксіз екенін айтып, ана мен бала орталығы салынса бұл олқылық жойылатынын жеткізді. Тұрғындардың жазбаша сұрақтарына жауап берген аудан әкімі Жармағанбет Айтуаров жайылымды суландыру мақсатында Ақмыш, Иірден құдық қазу жұмыстары қолға алынатынын, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында әлеуметтік нысандар салуға жұмыстанатынын хабарлады.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ