Облыстық білім басқармасы және мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту орталығының ұйымдастыруымен облыстық семинар өтті. «Мектепке дейінгі ұйымдарда интерактивті формалар мен жаңа білім беретін технологияларды пайдалану» тақырыбында өткен семинарға облыстық білім басқармасының қызметкерлері, қалалық, аудандық білім бөлімінің және білім үйлестіру орталықтарының директорлары, балабақша басшылары, әдіскерлері және тәрбиешілері қатысты.
Мектепке дейінгі ұйымдарда мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу, оқыту мен дамытуды ұйымдастыру және тәрбие- оқыту үдерісінің сапасын арттыруды мақсат тұтқан шара теориялық және тәжірибелік бағытта ұйымдастырылды.
– Бұл семинарда мамандар тәжірибе алмасып, жаңа технологиялардың қолданудың маңызы, балабақшада денсаулық сақтау технологиясын тиімді қолдану, дамыту ойындары арқылы балалардың білімін жетілдіру, білім беру үдерісінің инновациялық тәсілдерін меңгереді. Біздің балабақшада өтіп жатқан семинар «Мектеп жасына дейінгі балалардың жаңа технологиялардың көмегімен әлеуметтік- тұлғалық дамуы» тақырыбына арналып отыр. Бұл шараға аудан, ауылдардан келген 20 педагог қатысып отыр. Бүгін мамандар көрмені тамашалап, әртүрлі топтағы балалардың өнерін, интеллектуалды тапсырманы қалай орындайтынын көре алады. Балабақшамызда 25 педагог жұмыс жасаса, 3 пен 6 жас аралығындағы 355 бала тәрбиеленеді, – деді №24 балабақша директоры Лариса Казакова.
Облыстық мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту орталығының кадр жөніндегі маман Жантөре Омарбаева айтуынша, педагогтар қаладағы бірнеше балабақша базасында оқу- тәрбие үрдісін инновациялық технологиялармен ұштастырып, ашық сабақтар, шеберлік сыныптары, психологиялық тренингтерге қатысады.
– Жылына 3-4 рет ұйымдастырылатын осындай семинарларға қатысамыз. Мұндай еңбек өтілі мен тәжірибесі аз, санаты жоқ мамандарға әдістемелік көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылады. Бүгінгі семинардан білім мен білігімізді жетілдіріп, тәжірибемізді молайтатынымызға сенімдімін. Маңғыстау ауданынан осы семинарға 29 сала маманы қатысып отыр. Біздің ауданда 21 балабақша және 5 шағын орталық жұмыс жасайды. Бүгінде 1736 баланы балабақша қабырғасында тәрбиелейтін 295 педагог жұмыс жасайды, –деді Маңғыстау аудандық білім үйлестіру орталығының әдіскері Әлия Нәдірова.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Айгүл ДӘДЕН