Қазақстан республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы 26 қаңтардағы Қазақстан халқына Үндеуі қызу талқылануда. Елімізді жаңғыртуға бағытталған нақты қадам—конституциялық реформаның жүргізілуі туралы мәлімделген Үндеуде айтылған бастамалар бойынша Ақтау қаласында сауалнама жүргізілді. Бұл жайында Қазақстан коммунистік халық партиясының Маңғыстау облыстық комитетінде «Мемлекеттік басқару жүйесіндегі конституциялық өзгерістер мәселелері бойынша әлеуметтік зерттеу нәтижелерін қорытындылау» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
ҚКХП Маңғыстау облыстық комитетінің хатшысы Роза Махамбетованың айтуынша, партияның өңіріміздегі мүшелерімен қатар сауалнамаға қатысқан төрт мыңнан астам қала тұрғындары ұсынылған реформаларға қолдау білдірді. Олардың басым көпшілігі өкілеттілікті қайта бөлуді, әсіресе заң шығарушы биліктің атқарушы билікке қатысты бақылауын күшейтуді, сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалардың бекітілуін Үкіметке тапсыруды қолдайтындықтарын жеткізді.
— 2017 жылдың басында Парламент Мәжілісінің коммунист-депутаттарымен кездесу барысында билік тармақтарының өкілеттілігін қайта бөлу мәселелері жиі көтерілді. Бұл бастама халық арасында жақсы қабылданып, қолдау тауып жатыр, — деді Роза Қарымсаққызы.
— Елбасының Үндеуінен кейін қоғамдық пікірді зерттеуді бірден қолға алған біз жүйелі өзгерістердің куәгерлері болып отырмыз. Қазақстандықтар Президент реформаларын қолдайды, яғни жақын арада ел Парламентінің рөлі артады. Халық қалаулыларының бақылаушы функциялары күшейтіледі, ал бұл дегеніміз, саяси партиялардың маңыздылығы арта түседі. Қазақстан Коммунистік халық партиясы Мемлекет басшысының билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу бастамасын қолдайды. Конституциядағы өзгерістер Қазақстандағы демократиялық үдерістерді жетілдірудің және жалпы мемлекет дамуының жаңа кезеңі болмақ.
Сондай-ақ ол журналистердің бір ай бойы талқыланатын Үндеу және ондағы өзгерістерге байланысты сауалдарына толыққанды жауап берді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА