Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық Партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Ақ жол - жастар» жастар қанатының әуесқой жас таланттарының сомдауымен 2017 жылдың 20 ақпан күні, Қарақия ауданы, Құрық кенті Мәдениет үйінде, сағ: 18.00- де, «Жұлынқұрт» драмалық қойылымының тұсаукесер кеші өткізіледі.
Драмалық қойылымның авторы драматург, ұстаз Өтен Ахмет, қоюшы режиссері Исаева Әлия Жангелдіқызы.
Қойылым тақырыбы жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, нашақорлықтың зардабы және қасіреті туралы қамтиды.
Жұлынқұрт (есірткі) ХХI – ғасыр дерті. Бұл дерттің залалы атом бомбасынан кем емес. Осы дерт қоғамымызды, ұрпақтарымызды жайлап кетпей тұрып жастарды сақтандырып, дұрыс жол сілтеу бағытындағы драмалық қойылым.
Бұл қойылым көз жасын көл қылған ананың, бала күннен бірге өскен достардың аңғалдығы мен кейбір достардың зұлымдығын, Хақ жолындағы діни қызметкердің ұстамдығын, мөлдір махаббат пен өмірдің келеңсіздіктерін бейнелейді.
Есірткінің шіріген ағаштың діңіндей қылып, қоғамды іштен жеп, қаусататын жұлынқұрт екенін екінің бірі біледі. Осы кесапаттың салдарынан талай жас көктей солды.
Сол себепті, «Ақ жол- жастар» жастар қанатының әуесқой әртістері есірткі зияны мен кесапаты турасында қойылымды сахналайды.
Қойылымның жастарға берер рухани тәрбиесі, алар өнегесі, жамандық атаулыдан ада болып, жақсылыққа үйір болуға тәрбиелейді.
Ананың қадірі, достың маңызы, шынайы махаббат, кір шалмаған сезім бір арнаға тоғысқан қойылым баршаға әсер етпей қоймайды.
Маңғыстау облыстық «Ақ жол- жастар» жастар қанаты