Өткен бейсенбі күні №5 орта мектепте аудан әкімі Нұрлан Тәжібаевтың жылдық қорытынды есеп беру кездесуі өтіп, оған аудан тұрғындары мен облыс әкімі Алик Айдарбаев қатысты.
Есептік жиыннан бұрын Алик Серікұлы Мұнайлы ауданындағы бірқатар нысандарды аралап, олардың жұмыс барысымен танысты. Іссапар барысында өткен жылдың соңында ашылған «Ынтымақ» мал сою пункті, жаңа ғимаратқа қоныс тепкен ХҚКО, Маңғыстау ауылынан салынып жатқан жалдамалы тұрғын үйлердің құрылыс басында болды.
Атамекен ауылында тұсауы кесілген жекеменшік «Иса» спорт кешенінің ашылуы салтанатында облыс басшысы құттықтау сөз сөйледі.
─ Құрметті, Мұнайлы ауданының тұрғындары! Баршаңызды бүгінгі қуаныштарыңызбен құттықтаймын! Елбасымыз Н.Назарбаев бұқаралық спортты дамытуға, жастармыздың салауатты өмір салтын сақтауына ерекше назар аударып отыр. Облысымызда соңғы жылдары көптеген спорт нысандары салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Мемлекеттік, жеке меншік әріптестіктің тетігі аясында өңірімізде әрбір кәсіпкер мектеп, балабақша, спорт кешенін салуына, мемлекеттен көмек алуына болады. Барша тұрғындар атынан кәсіпкерге алғыс айтамын. Осы спорт кешені ауданның, облыстың, еліміздің мерейін өсіретін жеңімпаздар ордасы болсын!, – деген Алик Серікұлы жас спортшыларға спорттық үлгідегі киімдерді сыйға тартты.
Кешен директоры Асқарбек Исаев бұл нысанды өз қаражаттарына салғандарын айтады. Мұнда 6-25 жас аралығындағы спортшыларға еркін күрес, бокс, фитнеспен шұғылдануға барлық жағдай жасалған. 15 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер үйірмелерге қатысу құны 3-5 мың теңге аралығында екенін айтты.
Аудан әкімі Нұрлан Тәжібаев облыс әкіміне 2016 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы және алда тұрған міндеттері туралы баяндады. Баяндама тыңдалған соң, кезек сұрақ-жауапқа берілді. Батыр ауылындағы №10 мектептің мұғалімі Күмісай Әбдіқадырова мектеп ашылғанда 130 оқушы болса, қазір олардың саны 1600-ге жеткендігін, келесі жылы 3000 оқушы мектепке барады деп жоспарланғанын айтты. «Осыған байланысты Батыр ауылынан жаңа мектеп салынса деген ұсынысым бар», - деді ол. Бұл тұрғыда Нұрлан Тәжібаев Батыр ауылында 960 орындық мектеп құрылысын салу жоспарланғанын, ЖСҚ жасақтауға ұсыныс берілетінін жеткізді.
Қызылтөбе ауылының ақсақалы Қыдырбай Жұпбанов биылғы жасалар жұмыстарға су құбырын тартуды енгізулерін сұрады. Су тарту жұмыстары кезең-кезеңмен ауданның барлық ауылдарында жалғасатындығын айтқан Нұрлан Тәжібаевқа облыс әкімі Алик Айдарбаев 2020 жылға дейін ауданды сумен қамтуды 80 пайызға жеткізуді тапсырды.
Әсел ТАҢАТАРОВА, «Мұнайлы»