Қаңтардың 23-і күні қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар, адуынды өлеңдерімен поэзия әлемін селт еткізген Фариза Оңғарсынованың дүниеден озғанына 3 жыл толды. Осыған орай, Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің интернат тәрбиеленушілері қаңтардың 25-інде «Өлең, мен сені аялап өтем...» тақырыбында әдеби кеш өткізді. Ақынның шығармалары мен шығармашылығына арналған кешке интернат тәрбиеленушілері, ұстаздар, мектеп әкімшілігі қатысты.
Кеш барысында тәрбиеленушілер ақынның «Өлең», «Жаз», «Әке туралы ой», сынды өлеңдерін мәнерлеп оқып, жиналғандардың ықыласына ие болды. Кейін 9-сынып оқушысы Айғаным Шарықтыбай ақынның сөзіне жазылған «Жақсы көру» әнін орындады. Содан соң жиналғандар қазақ жазушыларының Фариза туралы толғанған ойларын оқушылардың орындауында тыңдап, «Ақ пен қара туралы ақиқат» шығармасының желісіне қойылған сахналық көріністі тамашалады.
- Біз тәрбиешілерімізбен ақын-жазушылар шығармашылығына арналған әдеби кештерді жиі өткіземіз. Бүгін Фариза апайымыздың өлеңдерімен достарымның алдында бөліскеніме қуаныштымын, - дейді 9-сынып оқушысы Шұғыла Жұмасат кеш туралы.
Сондай-ақ ақынның «Жетімнің монологы», «Медеуде туған ойлар», «Мен туған ауыл», «Менің құйттай далам-ай» сынды өлеңдері де оқушылар аузынан жыр боп төгілді. Кейін интернат тәрбиешісі Жұмагүл Мизамбаева «Фариза» әнін домбырамен орындап, көрермендерді толқытты. Ал кеш соңында барлық қатысушылар бірге «Ән мен әнші» өлеңін хормен орындады.
- Зияткерлік мектепте баланың рухани тұрғыдан бай тұлға болып қалыптасуына аса қатты мән берілетіні барлығымызға белгілі. Сол себепті де мектеп интернаты немесе басқа да ұстаздарымыз, кураторлар әдеби кештерді жиі ұйымдастырып тұрады. Бұл баланың қазақ әдебиетіндегі мүйізі қарағайдай ақын-жазушыларымыздың шығармашылығын тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді деген үміттеміз, - дейді зияткерлік мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтынзер Ихсанова.
Рысгүл РАМАЗАНОВА