©
Қаңтардың 30-ы күні Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушыларына дзюдодан республикалық және халықаралық спорт шеберлері Айбек Имашев пен Бақнұр Мырзай, сондай-ақ, қазақ күресінен халықаралық спорт шеберлері Мейрамбек Жаңабай мен Нұрдаулет Жарылғапов шеберлік сағатын өткізді. Маңғыстау облысының абыройын халықаралық дәрежеде қорғап жүрген спортшылар балаларға қазақша күрес және дзюдо спортының бірнеше әдіс-тәсілін көрсетіп, оқушыларды спортпен айналысуға шақырды.
Салауатты өмір салтанатын ұстануға насихаттауды мақсат тұтқан шеберлік сағатында мектеп директоры Ермек Пайзов спортшыларды мектепке келуімен құттықтап, балалар үшін уақыт бөліп келгендеріне алғыс айтты. Спортшылар оқушыларға қорғану жолдарын, қазақша күрес пен дзюдо арасындағы айырмашылықтары жайлы баяндап, әдістер мен қарсыласты жер жастандыру айлаларын көрсетті.
-Сіздерге көрсететін тағы бір әдістеріміздің бірі - «алдан шалу» деп аталады. Бұл әдістің жапонша аты – «тай отоси». Бұл әдісте қол мен аяқ әрқашан бірге жұмыс жасайды. Қарсыласты тепе-теңдіктен шығармаса, әдіс нәтижесіз болады. Сол себепті қарсыласты әрқашан тепе-теңдіктен шығаруға тырысу керек. Ол үшін біз оны алға тартамыз..., - деді Айбек Имашев шеберлік сағаты барысында.
Дзюдо шеберлері Бақнұр Мырзай мен Айбек Имашевтың көрсеткен техникасына қызыға қараған оқушылар кейін сауалдарын қойып, тіпті өз күштерін де сынап көрді.
Дзюдошыларды тыңдап болған соң жас зияткерлер ауыр салмақтағы қазақша күрестен спорт шебері Мейрамбек Жаңабай мен Нұрдәулет Жарылғаповтың күресу әдістерімен танысты. Ал кездесу соңында, шеберлер өздері көрсеткен тәсілдерді жылдамдықта көрсетіп, жиналғандардың ду қол шапалағына ие болды.
-Грэпплингке қатысып жүргеніме 1,5 жылдай болды. Халықаралық дәрежедегі спорт шеберімен татамиге шыққанымда толқыдым. Бірақ сыныптастарым, достарым мені қолдап, демеу көрсетті. Шеберлер көрсеткен техникалардың дені мен үшін таныс болғанымен, осы күнге дейін көрген әдістерімді бекіте түстім ,- дейді 9-сынып оқушысы Сұлтанмұрат Аспарух шеберлік сағатынан соң.
Кездесу соңында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтынзер Ихсанова сөз алып, спортшыларға алғыс хаттар мен оқушылар салған суреттерді естелікке сыйға тартты. Кездесу соңында оқушылар мамандармен сұхбаттасып, суретке түсті.
Қысқаша анықтама:
Айбек Имашев – дзюдо күресінен Қазақстан Республикасының Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия Чемпионатының жеңімпазы, Әлем Кубогының жеңімпазы, Әлемдік Гран-При жеңімпазы, Әлемдік Гран-Слам жүлдегері.
Бақнұр Мырзай - дзюдо күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері, Қазақстан Республикасының Чемпионатының жеңімпазы, Халықаралық жарыстардың жүлдегері .
Нұрдаулет Жарылғапов – қазақ күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері, «Жас Барыс» Бүккілқазақтық турнирінің жүлдегері, «Маңғыстау Барысы» облыстық турнирінің қатысушысы, «Қазақстан Барысы» Республикалық турнирінің қатысушысы .
Мейрамбек Жаңабай - қазақ күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері, «Жас Барыс» Бүккілқазақтық турнирінің жүлдегері, Қазақстан Республикасының чемпионатының жеңімпазы, Самбодан Әлем чемпионатының жүлдегері.
Ақтау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі