Маңғыстау аудандық Жастар орталығында Елбасы үндеуі талқыланды. Басқосуда Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылатын реформалар туралы сөз болып, ондағы жастардың рөліне де назар аударылды. Елбасының үндеуі еліміздің жаңғыруындағы жаңа тарихи оқиға болып табылады.
Президенттің өзі бүгінгі әлемнің өзгергенін, қазіргі заманның дидары басқаша болып отырғанын айтып отыр. Ал мұндай өзгерістер дүние жүзінде өріс алды және біздің елді де қамтыды. Осыған сәйкес Отанымыз дәстүрлі қоғамнан гуманистік қоғамға қарай бет бұрды. Бұндай ерекшелік үндеуде баса айтылды. Жалпы Қазақстан әлемдік құбылыста өз орнын алу керек, ал бұл үшін біз өзгеруге тиіспіз. Бұл қағида Президент үндеуінің негізгі желісі деп ойлаймын» - дейді жиында алғаш сөз алған орталық басшысы А.Қонарбаев.
Бұдан бөлек, жиын барысында сөз сөйлеушілер президенттік биліктің қазақ елі үшін маңызды рөл атқарғанына, ендігі жерде Парламент пен Үкіметке басқару жүйесінде басымдық берілетініне, сондай-ақ оның қарапайым халық үшін тиімді жақтарына тоқталды. Орталық мамандары елімізде саяси реформалардың осыдан бірнеше жыл бұрын бастау алғанын жеткізді. Елбасы реформасының мәні билік тармақтарына өкілеттік беру ғана емес, сонымен бірге, үлкен жауапкершілік жүктеу екеніне де назар аударды.
Орталықтың бас маманы Әлия Нұрбергенқызының пайымынша, Қазақстан Елбасы жариялаған реформаларды тиімді жүзеге асыра отырып, алдағы уақытта да демократиялық бағыттағы қарқынын нақтылайды. «Президенттің арқасында Қазақстан 25 жыл ішінде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Оны бүгінде бүкіл әлем мойындайды. Қазіргі таңда халқымыздың саяси белсенділігі артты. Қазақстан азаматы ретінде біз де еліміздің саяси өміріне араласып, өз үлесімізді қосуымыз керек»,- деді ол.
Басқосу соңына қарай Елбасы үндеуін аудан орталығында ғана емес ауыл аймақтарда да насихаттау, оған қолдау көрсету, жалпыхалықтық талқылауға салынған реформаларға белсенділік таныту мәселелеріне де назар аударылды.
Мейрамбек СӘУІРБАЕВ,
«Жас Отан» ЖҚ мүшесі