©
Құрметті оқырман! Осы сұраққа толыққанды жауап алу үшін Маңғыстау облысы әкімдігі «Маңғыстау облысының ветеринария басқармасы» ММ-нің ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Дүйсебек пен газет тілшісі Үміт Жәлекенің сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.
- Нұреке, басқа өңірлерден және облысымызда тірі малдың тасымалдану тәртібі және мал сою нысандарының қазіргі жағдайы қандай?
Біріншіден, басқа өңірлерден тірі малдың тасымалдануы ҚР «Ветеринария туралы» заңына және ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің № 7-1/496 (29.05.2015ж.) бұйырығымен бекітілген Қағидаға сәйкес бақылауға алына отырып, жүргізіледі. Бізге негізінен көршілес Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарынан, оған қоса кейде Ресейден тірі малдар тасымалданып, облыстағы мал сою нысандарында сойылады. 2016 жылы Маңғыстау облысына сырттан (басқа аймақтардан) әкелініп сойылғаны: сиыр – 14490, жылқы – 1865, ұсақ мал – 44314, түйе – 1490, шошқа – 921 бас. Облыс ішінен сойылғаны: сиыр – 393, жылқы – 346, ұсақ мал – 3793, түйе – 799 бас. Сойылған малдың көпшілігі халық көп қоныстанған Ақтау, Жаңаөзен қалаларының және Мұнайлы ауданының мал сою нысандарында сойылып, ішкі сауда орындарына жіберіледі. Басқа облыстан (және облыс ішінен) союға жіберілген малға ветеринариялық анықтама беріліп, ол міндетті біріңғай ақпараттық жүйеге (ЕАСУ веб-порталына) енгізіледі.
Мал сою нысанынан өндірілген етке де ветеринариялық анықтама беріліп, ол да міндетті аталған ақпараттық жүйеге енгізіледі, яғни бұл мәселе – ветеринариялық құжаттардың ақпараттық жүйеге енгізілуі 2015 жылдан бері қолға алынып, қазіргі таңда жолға қойылған. Ветеринариялық анықтамалар беруді және оны ақпараттық жүйеге енгізуді арнайы тізімге енгізілген, ветеринариялық анықтама беруге құқы бар ветеринар-дәрігерлер жүргізеді.
Екіншіден, еліміздің оңтүстік облыстары түгелге жақын жануарлардың жұқпалы Аусыл ауруы бойынша буферлік аймақ екендігі, біздің облысқа тасымалданып әкелініп, сойылатын малдардың шығу аймақтарында бруцеллез, туберкулез, нодулярлық дерматит, т.б. көптеген жұқпалы аурулар бойынша қолайсыз пункттердің бар екендігін ескере отырып, басқа аймақтардан тасымалданатын тірі жануарлар тиелген автокөліктерді ішкі істер органдарымен бірлесіп бақылау жұмысы жолға қойылды. Бұл жөнінде қазіргі таңда аудан, қала ветеринария бөлімдері мен ішкі істер бөлімдерінің 2017 жылға біріккен іс-қимыл Жоспары дайындалып, тиісті жұмыстары жүргізілуде.
-Атырау, Орал, Ақтөбе облыстарындағы малдар арасында ауық-ауық бруцелез індеті белгі беріп тұратыны белгілі. Жеке мал сатушылардың көрші облыстардан тірілей әкелетін ұсақ, ірі қара малдарының ауру-саулығын қадағалаудың қандай жолдары бар?
- Дұрыс айтасыз, аяқтай сатылатын малдың ауру тарататын қаупі басым, бірақ сатылмау туралы заң жоқ. Ол үшін Бейнеу-Ақтау тас жолының бойынан жеке мал тасушыларды қадағалайтын бекет ашу керек. Жұмыс ішкі істер қызметкерлерімен бірлікте жүзеге асуы тиіс. Сонда бұл мәселе де жолға қойылады.
-Барлық қолдан сойылып, сатылатын ет дүңгіршіктері мен, жеке кәсіпкерлер тізімі белгілі ме? Олардың халыққа күнделікті ұсынып отырған тауары (еті) бақылауда ма? Ет және ет өнімдеріне сараптамалық тексеру жүргізіле ме? Базарлардағы сатылып жатқан еттердің сапасы қандай?
- Біріншіден, ветеринариялық заңнамалар талабы бойынша, ветеринариялық бақылауға жататын тамақ өнімдерін (ет, сүт, жұмыртқа, балық, ара балы және олардың өнімдері) ветеринариялық анықтамасыз тасымалдауға және ветеринариялық-санитариялық сараптама құжатынсыз сатуға (өткізуге) тиым салынған. Жоғарыда айттым, қазіргі таңда облыс бойынша барлық мал сою нысандарында ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханалары (ВССЗ) бар, осы нысандардың ветеринар-дәрігерлерінің берген анықтамаларымен және ВССЗ сараптама құжаттарымен ет және ет өнімдері базарларға таратылады.
Екіншіден, облыс бойынша ішкі сауда нысандарында (базарларда) болуға тиіс ВССЗ-лар жетіспейді. Бұл мәселенің объективті және субъективті себептері бар. Қазіргі қолданыстағы заңнамалар бойынша, жергілікті атқарушы органға ВССЗ ашуға құзірет берілмеген және ветеринариялық-санитариялық сараптама қызметі жартылай мемлекеттік монополиялық және жартылай жеке бәскелестік ортаға берілген. Бізде іс жүзінде толықтай мемлекеттік ВССЗ жоқ, қазіргі ВССЗ-лар - шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (ШЖҚ РМК) да, жеке кәсіптегісі де табыс табуға (өзін өзі асырауға) құрылған, егер рентабелділік жоқ болса, жұмыс істей алмай, жабылып қалады. ВССЗ-лар базар иелерімен келісім шартпен жұмыс істейді, яғни олар базарда үй-жай (бөлмелер) жалдайды. Олардың қазіргі таңдағы жалдау құны – айына 100-150 мың теңге. Ал бұл қаражатты және мамандарына еңбекақы төлеуге базарлардағы сараптамадан түсетін түсім жетпейді, яғни өзін-өзі ақтамайды. Қазіргі таңда ішкі сауда нысандары (базарлар) үшін облыста 10 ВССЗ болуы тиіс болса, жұмыс істеп тұрған ВССЗ саны тек 2, олар - «Мағаш» базарындағы жекеменшік ВССЗ және «Республикалық ветеринариялық зертхана» ШЖҚ РМК филиалында орналасқан ВССЗ, біріншісі қазірде әрең күнелтіп отыр.
Бұл мәселені қазіргі таңда шешудің мынадай жолдары бар (және мұны тиісті заңнамаларға өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, бекіту қажет): ветеринариялық-санитариялық сараптама қызметін толықтай мемлекеттік монополияға өткізу және оның зертханасына үй-жайды (бөлмелерді) тегін беру. Егер бұл іске аспаса, ең болмағанда аудандық, қалалық ветеринариялық стансаларға ВССЗ ашуға рұқсат беру. Біз былтырдан бері жоғары органдарға осындай ұсыныстар жасап келеміз.
Дегенмен, бұл мәселеде қол қусырып, қарап отырған жоқпыз. «Республикалық ветеринариялық зертхана» ШЖҚ РМК филиалымен келісімге сәйкес, алдағы уақытта Маңғыстау, Бейнеу және Қарақия аудандарында ВССЗ-лар ашылатын болды.
- «Ет дегенде бет бар ма?» «Ет – етке, сорпа - бетке» деп, өзінің ет жегіштігін ақтап алатын қазекем ет сатушыларды көбірек жағалайды. Ақтаулықтар өздері тұтынып отырған еттің тексеруден өткендігіне сенімді ме?.
- Жасыратыны жоқ, Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін бізде ветеринария саласының дамуы кенжелеп қалған болатын. Осы кездерде малды бейберекет (әркім өз ауласында) сою, сату (өткізу) орын алды. Бертін келе бұл жағдайды тоқтату үшін жер-жерден мал сою нысандарын ашу қолға алынды. Атап айтқанда, 2011-2013 жылдар аралығында ветеринария ұйымдарының ұйымдастыруымен облыстағы бұрынғы ет комбинатынан басқа, Ақтау қаласында - 4, Жаңаөзен қаласында - 4, Бейнеу, Түпқараған, Маңғыстау, Мұнайлы аудандарында бір-бірден, облыс бойынша барлығы -12 мал сою нысаны ашылып, малдарды бақылаусыз сою мәселесі біршама тәртіпке келтірілді.
Қазіргі таңда облысымызда штатында уәкілетті органмен аттестаттаудан өткен ветеринар-дәрігерлері және сараптама зертханалары бар, аталған 12 мал сою нысаны жұмыс істеп тұр және өнімдері өз аумақтарындағы ішкі сауда нысандарына таратылуда.
Ақтау халқы негізінен «Елнар», «Нұр», «Берекет», «Ринго» қасапханаларында сойылған күн сайын тексеруден өтіп тұрған етті тұтынуда. Оларда барлық құжаттар талапқа сай. Сондықтан сенімді деп айтуға болады.
-Ал алыс-жақын шетелдер мен өз ішімізден тасымалданатын мұздатылған ет және ет өнімдерінің жағдайы талапқа сай ма?
-Бұл өнімдер негізінен Ақтау порты арқылы келетіндіктен бақылау оңай. Тауар келген бойда сараптамадан өткізіліп, зертханаларда тексеріледі. Содан соң ғана ветеринар маманның рұқсатымен сатылымға шығарылады. Бұлардан қауіптенетін ештеңе жоқ.
- Кейбір әңгімелерге қарағанда, базарларда тиісті құжатсыз ет сатылады және әртүрлі жануарлардың еттері (мысалы шошқа мен сиырдың) араласып жататын көрінеді? Осындай және басқа ветеринариялық заңнамалар талаптарын бұзушыларға қандай шаралар қолданылады?
Әрине, ет сататын адамдар әртүрлі, біреулері ұқыпты, екіншілері керісінше дегендей. Өз басым әртүрлі малдың етінің араласып жатқанын көрген жоқпын және аудан, қалалардың ветеринария бөлімдері тарапынан тексеру нәтижелерінде де мұндай факті анықталған жоқ, сондықтан оны дәл солай еді деп айта алмаймыз. Ал тиісті құжатынсыз ет сатушылар және басқа ветеринариялық-санитариялық талаптарды бұзушылар тексеру барысында кездесіп қалып жатады. Мұндай жағдайларда заңға сәйкес тиісті шаралар қолданылады. Мысалы, өткен жылы Ақтау қаласы бойынша ветеринариялық құжаттарынсыз ет, балық, шұбат, жұмыртқа сатқаны үшін ветеринариялық инспекцияға ұсыныс беру арқылы, 6 жеке кәсіпкерге барлығы 636300 теңге, Қарақия ауданы бойынша ветеринариялық құжатсыз ет тасымалдағаны және сатқаны үшін 1 жеке тұлғаға 42420 теңге, Жаңаөзен қаласы бойынша тірі мал тасымалдау ережесін бұзғаны үшін 1 жеке тұлғаға 42420 теңге айыппұлдар салынды. Бейнеу ауданы бойынша 3 жеке тұлғаға нұсқама беріліп, кемшіліктері түзетілді. Ақтау және Жаңаөзен қалаларындағы мал сою пунктінің 2 ветеринар-дәрігеріне өз міндеттерін тиісінше атқармағандығы үшін инспекцияға ұсыныс беру арқылы, барлығы 112100 теңге айыппұл салынды. Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының 14 ветеринариялық дәрігеріне тірі малды тасымалдау кезінде, ветеринариялық анықтамаларды біріңғай ақпараттық жүйеге (ЕАСУ веб-порталына) енгізбегені үшін, сол облыстардың аумақтық ветеринариялық инспекцияларына хат жолданып, шарасы алынды.
- Биылғы жылда жасалуы тиіс, кезек күттірмейтін қандай іс-шаралар мен жұмыстар бар?
Біріншіден, аудан, қалаларда, әсіресе Ақтау қаласы мен Мұнайлы, Түпқараған, Қарақия аудандарында мемлекеттік ветеринариялық дәрігерлер жетіспейді. Мал сою, ішкі сауда және басқа нысандарға сауатты бақылау-қадағалау жүргізетін мамандар өте қажет.
-Бұл мәселенің шешімін қалай табуға болады?
-Облыста ветеринар мамандар жеткіліксіз. Жеке бөлім болуға тиісті ветеринарлық бөлім кәсіпкерлік, ауылшаруашылық бөлімдерімен қосылып, бір бөлім болып жұмыс атқарып отыр. Тіпті қазірдің өзінде облыс әкімдігіндегі осы бір ғана ветеринарлық бөлімде бас маманнан бөлек 2-3 маман штаты бос тұр. Жалғыз Нұрберген Мамытов деген маман қызметкер бар. Оның барлық жұмысты бір өзіне игеруі мүмкіндігінің қиындық туғызатыны белгілі ғой. Маман тапшылығына ұрындырып отырған мәселе ретінде айлық табыстың аздығы мен мемлекеттік мекеме мамандарының жыл сайынғы өтуге тиісті аттестацияны атауға болады.
Осы мәселенің шешімін аудан басшылары өздері шешіп, жүйелеп отыруға тиіс. Мысалы, Бейнеу ауданы басшысы бұл мәселенің шешімін тауып, ауданды ветеринар мамандармен жеткілікті түрде жабдықтап отыр. Бұл әрине, жергілікті басшының жүйелі жұмысының жемісі.
Екіншіден, аудандар арасында халқы бір жерге шоғырланған, адам саны ең көп Мұнайлы ауданында арнайы тамақ базарын ашу керек. Бұл жөнінде облыс әкімдігі тарапынан аудан әкіміне нақты ұсыныстар беріліп, оны орындау тапсырылды.
140 мың халқы бар Мұнайлы ауданында бірде-бір ветдәрігер жоқ. Ветбөлімшеге маман тұрақтамайды. Ет сатылатын базар талапқа сай емес. Ал талапқа сай «Маңғыстау-3» ауылындағы «Кәсіпкерлер палатасы» базарының сөресі бос тұр. Бүгінгі күнде ауданда типтік азық-түлік базары жоқ. Аптаның әр күнінде әр ауылда өтетін жәрмеңкелердің жағдайлары да сын көтермейді. Ет өнімдері талапқа сай орындарда сатылмайды. Соның бәрі ұйымдастыруға болатын шаруалар.
Үшіншіден, ветеринария саласын одан әрі дамыту және күшейту үшін, басқа барлық облыстарда іске асырылғандай және ҚР «Ветеринария туралы» заңының талабына сәйкес, аудан, қала әкімдіктеріндегі ветеринария саласын ауыл шаруашылығы (және кәсіпкерлік) салаларынан ажыратып, өз алдына дербес ветеринария бөлімі етіп құру.
-Облыста «Талғар-Ет» ЖК, «Оңтүстік Халал Тағамдары» ЖШС, «АНСАР ХАЛАЛ» ЖШС, «АҚ-НИЕТ» ШҚ, «Халал ет» ЖШС мекемелері секілді әлемдік халал стандарттарына сай көнвейерлік жүйемен мал сою орындары салына ма?
- 2016 жылы облыста жаңа типтегі 2 мал сою нысанының (Ақтау қаласында және Мұнайлы ауданында) құрылысы аяқталып, қазір пайдалануға берілу үстінде және жақында Ақтау қаласы аумағында тағы бір жаңа типтегі мал сою нысаны құрылысы басталды.
Жуық арада ашылуға тиіс «Құрық-Строй сервис» ЖШС-інің типтік-автоматты мал сою пункті дайын тұр. «Ынтымақ» қасапханасы да берілуі тиіс. «Нұр» қасапханасы да жаңадан жабдықталып жатыр.
-Кез-келген базардан сатып алатын еттің тексеруден өткендігі жөніндегі кепілдікті кімнен алуға болады?
-Әр жеке сатып алушы базардан алатын етінің тексеуден өткендігі туралы анықтаманы талап етуге құқы бар.
-Ет павильондарын жабдықтап, витриналар орнатуға болмай ма?
-Ол базар иесінің құзырындағы шаруа. Халық талабын қанағаттандыруды ойласа, барлығы да талапқа сай жұмыс жүргізуі керек.
Сұхбатыңызға рахмет!
Үміт ЖӘЛЕКЕ