Ақтау қаласында 28-ші Бүкіләлемдік Алматы-2017 қысқы Универсиадасының ең жарқын оқиғасы - Алау Эстафетасы жағылды. Салтанатты шараға аймақ басшысы Алик Айдарбаев бастаған қала әкімі мен орынбасарлары, мекеме басшылары, спорт саңлақтары, қала жастары қатысты. Бес мыңнан астам тұрғын қатысқан шара жоғары деңгейде өтті.
- Бүкіләлемдік 28-ші қысқы Универсиадасының Алау Эстафетасы елордада Мемлекет басшысы Н. Әбішұлының қатысуымен басталып, Ақтау қаласына да жетті. Қымбатты жерлестер, біз бүгін тарихи сәттің куәгері болып отырмыз. Баршаңызды осы қуанышты сәтпен шын жүректен құттықтаймыз. Елбасымыз: «Біздің қазақстандық спортшылар жеңіс баспалдақтарына көтеріліп, бүкіл әлем таланттарымызға таң қалып тұрған кезде, мен ерекше мақтаныш сезімінде боламын» деп айтқандай, Қазақстанның жетістігін өзге мемлекеттер танып, әнұранымызды шырқалып, көк байрағымыздың желбірегені біз үшін үлкен мәртебе. Қазақстандық спортшылар өз елінде, туған жерінде жеңіске жетсін. Баршаңызға Отанымыздың абыройын асқақтататын жаңа жетістіктер тілеймін, еліміздің көк байрағы жеңіс тұғырында желбіресін, - деген өңір басшысы Алик Айдарбаев алауды Ақтаудан Алматыға жеткізу еліміздің мақтанышы, былғары қолғап шебері Әділбек Ниязымбетовқа тапсырылғанын атап өтті. Салтанатты түрде алау жағылғаннан кейін, арнайы іріктеліп алынған 60 алаугер қаланың көрікті жерлерімен жүгіріп өтті. Алаудын бірінші кезеңі 12-шағынаудандағы Мемлекеттік рәміздер алаңында басталды. Екінші кезең түстен кейін 14 шағынаудандағы теңіз жағалауында жалғасып, сағат 16:00-де «Астана» алаңында қорытындыланады. Осылайша, алаугерлер 12 шақырымды еңсереді.
Алаугерлердің қатарында Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Берік Әбдірахманов, жастар арасында самбодан екі дүркін Азия чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері Бауыржан Сағынғалиұлы, самбо күресінен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, дзюдодан Қазақстанның үш дүркін чемпионы және Азия чемпионы Сұңғат Жұбатқан, дзюдо мен самбодан ҚР спорт шебері, жастар арасында Ел чемпионы, Азия, Әлем чемпионаттарының қола жүлдегері Рамазан Мамаев сынды еліміздің намысын байрақты бәсекелерде абыроймен қорғап жүрген спортшылар бар.
- Бұған дейін облыс орталығында Алматы қаласында өтетін 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданы қолдау бағытында әр түрлі бағытта шаралар өткен болатын. Онда қысқы универсиаданың тарихы жөнінде кеңінен ақпарат беріліп, спортшыларымыз мұз айдынында өнерлерін көрсетті. Біздің облысымызда қысқы спорт түрлері кенже дамып келеді. Сондықтан да бұл универсиадаға аймақтан спортшыларымыз қатыса алмайды. Алдағы уақытта біз облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан қысқы спорт түрлерін дамытуды қолға алатын боламыз. Жалпы қысқы универсиада елімізде 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматы қаласында өтеді. Еліміздің әр аймағынан келген алаугерлер Алматыда өтетін Универсиаданың ашылу салтанатында біріктірілетін болады. Айта кету керек біздің еліміздің мұндай іс-шараларды ұйымдастыруда үлкен тәжірибесі бар. Еліміз 2011 жылы жетінші қысқы Азия ойындарын өткізді, - дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бекболат Байжанов.
Алматы қаласында өтетін 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада спорттың 12 түрін қамтиды. Қысқы Универсиадаға 60 елден 2 мыңға жуық спортшы қатысады және жарыс уақытында 30 мыңға жуық шетелдік қонақ пен турист келеді деп күтілуде.
Венера МИРЛАН
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="18267,18269,18270,18275"]