Осыдан бірнеше күн бұрын Елбасы Н.Назарбаевтың мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселелері жөнінде жасаған үндеуі еліміздің әрбір өңірінде қызу талқыланып жатыр. Өткен бейсенбі күні өткен жиында Ақтау қаласының активі үндеуге қатысты және билік бөлінісі мәселесіне қатысты тиісті заңдар мен Конституцияға өзгеріс енгізу жөнінде пікірлерін білдіріп, қолдайтындықтарын жеткізді.
Жиында Ақтау қалалық мәслихатының хатшысы Марат Молдағұлов жалпыхалықтық талқылауға ұсынылған Конституцияға енгізілетін өзгерістер жобасымен таныстырып, түсіндіріп өтті. Сондай-ақ Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы жариялаған саяси жүйенің мемлекеттікті нығайтуға, билік тармақтары қызметінің тиімділігі мен жауапкершілігін арттыруға бағытталғанын жеткізді.
– Тәуелсіздік алған уақытымызда Елбасы Н.Назарбаев тар жол, тайғақ кешкен, небір қиын-қыстау жылдарды бастан өткерген халықты басқаруға келіп, биікті қолына алды. Қазақ елінің келешегі, әлеуметтік- экономикалық жағдайды жақсарту, елдің еңсесін тіктеу Президентімізге жүктелді. Бүгінде еліміздің жетістігі, әлеуетіміздің әлденіп, тұрмысымыздың түзелуі, әлемдік аренада беделіміздің қалыптасуы Елбасының есімімен байланысты. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы жариялаған билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселелері заманның қажеттілігінен туындап отыр. Біз нақты саяси реформалардың алдында тұрмыз. Алдағы 1 ай уақыт ішінде билік бөлінісі мәселесіне қатысты тиісті заңдар мен Конституцияға өзгеріс енгізуге қатысты халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Қорытындысында айтылған ұсыныс-пікірлер, көтерілген мәселелер ескеріліп, тиісті орындарға жолданады. Арнайы құрылған штабқа, интернет сайттарға жолдауға және байланыс телефондарына хабарласуға болады. Барлық қала тұрғындары үн қосады деп сенемін, – деді қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бисенғали Кенжалиев.
Жиында сөз сөйлеген Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Берішбаев дамудың жаңа белесіне бағытталған қадам елдің мүддесіне сай келетінін, мемлекетті басқарудың неғұрлым тиімді, орнықты, замануи жүйесі құрылатынын жеткізді. Қазақстан Коммунистік халық партиясы Маңғыстау облыстық филиалының екінші хатшысы Жүсіп Беркенов мемлекеттің басқару жүйесін жаңғырту елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып жасалған байлам екенін айтып, халық тарапынан қолдау табатынына сенімділік білдірді.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ