©
Ақтау қалалық №2 сотында өткен жылдың жұмыс қорытындысы бойынша баспасөз мәжілісі болып өтті. Оны ашқан сот төрағасы Қанзиба Рысқалиева судьялардың VIІ съезі, жүктемесі, сотта дыбыс-бейне жазбаның, медиацияның қолданылуы, бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысы туралы сөз тарқатты.
- 2016 жылы сотқа 9480 талап арыз және 62 азаматтық іс түсті. Бұл 2015 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда талап арыздар саны 1168-ге не 8 пайызға артты, - деп бастады сөзін Қанзиба Жәкібайқызы. - 12 айда барлығы 8709 азаматтық іс аяқталды. Оның ішінде 3336 ісіне сот бұйрығы шығарылса, 2455 іс оңайлатылған тәртіппен, 4334 іс шешім шығарумен аяқталды. 359 істің өндірісі қысқартылып, 623 іс қараусыз қалдырылған. Бұл сандар да 2015 жылдық есептік кезеңмен салыстырғанда біршама өскен. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес №2 сот ғимаратының 8 сот залы дыбыс-бейнежазба қондырғылармен жабдықталған. Есепті кезеңде аяқталған 2918 істің барлығы дыбыс-бейнежазба қондырғысымен қаралды. 12 айда аяқталған 8709 істің 7036-сі сот кабинеті арқылы түсті. Сондай-ақ сот кабинеті арқылы 729 өтініш, 287 қарсылық, 77 апелляциялық шағым тіркелген, - деді ол.
Оның сөзінше, медиация тәртібімен өткен жылы 195 іс жүргізіліп, 79 іс бітімгершілік келісіммен аяқталған. 2015 жылмен салыстырғанда бұл бағытта ілгерілеушілік бар. Сот жүйесінің беделін арттыруға үлес қосатын БАҚ өкілдерімен байланыс та берік әрі тұрақты жүргізілуде. Өткен жылы маңызды мақалалар жарияланып, салмақты сұхбаттар берілді.
Шетелдіктердің ел заңын белшесінен басуы – өзекті мәселе. Осыған орай көші-қон полициясынан сотқа 60 талап арыз түскен. Оның 31 талап арыз бойынша шетел азаматтарын, азаматтығы жоқ тұлғаларды ҚР заңын бұзғаны үшін республика аумағынан тысқары шығарған. Алимент өндіру бойынша 759 талап арыз түсті. Оның 27-сі қайтарылып, қалғандары қанағаттандырылған. Ал неке бұзу бойынша 1250 талап-арыз түсіп, оның 745-і қанағаттандырылса, 138-і қайтарылған. 111 талап арыз медиация тәртібімен шешілген.
Ақтау қаласының аумағы кеңейіп, бой түзеген тұрғын үйлер халыққа тапсырылуда. Алайда Ақтау қалалық әкімдігінде тұрғын үй алуға үміткер халықтың кезектен шығару не пәтер алу құқығынан заңсыз айыру деректері көбейген. Бұл өзекті істі сот қолға алып, азаматтардың арыз шағымдарын қарау барысында Ақтау қаласы әкімдігінің әрекеттерін заңсыз деп таныған. Сот «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заң талаптарына сәйкес қалалық әкімдік жанында құрылған тұрғын-үй комиссиясының азаматтар арызын бұрын үйі болған деген негізбен қанағаттандырусыз қалдырды деген уәжін негізсіз деп тауып, азаматтардың құқығын қорғауда. Осыған байланысты өткен жылы 40-қа жуық азаматтан арыз түссе, осы жылдың басынан бері 5-6 арыз түсіп үлгерген.
Ханым ҚУАТ
Суреттерді түсірген Нұрғаным ИМАШЕВА