Маңғыстаудың Бозащы түбегінде дүниеге келсе де, тағдыр Дауылтай атаны Оралдан бір шығарыпты. Отбасында өзінен басқа тағы төрт ағасы болғанымен, олардың біреуі де соғыстан қайтпады. Бір кездері бірсыпыра ірі-қара мен қойдың иесі болған сүттей ұйыған шаңырақ Кеңес Одағы құрыла бастағанда ыдырап жүре береді. Байлардың малын тәркілеп, кедейлердің қолындағы барын тартып алған жағдай, Дауылтай атаның да отбасын айналып өтпепті. Әкесі балаларына тамақ іздеп жүріп көз жұмған.
1932 жылы Гуревьке көшіп, балық аулап күн көруге тура келеді. Анасынан да айырылып, жетім қалған 9 жасар Дауылтайды Орал облысындағы балалар үйіне алып кеткен. 8-сыныпқа аяқ басар кезінде соғыс басталып, мектепті аяқтамай, ауылға жұмысқа жіберіледі. Кейін, соғысқа шақыру қағазы келіп, 18 жастағы бозбала Уральск қаласынан Тоцкое әскери лагерінде әскери оқу жаттығуларынан өте бастайды.
Жиырмаға толмаған жас жігіт 1943 жылы әйгілі Курск доғасына жіберіледі. Дауылтай ата 100-ге жуық барлауға барғанын да айтып берді. Ол ержүректілігінің арқасында бөлім командирінен рота командиріне дейін көтеріледі. Соғысты Молдавия жерінде жалғастырған. Прут өзенінің жағасы екі елді бөліп тұрды. Арғы беті румын жері еді дейді ол. Ясско-Кишиневтағы төрт айға созылған ұрыста сапер Дауылтай Қонашев аяғынан жараланады. Алайда, үйге қайтпай артиллерист болып, соғысты жалғастырады. Дауылтай үшін соғыс Дрезденде аяқталды.
Соғыстан кейінгі бейбіт тірліктегі нәпақасын Алматыдағы «Гидромедслужба» мекемесінде жұмыс істеп тапқанын айтады. Кейін туған ауылына оралады. Өмірзақтағы алақандай үйінде 30 жыл бойы тұрып келеді. Ешқашан биліктен жайлы, ыстық-суық суы бар, дәретханасы ішінде пәтер сұрап көрмепті. Қарияның етжақыны жоқ. Жұбайы қайтыс болғаннан кейін өзі өмір сүрді. Ол бала да сүйген жоқ, немере де иіскеген жоқ. Бірақ, еңсесін түсірген жоқ.
Дереккөз: Не хабар газеті Суреттер Талант Құсайынның жеке қорынан