«ҚазПошта» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы былтыр оң бастамаларға түрткі болып, жаңа жобаларды жүзеге асырды. Жаңа жыл қарсаңында қайырымдылық іс-шараларын іске асырып, жан жылуына мұқтаж жандарға қамқорлық танытты. Мәселен, «Аяз атаға хат жаз» қайырымдылық акциясы аясында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерге сан түрлі сыйлықтар табыстады. Өңірлік филиал қызметкерлері «Аяз ата» мен «Ақшақар» кейпіне еніп, қамкөңіл балдырғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, шадыман шаттыққа бөледі.
Сонымен қоса, «ҚазПошта» өңірлік филиалы назарынан жаңа өмірге қанат қағатын жастар тыс қалмады. Жоғары сынып шәкірттері пошташы мамандармен жүздесіп, қызмет орнын аралады. Пошташы қызметінің қыр-сырымен танысып, еңбек тәртібі, талап-ережелері мен ерекшелігі жайында құлағдар болды. Жастар арасында ерек мамандық жайында зор қызығушылықпен тыңдап, пошташы, оператор болуға ниет танытқандар да болды.
«ҚазПошта» қызметі әлі де халықтың жоғары сұранысына ие. Әсіресе газет-журналдар, мерзіміді басылымдарды таратуда пошта қызметінің маңызы зор. «Газет - халықтың көзі, тілі һәм құлағы». Өңір тынысы, күйбең тірлік қамытына жегілген бұқара өмірінің бүлкілі, қоғам келбеті айна-қатесіз бедерленген, өзекті мәселе, өткір сын өкірте жазылып, әдеби-мәдени сала, бұрқ-сарқ қайнаған саяси әлем жаңалықтары жария етілетін басылым қай кезеңде болмасын қалың қауым, қараша халық құрметі мен сұранысына ие. Байсалды ой, байыпты пікір, орынды сын, мардымды мағлұмат берер басылым ақпарат айдынында өз беделін ұстап тұруы, ойшыл оқырманын жоғалтпауы маңызды жайт. Әрине, тыңғылықты дайындық, жан-жақты ізденіс, табанды еңбекпен туындаған, журналистің сана сүзгісінен, ой елегінен өтіп, әбден екшелген татымды дүние, мәнді, мазмұнды мақалалар арқылы мерзімді басылым оқырман назарын өзіне аударады. Кез келген оқырманның айызын қандырар сын-сықақ, әзіл-оспақ, өткір де өзекті талдау, сарабдал сараптау сынды тың тақырыптарға қалам түрту газет аудиториясының аясын кеңейтеді. Бүгінде ұлттық құндылықтар, терең тарих қойнауында жатқан көне жәдігерлер, әдебиет пен мәдениет маржандарының жоқтаушысы ұлт басылымдары болып отырғаны ақиқат. Сондықтан да, қалам ұстаған қазақтар ана тіліміздегі әрбір басылым тиражының мүмкіндігінше мол болғанын қалайды.
Соның ішінде «Маңғыстау» сынды өңір баспасөзінің қарашаңырағына айналған маңдайалды басылымның беделі ел арасында зор. Былтыр ғана бес-алты мың газет тиражының биыл он мыңға жуықтауы бас басылымның тағдырына бей-жай қарамайтын ұлтжанды азаматтардың арқасы деп білеміз. Мәселен, биыл «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мен газет басшылығы жүргізген келелі әңгіме нәтижесінде басылым тиражы екі есеге артты. Әрине, мұнай саласындағы еңбеккерлердің бұндай жанашырлығы қуантады. Алғысымыз шексіз. Алдағы уақытта өңір халқының газет өсімі, оқырман санының молаюына өз үлесін қосарына сенім зор.
Голрох Жеменей