Маңғыстау облысы әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің кезекті отырысында Түпқараған, Бейнеу аудандары мен Жаңаөзен қаласындағы діни ахуал, мешіт құрылыс орындары және ақпараттық-түсіндіру тобының жұмыстары туралы мәселе қаралды. Оны облыс әкімнің орынбасары, кеңес төрағасы Рахымбек Әміржанов ашып, жүргізіп отырды.
Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Исахан Сағынбаев ақпараттық-түсіндіру топтарының жастармен, ауыл және қала тұрғындарымен, мектеп оқушыларымен, студенттер және мемлекеттік мекемелер қызметкерлерімен, ірі мұнай мекемелерінің қызметкерлерімен кездесулер өткізгенін атап өтті.
— Дәстүрлі дініміз Исламның құндылықтарын дәріптеу, халықтың діни сауатын арттыру, ел арасында деструктивті ағымдардың таралуының алдын алып, ақпараттандыру, отансүйгіштікті, толеранттылықты, төзімділік пен байсалдылықты насихаттау бағытындағы мұндай шаралар барысында «Зайырлы мемлекеттегі дін», «Заңсыз кітап саудасы», «Соғысу сүннет пе?», «Исламдағы жиһад ұғымы» атты бейнероликтер көрсетіліп, жастарды жалған діндерден сақтандырудың негізгі жолы—дәстүрлі дінді насихаттау мәселелері туралы түсінік берілді. Жаңаөзен қаласы бойынша 175 жеке кездесу өткізілді. Соның ішінен теріс ағымдағы 63 тұрғын анықталып, 20 адам дәстүрлі Ханафи мазхабына қайтарылды. Жастар арасында осыдан 5-7 жыл бұрынғыдай жаппай дінге ұрыну үрдісі байқалмайды. Жаңаөзенде діни мейрамдар да ұйымдасқан түрде өткізілуде. Жаңаөзен қалалық орталық мешітімен, Теңге, Қызылсай, Рахат ауылдарындағы мешіттермен және «Жанды сөз» таурат орталығының шіркеуімен тығыз байланыс орнатылған. Жақында қаланың Арай шағын ауданынан 1500 орындық Әбіш Қожа атындағы мешіттің құрылысы аяқталып, халық игілігіне берілді. Мешіттердің материалдық-техникалық базасы толық қамтылған, кадр мәселесі де шешіліп, арнайы діни сауаты бар «Нұр-Мубарак» Египет ислам мәдениеті университетін бітірген 4 жас маман найб имам болып жұмысқа орналасты. Жаңаөзен қаласына жіберілген жас мамандардың балалары балабақшаларға кезектен тыс орналастырылды,-деді ол.-Бір жылда Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының жұмыс жоспарына сәйкес Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының арнайы теолог мамандары Арман Қуанышбаев, Ерсін Әміре, Ризабек Батталұлы, Қанат Жұмағұл, Қабылбек Жұмабеков сынды танымал, білікті теологтар келіп, мешітке келуші тұрғындармен кездесу өткізіп, насихат жұмыстарын жүргізді.
Түпқараған ауданының әкімі Талғат Алтынғалиевтің баяндауынша, ауданда Қазақстан мұсылмандар діни басқармасында тіркелген екі діни бірлестік қызмет етеді. Олар—аудан орталығы Форт-Шевченко қаласындағы «Түпқараған аудандық мешіті» және Таушық ауылында орналасқан «Таушық ауылдық мешіті». Сондай-ақ, Ақшұқыр ауылында жеке кәсіпкер мешіт үйінің құрылысын және Сайын Шапағатов ауылында да қоғамдық қоры арқылы мешіт үйлері салынып жатыр. Сайын ауылындағы мешіт таяуда қолданысқа беріледі деп күтілуде.
— Мешіттердің екі бас имамдары мен бір найб имамы Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасы жанынан ұйымдастырылатын курстарда біліктілігін арттырып жүр. Осы имамдармен мешіттегі шаралар жергілікті атқарушы органдармен бірлікте ұйымдастырылады. Соның ішінде діни жоралғылар, діни мерекелер, қайырымдылық шаралар жоғары дәрежеде ұйымдастырылып келеді. Діни бірлестіктердің ұйымдастыруымен 25 қайырымдылық шара өткізіліп, «Ақ ниетпен» акциясы бойынша 216 отбасы азық түлікпен қамтылып, «Мектепке жол» акциясы аясында 5 оқушыға мектепке қажетті құрал-жабдықтар алынды,-деді аудан әкімі.-Аудандық ақпараттық түсіндіру тобы 88 кездесу өткізіп, 7206 адамды қамтыды. Оның ішінде бірінші кезекте білім беру ұйымдары және мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын және мекемелер қамтылды. Бір жылда 1 дөңгелек үстел, 2 рухани кеш, 1 драма, 6 облыстық ақпараттық түсіндіру тобының кездесуі, 1 аудандық конференция, 5 облыстық мешіттің бас имамымен кездесулер өтті. Сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Деструктивті діни ағымдардың таралуының алдын алу бойынша ақпараттық-насихаттық іс-шаралар ұйымдастыру» лот тақырыбында 800 000 теңгеге конкурс жарияланып, «Бауырлас жауынгерлер» Ауған соғысы ардагерлерінің Ақтау қалалық қоғамдық бірлестігі жеңімпаз атанып, шаралар ұйымдастырды.
Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Кенжеғали Машырықов Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында Бейнеу ауданында бірқатар жұмыстар атқарылғанын жеткізді.
— Аудан тұрғындарын дәстүрлі емес, теріс ағымдар қатарына еніп кетуінің және экстремизмнің алдын алу мақсатында құрылған ақпараттық-түсіндіру тобының құрамында аудандық маслихат депутаттары, ақсақалдар кеңесінің төрағасы бар,-деді ол.- Ақпараттық-түсіндіру тобының қатысуымен жыл ішінде әр түрлі діни тақырыпта 95 ақпараттық-түсіндіру жұмыстары өткізіліп, 9667 адам қатысты. Оның ішінде 48 рет аудан жастарымен, 30 рет мекеме, кәсіпорындармен, 7 рет ата-аналармен, 2 рет ашық сұхбат өткізілді. Кездесулерде жастардың өзге ағым арбауына түсіп кетудің алдын алу мақсатында «Сирияға кеткен жастар», «Соқыр сенімге арбалғандар» атты бейнероликтер көрсетілді. Сауда орталықтарында «Қауырт желі–114» парақшасы таратылып, 900 тұрғынға діни түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында және де облыстық дін істері басқармасының тапсырмасына сәйкес аудандық кітапханаға және орталық мешітке діни тақырыптағы әдебиеттер таратылды. Бейнеу селосы бойынша 48 дәстүрлі емес діни ағымдардың өкілдері анықталып, олармен арнайы жұмыс жүргізілді. Жат ағымдағы азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында жұмыс орындары ұсынылды, бірақ жұмысқа орналасқысы келген адам болған жоқ. Аудан бойынша интернет-ресурстарында теріс бағытты насихаттайтын діни экстремистік және террористік сайттар анықталған жоқ.
Бүгінде балаларын жұқпалы ауруларға қарсы ектіруден дін ұстанған адамдар бас тартады деген түсінік қалыптасқаны шындық. Алайда, К.Машырықовтың сөздеріне қарағанда, емханада вакцина ектіруден бас тартқан 13 адам болғанымен, олардың арасында теріс ағымда жүрген азаматтар жоқ. Сондай-ақ ол келтірген мәлімет бойынша діни оқу орындарында 5 бала білім алуда, ал 2016 жылы діни оқуға түскен бала жоқ.
— Бейнеу ауданы бойынша мешіт имамдарына 2016 жылы мемлекет тарапынан көмек көрсетілген жоқ, — деді К.Машырықов.-Қазіргі таңда Бейнеу селосында 1700 адамдық «Бейнеу орталық мешіті», Боранқұл селосында 500 адамдық ауыл мешіті, Ақжігіт селосында 70 адамдық имандылық үйі бар. Сарға,Төлеп және Есет селолық округтерінде село әкімдігінің қарауында 70 адамдық имандылық үйлерінің құжаттары ҚМДБ тарапынаөткізілуде. Тұрыш ауылындағы жеке кәсіпкер Жұмалиев Хасеннің демеушілігімен 80 адамдық имандылық үйі, Сам селосындағы жеке кәсіпкер Қонақбай Абдулланың демеушілігімен 80 адамдық имандылық үйінің облыс әкімдігінен қаулысы шығып, жер бөлу жөніндегі шешім дайындалуда. Бұл айтылған мәселелер бойынша ұсыныс жоқ. Бейнеу ауданы бойынша діни ахуал тұрақты. Алдағы уақытта да ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде өткізіліп, үнемі бақылауда болады.
Кеңес мүшелері көтерілген мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін білдіріп, тиісті қаулы қабылданды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА