«Қыстың қыстығы, жаздың ыстығы болады» демекші, дәл қазір өңірімізде ауа райы жылы болғанымен, қыстың аты—қыс. Адамдар жұқпалы аурулармен жиі ауырып жүретін мезгіл. Оның үстіне бет қарыған аязбен басталған қыстың күрт жылынып кетуі де жұқпалы аурулардың өршуіне бір себеп. Барынша сақтанғандар ғана ауру жұқтырмай, жұқтырғандары жеңіл ауырып өтуі мүмкін. Ал адамзатқа ертеден таныс туберкулез ауруынан жыл он екі ай бойы сақтануға мәжбүрміз. Бірақ, қалай?
Ақтау қалалық №2 емхана туберкулез бөлімшесінің меңгерушісі Амира Төлемісованың айтуынша, ауырмау үшін мықты қорғаныс қабілеті керек.
— Бүгінде жастар арасында жүре тамақтанатындар көп,-деді ол.-Көшеден сатып алып жейтін донер, гамбургер сияқты жеңіл-желпі тағамдардың денсаулыққа зияны болмаса, пайдасы жоқ. Адамдар шұбат ішіп, ет жеп, неғұрлым табиғи тағамдармен қоректенсе, денсаулығы да соғұрлым мықты болмақ. Сондай-ақ таза ауада ұзағырақ жүріп, үйді таза ұстап, жиі-жиі желдетіп, күн сәулесін түсіріп отырған дұрыс. Ал егер адамның дене қызуы көтеріліп, екі аптаға дейін төмендемей, жөтел де кетпей, тершеңдік болса, кеудесі шаншып, ауырса, өзін әлсіз сезінсе, дереу дәрігерге қаралуы керек. Уақыт өткізуге болмайды. Емделу керек. Өйткені, туберкулез ауа арқылы, сөйлескен кезде түкірік арқылы жұғатын қауіпті ауру. Ем тегін бізде, дәрі-дәрмек те жеткілікті. Әрине, ауырып қалғандар ұзақ емделеді. Мұны науқас алғаш келген күні-ақ сөйлесіп, ескертеміз. Халық арасында туберкулез тұқым қуалайды деген түсінік бар. Бұл ауру тұқым қуаламайды. Бірақ жұқпалы болғандықтан балаларына жұғуы мүмкін. Сондықтан талдама қорытындысы бойынша науқасты есепке алған соң үйіндегі адамдарды тексеруден өткіземіз және алты ай сайын тексеріп отырамыз. Оларды флюрографиялық рентгенге түсіреміз жыл сайын. Сырқат адам аурудың қарқынды кезеңінде ауруханада болуы керек. Қазіргі жаңа бағдарлама бойынша туберкулездің жұқпалы емес түрімен ауыратын науқастардың 90 пайызы аяқтай емделуде. Ал ашық түрін жұқтырғандарды сол күні, 24 сағат ішінде ауруханаға жатқызамыз. Қақырығы тазарғанша ауруханада емделеді. Науқасқа ауруханада емделетін мерзімін айтамыз. Бірінші категориядағылар 6 ай емделеді, екінші рет қайталанса, 8 ай емеделеді, егер дәрілерге тұрақты туберкулез болса, 20 ай емделеді, кейде қажеттілігіне қарай 36 ай емеделетін кездері де болады. Ауруханадан шыққаннан кейін оның ыдыс-аяғы, киім кешегі бөлек болуы керектігін ескертеміз.
Амира Жаназарқызы келтірген мәліметке сүйенсек, өткен жылы емханада қаралған 62 науқастан туберкулез анықталған. Олардың біреуі 14 жасқа толмаған бала, ал үшеуі жасөспірім. Барлығы да туберкулезге қарсы күрес диспансеріне жатқызылған. Өкінішке қарай, олардың арасында екі науқас қайтыс болды. Туберкулезден қайтыс болатындардың көпшілігі ішімдікке салынған, емін уақытында алмаған, дұрыс ем қабылдамағандар. 2016 жылы көз жұмған Д. есімді науқас 2009 жылдан бері психиатрда есепте тұрған. Ата-анасы жоқ оны бауырлары бір бөлмеде қамап қоятын көрінеді. Үнемі аш отырғандықтан әлсіреген ағза ауруға ұшыраса керек, жүйке аурулары ауруханасына түскен кезде одан туберкулез анықталады да, науқас 26-тамыз күні тубдиспансерге жатқызылады, 1-қыркүйекте көз жұмады. Ауруы асқанған оны емдейтін де уақыт болмай қалған. Екінші науқастың да қосымша ауруы болып, сол дертінен қайтыс болған.
Екі жылдан бері «Project HOPE» жаһандық ұйымы Қазақстанда еңбек мигранттары арасында туберкулездің алдын алу мақсатында ауқымды жобаны жүзеге асыруда. Жоба аясында Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Шымкент, Қарағанды қалалары мен Алматы облысында жұмыс істеп жүрген шетелдіктерді туберкулезден тексеруден өткізіп, емдеу қолға алынған. «Project HOPE» 2015 жылы Ақтаудағы №2 емханамен келісім-шарт жасаса, өткен жылы №1 емханамен және Мұнайлы аудандық орталық ауруханасымен келісім-шарт жасап, туберкулез анықталған еңбек мигранттарын тексеруден өткізуге қаржы бөліп отыр.
Облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері бас дәрігерінің орынбасары Құндыз Киркимова Маңғыстау облысы бойынша Қазақстан азаматтығы жоқ 47 адамнан туберкулез ауруы анықталғанын жеткізді. Олардың отыз екісі туберкулезбен алғаш тіркелгендер. Бірақ барлығы бірдей еңбек мигранттары емес. Ал Ақтау қалалық №2 емханасы арқылы үш еңбек мигрантынан туберкулез анықталып, емделген. Оларды тексеруден өткізу «Project HOPE» жаһандық ұйымы есебінен жүргізіледі, ал туберкулезге қарсы күрес диспансерінде емделу барлық адамдар үшін әрдайым тегін. Еңбек мигранттары ауруханадан емделіп шыққаннан кейін де тегін емделеді, пәтер жалдап тұрғандарының жанында болған адамдар да тексеруден тегін өтеді. Құндыз Мұқашқызының айтуына қарағанда, Маңғыстауда бұл аурумен ауыру көрсеткіші жыл өткен сайын азаюда. 2015 жылы өңіріміз бойынша 396 ауру тіркелген, яғни, 100 адамға шаққанда 64,2. 2016 жылы бұл жөніндегі көрсеткіш 376 немесе 59,7 болып, 7% төмендеген. Бұл аз да болса, жетістік, насихат жұмыстарының нәтижесі болса керек. Алайда, денсаулық сақшылары тұрғындарды аурудың алдын алуға шақырудан жалығар емес. Ішіп-жер асы дұрыс, зиянды әдеттерден ада адамнан ауру да аулақ болар. Ал аталған ауру белгілері байқалса, дәрігердің көмегіне жүгінгеннен артық ем жоқ.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА