Ақтау қаласында Абай атындағы мәдениет үйінде мәуліт айына арналған рухани кеш өткізілді. Құран аяттарымен ашылған мазмұнды шарада облыс имамы С.Сейтбеков жиналған көпшілікті мәуліт айымен құттықтап, Пайғамбарымызды (с.а.с) ұлықтау айының қадір қасиеті жайында атап өтті. Зиядолла және Юнус есімді өңірдегі мешіт имамдары мешіт шәкірттерімен бірге мәуліт оқыды. Рухани кештің құрметті қонағы ҚМДБ өкілі Ерсін Әміре «Пайғамбарымызға деген махаббат» тақырыбында уағыз айтып, халықтың жүрегін адамзаттың асылы туралы әңгімесімен тебірентті.
Кеш барысында өңірдегі өнерпаздар имандылық жайында терме, толғаулар айтып, ақындар жырдан шашу шашты. «Ақжол» ХДП жастар қанатының әуесқой әртістерінің сомдауында « Жалғанда жақсылық жасау жақсы» тақырыбында сахналық көрініс қойылды.
Жиналған көрерменін үлкен әсерге бөлеген шара соңында облыс имамы С.Сейтбеков мешіт істеріне белсене қатысып жүрген БАҚ өкілдері мен өңірдегі қайырымдылық шараларына үнемі көмек қолын созатын кәсіпкерлерді Алғыс хатпен марапаттады.
Маңғыстау облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН