Шымкентте газдың жарылуынан көп пәтерлі барак опырылды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі ОҚО ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оtyrar.kz сайтының мәліметінше, Шымкентте 8 қаңтарда түнгі сағат 03:55-те ОҚО ТЖД кезекші бөліміне Халықтар достастығы көшесінде екі қабатты барак тәрізді үйде жарылыс (алдын ала болжам бойынша газ жарылған) болғаны хабарланған. Қираған үйдің аумағы 64 шаршы метрді құраған, - деп хабарлайды ОҚО ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
04:07-де оқиға орнына құтқарушылар келіп жеткен, олардың құрамында жеке құрамның 11 адамы және екі арнайы техника. Апатты-құтқару шаралары барысында төрт адам үйінділер арасынан шығарылған. Олардың үшеуі ауруханаға жеткізілген, ал біреуі ауруханада жатудан бас тартқан. Оқиға орнында бір адам қайтыс болды.
Үйінділер арасынан 2015 жылы туылған сәби табылған, бірер минуттан соң баланың әкесі табылды. Сол жерден нәрестенің анасы өлі күйінде табылды. 04:32-де және 04:53-те тағы екі адам үйінділер астынан шығарылды.
Апатты-құтқару шаралары барысында ОҚО Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері - 23 адам және 3 арнайы техника, апатты-құтқару жасағының 44 адамы және 6 арнайы техникасы (олардың ішінде кинолог мамандар мен иттер, медициналық-психологиялық қызметтің мамандары), өрт сөндіру және апатты-құтқару жұмысының - 17 адамы мен 4 арнайы техникасы, Апатты медициналық орталығының 3 қызметкері, 4 жедел жәрдем көлігі құрамында 16 адам және 4 арнайы техника тартылды.
ОҚО ІІД 30 қызметкері оқиға болған жерді қоршауға алды, сонымен қатар 4 энергетика және газ саласының мамандары осы аудандағы электр қуаты мен газды өшірді.
Дереккөз: Tengrinews.kz