Өндірісі өркен жайған «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының жанынан құрылған «Жас мамандар кеңесі» биыл берекелі бастамаларға ұйытқы болып, игілікті істердің бел ортасынан табылды. Жас мұнайшалар Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Жаңа жыл мерекесіне орай мұқтаж жандарға көмек қолын созып, қайырымдылық жасады.
Өткен демалыс күндері жас мамандар қолдарына қап-қап ұн,секер, сұйық май, макарон өнімдері сынды азық- түліктерді алып, көмекке зәру, тұрмысы төмен отбасылардың үйіне қарай бет алды. Алдымен 27 шағынауданда тұратын көп балалы ана Ләззат Еділбаеваның үйіне бардық. Қонақтарды құшақ жая қарсы алған Ләззаттың айтуынша, 5 баласының 3-і туғанынан ақыл-есі кем. Мүгедек балалардың күтімімен үйде отырған ана отағасының тапқан табысы мен балаларға алатын жәрдемақымен күн көріп отырғанын айтады. Мұнайшылар тұрмысы төмен отбасын мерекемен құттықтап, азық- түлік қоржындарын тапсырып, балаларға әкелген базарлықтарын да үлестірді.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында жалғызбасты, көп балалы ана Жаннат Тұрсынғалиева қайырымды жандардың көмегін көріп, қуанышқа кенелді. «Жас мамандар кеңесінің» белсенді мүшелері бұл үйге де азық- түліктер мен тәттілерді әкеліп, қамкөңіл балаларды қуантты.
– Жолдасыммен ажырасып кеттім. Жұмыс жасамаймын, мемлекеттен алатын жәрдемақымен ғана күн көріп отырмыз. Жолдасым алимент төлемейді. Қиын болса да 3 ұл, 2 қызымды өсіріп, жеткізу үшін жұмыс іздеп жүрмін. Үлкені – 13-те, кішісі 3–те. Кіші ұлыма балабақшаға тегін баруға мемлекеттен жеңілдік алдық. Сіздер сияқты кәсіпорындар арасында кем-кетігімізді жамауға көмектесіп тұрады. Жас та болса, бас болып, біз секілді мұқтаж, қоғамның осал топтарына көмек көрсетіп жүрген сіздерге алғыс білдіремін. Жаңа жылды мол жайылған дастархан басында қарсы аламыз деген сенімдемін. Ізгі ниет пен кең пейілдеріңізге рахмет,– деді Жаннат Тұрсынғалиева.
Ізгілікті іске білек сыбана кіріскен жас мұнайшылар түске таман 22 шағынауданда тұратын тұрмысы төмен, көп балалы үйге барды. Көңілдері жабырқау балалар жаңажылдық тәттілер мен қалта-қалта азық-түлік ұстаған аға-апаларын көріп, мәз- мейрам болды. Ізгі шараның шапағатын сезініп, көңілі көтерілген отбасының отанасы Қамар Айтжанова қайырымды жандарға алғысын білдірді. Отағасы 3 жылдан бері 2-топ мүгедегі. Жуырда ғана жұмысқа тұрған Қамар 6 баланы асырап, жолдасын күтіп-бағып отыр. Үлкен отбасының асыраушысы әңгіме үстінде жастармен емен-жарқын сөйлесіп, оларға аналық алғысын білдірді.
– «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамында 5 мыңнан аса қызметкер болса, соның 30 пайызын жастар құрайды. Жылдағы дәстүрімізге сай жоспарымызды жүзеге асыру мақсатында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан көмекке мұқтаж жандардың тізімін алдық. Оның ішінде тым тұрмысы төмен, көмекке аса зәру отбасыларды таңдадық. Компания тарапынан бөлінген және «Жас мамандар кеңесі» жинаған 200 мың теңгедей қаржыға ең қажетті деген тағамдарды және балаларға тәттілерді сатып алдық. Ата-аналардың алғысы өз алдына, балаларды қуантқанның өзі бір ғанибет емес пе?! Бала – өмірдің ажары, отбасының –базары, елдің – ертеңі. Сондықтан, олардың жарқын келешегі үшін жақсылық жасау, қайырым қылу – біздің борышымыз, – деді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаменттің маманы Ғани Әбдісадық.
«Жас мамандар кеңесінің» белсенді мүшелері қаладағы бірнеше тұрмысы төмен, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың үйіне барып, азық- түлік қоржындарын табыстады. Сондай-ақ осы күні мұнайшылар облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйіне барып, сыйлық үлестірді. Өнерпаз мұнайшылар ән мен жырдан шашу ашып, қамкөңіл жандармен би биледі. Жақсының шарапатын, жылулығын сезінгенде көңілдері бір серпіліп, жасап қалған қариялар жастарға ақжарма тілектерін айтып, батасын берді. Демалыс күндерін ізгілікті іс тындыруға арнаған жас мұнайшылар алдағы уақытта да осы игі дәстүрден жаңылмай, қолдан келгенше көмек көрсетуді мақсат тұтып отыр.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суретті түсірген автор