Кәсіпкерлік және сауда басқармасы мен «Даму» қорының аумақтық филиалының ұйымдастыруымен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде облыста іске асып жатқан шаралармен танысып қайттық.
Сырғыған уақытпен бірге шағын бизнестің үлес-салмағы да арта түсуде. Дерек келтірер болсақ, 2015 жылы кәсіпкерлеріміз 650 мың теңгенің өнімін шығарған екен. Бұл дегеніңіз, 2005 жылмен салыстырғанда 20 есе көп. Аймақтың жиынтық өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 10 жыл ішінде 8 %-дан 32 %-ға өсіп отыр. Үкімет тарапынан көрсетілер қолдау-көмек аясы да жыл санап артып келеді.
Ақтаудың іргесіндегі «Приозерный» кентінде шұжық шығаратын цехтың тыныс-тіршілігі –осының бір мысалы. Шағын цехтағы қарбалас қимыл, біз көрмеген жабдықтардың ырғақты дыбысы, бір-бірімен байланыстағы өнім шығару тізбегі көңілде ерекше әсер қалдырды.
— Алғашқыда ғимыратты жалға алып жұмыс жасадық. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы шеңберінде ет өнімдерін шығарушыларға көрсетілетін көмекке сүйене отырып, мемлекеттің қолдауымен 6 пайыздық жеңілдікпен несие алдық. Кең көсіліп, тынысымыз кеңіп, арман еткен жабдықтарға қол жеткіздік, — дейді жеке кәсіпкер, цех басшысы Амангелді Тасқынбаев.
Несие арқылы қолына тиген 65 миллион теңгеге осы ғимыратты сатып алыпты. Ішіне германиялық жабдықтар орнатқан. Сапасы жақсы болған соң, бағасы да жоғары , әрине. «Арзанның тұзы татымас» деген, қытайлық құрал-жабдықтарға жолағысы келмеді. Оң нәтижесін көріп отыр бүгінде.
— Шұжықтың он бес түрін шығарамыз. Халал стандартқа жатқасын ба өтімі де жақсы. Күніге 200-250 килограм шұжықты сауда нүктелеріне жөнелтіп отырмыз. Алдағы уақытта қалбырдағы ет өнімдерін шығармақ ойымыз бар. Қазы, кептірілген шұжық түрлерін тапсырыспен дайындаймыз. Май орнына қойдың құйрығын пайдаланамыз. Сиырды тірідей таңдап, өзіміз сойдырамыз. Цехымыз шағын. Төрт-ақ адам еңбек етеді, – деп Әбекең алдағы жоспар, мақсатымен бөліскен.
«Сұлтан» деген атпен шығып жатқан шұжық түрлерінің де дайындалуы мерзімі әр түрлі. Үш күннен бастап, қырық күнге дейін бабында ұсталатындары да бар. Бағасы 1 мың 1,5 мың теңге шамасында. Ең бастысы, халал. Сақталу мерзімі де қысқа -10-15 күн шамасы.
Цех басшысы қазіргі ынта-қарқынмен, жоғары сұраныспен 10 жылға алған 65 миллион несиені уақытында қайтаратынына бек сенімді.
Болат Үмбетов Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="16692,16690,16688,16685,16681,16679"]