«Қазақстанда жасалған» әрбір бұйымда төрт қасиет- сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болуы керек. Сонда ғана ісіміз өнімді, затымыз өтімді болады.
Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму Жолдауынан
Өткен сәрсенбіде «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында бой көтерген үй құрылысы комбинаты пайдалануға берілді. Отандық өнімнің өрісін кеңейткен комбинатты облыс әкімінің орынбасары Рақымбек Әміржанов салтанатты түрде іске қосты.
Өңірде өндірілетін темір бетон бұйымдары мектеп, аурухана, тұрғын үй, өндірістік ғимараттар және өзге де нысандар салуға қолданылады. Озық үлгідегі «Spancrete» америкалық технологиясымен жабдықталған комбинатта күніне 200 дана темір бетон жабындысы шығарылады.
— Өңірімізде әртүрлі технологиямен жұмыс жасайтын 3 үй құрылысы комбинаты бар. Елімізде тұрғын үй бағасы құрылыс материалдарына тікелей байланысты.Оның бағасын түсіру үшін өнім өндірушілер арасында бәсекелестік болуы керек. Елбасы Н.Назарбаевтың арнайы экономикалық аймақтарды дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес кәсіпкерлерге жергілікті билік тарапынан қолдау көрсетілуде. Бүгін ашылатын комбинат қазіргі заманға сай жетілген әдіспен өнім шығарып, тұрғындарды жаңа жұмыс орындарымен қамтып отыр. Ерекшелігі – көлемін тапсырыс берушінің қалауынша жасап береді, – деді облыс әкімінің орынбасары Рақымбек Маршалұлы.
Арнайы экономикалық аймақта 7 гектар аумақты алып жатқан комбинаттың өнім өндіруіне қажетті шикізат көздері, яғни шебін Шетпе мен Таушық ауылынан, құм Баяндыдан жеткізіледі. Құны 360 млн.теңгені құрайтын жаңа кәсіпорынға өндірістік оқу- тәжірибеден өткен 14 маман жұмысқа қабылданған.
— Қуаттылығы жоғары мұндай комбинат Америка құрама штаттарында, Араб әмірлігінде, Индияда, Оңтүстік Кореяда және біздің елімізде Атырау облысында ғана бар болатын. Кәсіпорынның жылына 44 мың шаршы метрге қолдануға жететін темір бетон жабындысын шығаруға қуаттылығы бар. Осындай бағытпен облыстың, республиканың қажеттілігін өтеп, Түрікменстан, Өзбекстан, Ресей мемлекеттеріне экспорттауды жоспарлап отырмыз. Арнайы экономикалық аймақта болғандықтан салықтан босатылып, мемлекеттің жеңілдіктеріне ие болдық. Сондықтан да төзімді, сапалы, бәсекеге қабілетті өз өнімдерімізді нарыққа арзан бағада ұсына аламыз, – деді Ақтау үй құрылысы комбинатының директоры Вячеслав Цой. Оның айтуынша, комбинат алдағы екі айға тапсырыстар алып үлгерген. Келер жылдан бастап жұмысшылар қатарын арттырып, үзіліссіз 3 ауысымда жұмыс жасап, іргеқабат блогын, баспалдақ, тіреуіш, балок және өзге де темір бетон бұйымдарын өндіруді жоспарлап отыр.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН